• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
16 Наурыз, 2017

Қостанайда салт-дәстүрлер туралы байқау өтті

924 рет
көрсетілді

Қостанайда Л.Толстой атындағы облыстық әмбебап кітапханада Наурыз мерекесіне орай студенттер арасында қазақ халқының дәстүрлері туралы байқау өтті. Оған қаладағы жоғары оқу орындарының, колледждердің студенттері қатысты. Байқауға қатысқан студент жастар - облыстық кітапхананың оқырмандары. Жастар байқаудың шарты бойынша өздерін таныстырып, қазақ халқының тұсау кесу, бесікке салу, қыз ұзату, келін түсіру секілді салт-дәстүрлерін көрсетті. "Әрине, қазір ұлтымыздың салт-дәстүрлерін кім білмейді?» деушілер де табылады. Ал жастарды әңгімеге тарта келгенде білмейтіндері көп болып шықты. Сондықтан осы байқауды өткіздік", - дейді байқаудың демеушісі әрі ұйымдастырушылардың бірі «Шаңырақ-Қостанай» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Қарлығаш Балапанова. «Біз оқырман жастарға байқау туралы хабарландыру айтқанымызда, олар қуана келісті. Дәстүрді жақсы білетіндіктерін айтты. Бірақ халқымыздың ұмытылып кеткен дәстүрлері де жетерлік екен. Олар туралы аз білетінін жастар байқау кезінде ғана сезді», дейді облыстық әмбебап кітапхананың сектор меңгерушісі Зәріпгүл Смағұлова. Жастар әсіресе, викториналық сұрақтар кезінде көп мүдірді. Қазақтың «ұйқыашар, селтеткізер, қазан жарыс, көбентүп» секілді толып жатқан салттары қазір байқала бермейтіні де айтылды. Дегенмен, жастардың байқауға жақсы дайындалып, көп ізденгені байқалды. Қазылар алқасы бас жүлдені Қостанай педагогика институты Филология факультетінің командасы мен Жанар Жұмабайға берді. Бірінші орынды А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекетік университеті қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының студенттері командасы мен Алмагүл Ақылбек, екінші орынды Гуманитарлық колледж командасы мен  Балжан Әнуарбек, үшінші орынды Қостанай педагогика колледжі мен  Әлиза Сейдахмет алды. Нәзира Жәрімбетова, «Егемен Қазақстан»