• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
15 Наурыз, 2017

Қазақстанда стартаптар саны күрт көбейді

470 рет
көрсетілді

2016 жылы Қазақстанда ашылған жаңа кәсіпорындар саны 4,5 мыңға көбейсе, 2017 жылдың қаңтарында бұл көрсеткіш тағы 2 мыңға артты.

2015-2016 жылдарда жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жұмыстарын тоқтатып тастауына мәжбүр болғанына қарамастан, өткен жылы жаңадан ашылған кәсіпорындар саны күрт көбейді.

Сонымен қатар, елдегі экономиканың бәсеңдеуі де бастауыш кәсіпкерлерге кедергі болмай тұр. 2016 жылы жаңадан ашылған бизнес саны 4,5 мыңға көбейген (16 пайыз). Бұл 2013 жылдан бергі ең ірі өсім ретінде тіркелді.  Ол кезде республика бойынша бір жылда 5,8 мың жаңа кәсіпорын ашылған.

Ал 2017 жылдың бір ғана қаңтарында бизнеске жаңадан 2,1 мың кәсіпорын келіп қосылған.

Жалпы, елдегі бизнес қазір "жаңарып" жатыр. Қазіргі таңда жаңадан ашылған кәсіпорындар саны жалпы кәсіпорындар санының 14 пайызын құрайды. Ал бес жыл бұрын бұл көрсеткіш 9,2 пайыз болған еді.

Ал бизнестің жабылуына келер болсақ, 2015 жылдың қорытындысы бойынша, өз жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болған кәсіпорындар саны 14 мыңға жеткен. Бұл нарықтағы кәсіпорын санының 23 пайызы. Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылғы теңгенің еркін айналымға жіберілуінен көптеген бизнес нарықтан шығып кетуге мәжбүр болған еді.

2016 жылы жұмыстарын тоқтатқан кәсіпорындар саны 2,3 мыңды құрады. Бұл жалпы көрсеткіштің 3 пайызы.

Жалпы, 2016 жылы стартаптың көбеюіне басты себеп шағын бизнестің артуы. Бұл секторда былтыр 4,7 мың жаңа кәсіпорын ашылған.

Ал ірі кәсіпкерліктер керісінше, өсім көрсетпейді. Орта кәсіпорындардың саны 86-ға азайса, ірі бизнес 16-ға кеміген.

Салалар бойынша ең көп стартап сауда мен қызмет көрсету саласына тиесілі. 2016 жылы көтерме және бөлшек саудаға жаңадан 4,5 мың бизнес кірген. Ал қызмет көрсету саласындағы өсім 1,3 мыңды құрайды.

Сонымен қатар былтыр ауыл шаруашылығы саласында да жаңа кәсіпкерлер пайда болып, олардың саны 1 мыңға артты.

Бір қызығы, жаңа кәсіпорындардың пайда болу жағынан кәсіби және ғылыми қызмет және білім беру саласы көшбасшылар қатарында. Бір жылда бұл сала тиісінше 633 және 289 кәсіпорынмен толыққан.

Естеріңізге сала кетейік, қазіргі таңда Қазақстанда жаппай кәсіпкерлікке тарту бағдарламасы жүріп жатыр.