«Қорғас – Шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймағы (ЕЭА) Вьетнамнан Қазақстан аумағы арқылы Еуропаға тауар жеткізу көпіріне айналып келеді.
Таяуда «Вьетнам теміржолдары» МК бас директорының орынбасары Фан Куок Ань бастаған Вьетнам теміржолшылары «Қорғас – Шығыс қақпасы» ЕЭА нысандары мен Алтынкөл стансасында болды. Сондай-ақ, делегация Алматыда өтіп жатқан Теміржолдар ынтымақтастығы одағы (ТЖЫО) кеңесі аясында ЕЭА нысандарын аралады.
Вьетнам теміржолшылары Құрғақ порт, логистикалық және индустриялық аймақ, мониторингілік орталық, жеңілдіктер мен преференциялар, көлік логистикалық хаб мүмкіндігі, Алтынкөл – Қорғас шекаралық өткелі жұмысымен танысты.
Өз кезегінде Фан Куок Ань «Қорғас – Шығыс қақпасы» ЕЭА мүмкіндігін, Қазақстан – Қытай теміржол шекаралық өткелі жайын жоғары бағалап, Шығыс Азия мен Еуропаны жалғайтын хабтың болашағы зор екендігін атап өтті.
Делегация басшысының айтуынша, АСЕАН елдері Еуропаға Қытай, Қазақстан аумағы, әсіресе, Қорғас арқылы транзиттік та-
уарларды өткізуді қалайды. Вьетнам ЕАЭО елдерімен еркін сауда айналымы туралы ресми келісімге қол қойған. Бұл өз кезегінде тауарлардың Шығыс және Батыс Еуропа елдерінен жеткізілуін жеңілдетеді.
Оның сөзіне қарағанда, биылғы жылдың өзінде Вьетнам тауарлары Қорғас арқылы Қазақстанға, одан әрі Орталық Азия елдері және Еуропаға шығады.
«Біз қазақстандық астықты және басқа да тауарларды құрлықпен темір жол көлігімен Ляньюньган портынан түсірмей-ақ, Ханойға жеткізуді жоспарлаудамыз. Биылғы жылы алғашқы пойызды шығарып, одан кейін оны тұрақты жүргізетін боламыз», – деді Фан Куок Ань.
Қазақстан, Қытай, Вьетнам аумағымен транзиттік тасымалды Дундань (Вьетнам) – Пэнсэн (Қытай) – Достық және Алтынкөл (Қазақстан) шекаралық өткелдері арқылы жіберудің болашағы зор.
«Бізге Вьетнам нарығы өте тартымды. Контейнерлік пойызға басымдық береміз. Яғни, Елбасы Жолдауында айтылғандай, транзиттік және контейнерлік тасымалды дамытуға мүдделіміз», – дейді «ҚТЖ» ҰК» АҚ президентінің кеңесшісі Аманжол Ибрагимов.
Айта кетейік, биылғы 20 ақпанда Вьетнам астанасы Ханойда «ҚТЖ» ҰК» АҚ президенті Қанат Алпысбаев Вьетнам Көлік министрі Чыонг Куанг Нгия және «ВТЖ» МК бас директоры Ву Та Тунгпен кездесіп, көлік саласындағы өзара серіктестікті дамыту туралы пікір алысып, нәтижесінде, екі елдің темір жол саласындағы әкімшіліктері арасында серіктестік туралы меморандумға қол қойылған болатын.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»