• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
15 Наурыз, 2017

Көлік жүргізу мәдениеті қашан қалыптасады?

459 рет
көрсетілді

Жол-көлік апаты көбеймесе, азаяр емес. Әрине, сарапшылар жол бойында кездесетін және жол жүрісі кезіндегі орын алатын небір кемшіліктер мен түрлі келеңсіздікті жою мүмкін емес дейді. Өйткені, жолдағы келеңсіздіктер салдарынан талай жан опат болатын апаттар саны жыл өткен сайын арта түсуде. Сонда еліміздің жолдарында тәртіп мүлдем жоқ болғаны ма? Тәртіп жоқ деп тағы айта алмайсыз. Және күн сайын емес, тіпті сағат са­йын емес, минут сайын жол-көлік апа­ты­нан адам шығыны болады дегенге сенгіңіз де келмейді. Бірақ сен­беске де амал жоқ. Үлкендердің өзін айт­паған­да, болашағымыз бала десек, сол жолдарда әр төрт минут сайын бір бала қаза табады екен. Олардың, бұған қоса, тағы жүздегені түрлі жарақат ала­ды. Жарақаттарынан айығып кетсе жақ­сы, ал мүгедек болып қалатындары қан­шама. Ол балалар сіздің де балаңыз немесе немереңіз болуы әбден мүмкін. Жаныңыз түршігеді. Ендеше, бұл мәселеге кез келген адам немқұрайлы қарамауы тиіс. Әлбетте, айтып келмес бұл қасірет кез келген адамның басына түсуі бек мүмкін. Бұл – бәріне ортақ мәселе. «Сен басшысың, сен бағыныштысың» деп жол апаты айырып тұрмайды. Қараңыз, тек 2011 жылмен 2015 жыл аралығында Қазақстанда жол апа­ты­нан 1 133 бала қаза тапқан, бұл қаза бол­ғандардың жалпы санының 10 пайы­зын құрайды, олардың ішінде 730-ы – мектеп оқушылары. Аз сан емес. Балалардың көбін көлік қаққан. Көлденеңнен келген апат жас ғұмырды көктей үзіп жіберетіні неткен өкінішті. Соңғы жылдары жол-көлік апаты­нан опат болғандардың саны Ауған­стан соғысындағы он жылда қаза тап­қан­дардың санынан әлдеқашан асып кет­кен. Сонда қарасаңыз, жолдарда май­дан­сыз соғыс жүріп жатқандай. Ал енді, қайт­кенде бұл қасіреттің алдын алуға болады? Бұл мәселе жайында алаңдап, бас қатырып жатқан мемлекеттік тиісті органдар да жоқ емес. Соның бірі – Бас прокуратураның жанындағы Құ­қық қорғау академиясы. Олар Жол жүрісі қауіпсіздігінің ұлттық тұжырым­дамасын да жасап шыққан. Осы Ұлттық тұжырымдамадан байқағанымыздай, егер билік бұл мәселеге нақты назар аударып, білек түре кіріссе, қандай қасірет болсын, оның алдын алуға, санын азайтуға кепілдік бар екен. Біріншіден, барлық сарапшы біткен бір тұжырымға келгендей, алдымен, жолдар нақты талапқа сай болуы қажет. Әр көлік жүретін жолда жаяу жүргіншілер өтетін жер асты не жер үсті өткелдері міндетті түрде салынуы керек. Мұндай өткелдердің болмауы адамдарды ажалға итермелеумен бірдей. Мүкіндігінше көше қиылыстарында көліктер кедергісіз өтіп кететіндей жағдай жасалса, жол апатының 80 пайызы бірден кемір еді. Өйткені, жол-көлік апатының дені осы жол қиылысында орын алып жатады. Сөзімізге дәлел, 2011 жылмен 2015 жыл аралығында ел аумағында 88 814 жол апаты болып, оларда 13 894 адам қаза тапқан, олардың ішінде жаяу жүргіншілер 5000-нан астам. 25 мыңнан астам адам жарақат алған. Жол-көлік оқиғасынан келген экономикалық шығынды Азия даму банкі 2012 жылғы ІЖӨ-нің 3,5 пайызы мөлшерінде деп бағалапты. Сонда, қазіргі жолдардағы ЖКО-ларға сай есептесек және соған сай жүйелі шаралар қабылдамаған жағдай­да Қазақстан 2022 жылға дейін тағы 21 мың­ның үстінде адамынан айы­рылып, 266 мың адам жарақат алуы әбден мүмкін көрінеді. Бұған қоса, жыл сайын еліміздің жолдарында орта есеппен 17 жасқа дейінгі 160 бала қаза табатындығын да ұмытпаған жөн. Көше жолдарының сапасы да сын көтермейді. Ал жалпы жолдарды салу мен реконструкция­лауға соңғы бес жылда 1,8 трлн теңге жұмсалған екен. Автожол саласын­дағы жобаларды іске асыруға «Нұрлы жол» мемлекеттік инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы шеңберінде 2016 жылы Ұлттық қордан 151,3 млрд теңге қаражат бөлінген... Жол­дың талапқа сай еместігінен, тар­лығынан, нашарлығынан адамдар зар­дап шегуде. БДҰ-ның мәліметтері бо­йын­ша, жолдардағы барлық өлім-жітім жағдайларының жартысы мото­цикл жүргізушілерге (23 пайыз), жаяу жүр­гін­шілерге (22 пайыз) және вело­сипед­шілерге (4 пайыз) тиесілі екен. Ал Қазақстанда жаяу жүргіншілердің опат болуы 34 пайызды құрайды делініп отыр. Әрине, жол-көлік апаттарының бәрін бірдей жолдың сапасыздығына теліп қоюға болмас. Бұл жерге бірінші кезекте жүргізу мәдениетінің жетіспей жататыны жасырын емес. Ал жолдар жыл сайын дерлік жөнделеді. Яғни, заң бар, қаражат жеткілікті, жұмыс жүріп жатыр. Бірақ, сапасыз салынғандықтан, тез бүлінеді. Ал одан кінәсіз адамдар зардап шегіп жатады.Ойланатын тұстар көп... Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»