• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
15 Наурыз, 2017

Головкин: Шаршы алаңда өзіңе деген сенімділік болу керек

200 рет
көрсетілді

WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкиннің (36-0, 33 КО) Big Bear лагерінде өткізген жаттығуларына қарап WBA (Regular) белбеуінің иегері америкалық Дэниел Джейкобсты (32-1, 29 КО) жеңетінін алдын ала білуге болады, деп жазады LA Times басылымы. «Бізге келіп жаттығатын таланатты жастар көп. Бірақ олар менің жасағанымды қайталай алмайды. Жастар үшін бұл тым күрделі. Мұнда келгендер менің өзгеше дайындалатынымды біледі. 34 жасқа келсем де, жоғары деңгейде жаттығып жүрмін, әрине бұл мені қуандырады», – деді Головкин. GGG-дің күшіне шек келтіруге болмас. 36 жекпе-жектің 33-ін мерзімінен бұрын аяқтап, 23 кездесуін қатарынан нокаутпен жеңген, деп жазады LA Times. «Уақыт өте келе бәлкім қарсыластарымның соққыларын сезінетін болармын. Мүмкін сол кезде жүрексінетін шығармын. Бірақ қазіргі уақытта өзімді барынша күшті сезіну үшін тынбай жаттығып жүрмін. Қарсыластарымның соққысына төтеп беру үшін иегім мен мойнымның бұлшық еттерін жиі шынықтырамын. Себебі, бір ғана соққы жоспарымның күл-талқанын шығаруы мүмкін», – деді қазақстандық боксшы. Геннадий соңғы спарринг кезінде екінші орта салмақтағы британ боксшысы Джордж Гроувстің қабырғасын сындырыпты. Ал соңғы жекпе-жегінде қарсыласы Келл Бруктың көзін шығара жаздаған болатын. «Бұл жерде көп нәрсе тек күшке ғана байланысты емес. Шаршы алаңда өзіңді ұстауың, сенімділігің болу керек», – деді ол. Айта кетейік, Головкин 18 наурызда Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында америкалық Дэниел Джейкобспен жұдырықтасады. Елімізде бұл кездесуді «Қазақстан» және «KazSport» телеарналары 19 наурызда 08:00-де тікелей эфирде көрсетеді.