Халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы ел экономикасының дамуына тікелей байланысты екені белгілі. Ал жағдайдың жақсаруы үшін мемлекет халық үшін барлық тиімді де оң істерді жүзеге асырып келеді. Соның бірі – азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тұрақты және уақытша тіркеу мәселесі. Бұл мәселе де бүгінде жұртшылық тарапынан кең түсіністік тауып, жаппай қолдауға ие болды.
Оның негізі өткен жылғы 22 желтоқсанда Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңнан бастау алған болатын. Заңның биылғы 7 қаңтарда күшіне толықтай енгені мәлім.
Осылайша елімізде азаматтарды тіркеу міндеті қызу қолға алынды. Дегенмен, уақытша тіркеу туралы әртүрлі пікір айтылғаны рас. Ал біле-білген жанға бұл тіркеудің негізгі мақсаты – бір жерден екінші жерге түрлі себептермен келген адамдардың санын білу. Сол арқылы аймақты дамытудың мемлекеттік және өңірлік бағдарламасын дайындау барысында әр елді мекеннің даму әлеуетін анықтау үшін ондағы азаматтар санын нақты есепке алу болып табылады. Осы негіздер есептеле келе, жұмыс орнын ашу, мектеп, аурухана салу және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарды дамытуды жоспарлау да жүзеге асады.
Бір сөзбен айтқанда, мұның бәрі адамдардың игілігі үшін керекті іс. Өйткені, өркениетті елдер тәжірибесіне қарар болсақ, осы аталған жағдайлардың бәрі реттеліп қойылған соң оларда еңбек өнімділігі де, жаңа жұмыс орындарын табу мүмкіндігі де өте жоғары. Соған сай еңбекақы төленетіні белгілі. Адамдар тұрмысының деңгейі, әл-ауқатының көрсеткіші еңбекақының мөлшеріне байланысты десек, белгілі бір өңірде қанша адамның нақты тұратындығын, жұмыс істейтінін айқындау аса маңызды.
Міне, бұл орайда адамдарды тұратын жері бойынша тіркеудің өзіндік тиімді жақтары барлығы бірден байқалады. Еліміз ішінде бір жаққа бір айдан астам уақытқа сапарлап барған адам міндетті түрде сол тұратын жері бойынша тіркеуге алынуы тиіс. Мұндай тіркеу әлем бойынша қалыптасқан үрдіс. Оның үстіне біздің елімізде де тұрғылықты жері бойынша немесе уақытша тұрған жері бойынша тіркеу заңмен қарастырылған.
Дей тұрғанмен, қазір азаматтарды тіркеуге қатысты туындап отырған мәселе бар екені де жасырын емес. Өйткені, жаңадан салынған үйлердің тиісті құжаттары бірден дайын болмайды, сол себепті осындай үйлерде тұрып жатқан азаматтар тұрғылықты жері бойынша уақтылы тіркеле алмайды. Осы жағдайға байланысты Ішкі істер министрлігі Жоғарғы сот, Бас прокуратура, Әділет министрлігі арнайы шешім қабылдаған. Ол шешімге байланысты жаңадан салынған үйлерде тұрып жатқандарды жауапкершілікке тарту дұрыс емес екендігі анықталған. Сөйтіп, осы шешімге сәйкес облыстардағы көші-қон полициясы бөлімшелеріне тиісті түсініктемелер берілген.
«Бұған қоса, Үкімет қаулысының жобасына толықтыру енгізілді. Ол уақытша тіркеуге жатпайтын азаматтардың санатын қарастырады. Бұлар 16 жасқа толмаған балалар, науқас азаматтар және емделуде жатқандар, вахталық әдіспен жұмыс істейтіндер және әскердегі сарбаздар», дейді Ішкі істер министрлігінің өкілі.
Халықтың кезекте тұрмай тез тіркелуі үшін онлайн қызметі де жүзеге асты. Бұған дәлел бүгінгі күні Қазақстанның «Электронды үкімет» порталында
eGov.kz азаматтардың тұрғылықты жері бойынша уақытша тіркелу қызметі қолжетімді. Бір сөзбен айтқанда, барлық жағдай жасалды. Қазіргі күні барлығы 1 млн 227 мың
539 азамат тіркеуден өтті. Бұл көңіл көншітерлік сан емес. Сондықтан ІІМ Көші-қон полициясы уақытша тіркелмеген азаматтарға наурыз айының ортасынан бастап айыппұлдар сала бастаймыз деген болатын. Жоғарыда аталған заң шеңберінде «Халықтың көші-қон туралы» Заңға (51-бап) уақытша болатын жері бойынша тіркелу міндетін енгізу бөлігінде, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекске (492-бап), уақытша болатын жері бойынша күнтізбелік 10 күннен бастап бір айға дейінгі мерзімге тіркеусіз тұрғаны үшін ескерту түрінде, бір айдан асса, 7 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салу енгізілді. Бірақ енді Ішкі істер министрлігі қазіргі уақытта қолданыстағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 желтоқсандағы №1427 қаулысымен бекітілген ішкі көшіп-қонушыларды тіркеу қағидаларына толықтырулар енгізілуде дейді. Азаматтарды уақытша тіркеуге қатысты толықтырулар енгізілген осы қаулы жобасы Үкіметте қаралу үстінде көрінеді. Соған байланысты айыппұл салу мерзімі де нақты анықталмақшы екен.
Ал аталған заң талабын сақтамаған адам әкімшілік жазадан құтыла алмасы анық. Жалға берушілер егер пәтер жалдаушыларды тіркемесе, оларға 10 АЕК (22 690 теңге), ал азаматтарға 15 АЕК (34 035 теңге) көлемінде айыппұл салынуы әбден мүмкін. Сондықтан да заң талаптарына бағынған адамның артық проблемасыз өмір сүретіні анық.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан»