• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
17 Наурыз, 2017

Арулар мекені Амал мерекесін атап өтті

288 рет
көрсетілді

Бұрын батыс өңірге тән Амал мерекесі – Көрісу күні қазіргі таңда еліміздің біраз айма­ғына жұғысты бола бастады. Ұлттық мереке, дәстүр, әдет-ғұрыпқа ерекше мән беретін Алматыдағы Қыздар университеті де жақсы мерекені дәстүрге айналдырып жүр. Биыл да таңнан Қыздар университетінің ұжымы бір-бірімен құшақ жая амандасып, айдан аман, жылдан есен шыққанына қуанып, ақ тілектер айтып, ән мен күй тербелген айрықша жағдайда атап өтті. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры Динар Нөкетаева мерекенің маңыздылығына тоқталып, соңынан ерген сіңлілеріне: – Бұл мерекеде дәстүр бойынша, ағайын-әулеттің бас иесіне, ауыл-аймақ ауылдың үлкен ақсақалына, жасы кішілер үлкендерге арнайы барып, хал-жағдайларын, отбасы амандығын сұрап, қол беріп көрісіп, «бір жасымен» құттықтап, ақ баталарын алған керемет дәстүр! Алысты жақындататын, өкпені кешіретін, татулықты арттыратын қандай тамаша мереке. Біз дәстүрімізді сақтау, Ұлыстың ұлы күнін қадірлеу арқылы ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүрімізді сақтай отырып, ұр­пақ­тан-ұрпаққа мирас ете аламыз. Амал мере­кесімен басталатын Наурыз елімізге құт-берекесімен, молшылығымен келіп, әрбір шаңыраққа қуаныш пен шаттық сый­ласын, – деді. Көрісумен басталған Амал мерекесі бір емес, Арулар ордасының бірнеше ғимарат­тарында атап өтілді. Өнерпаз қыздар әннен шашу шашса, жігіттер күмбірлете күй шертті. Қыздар университетінің аузы дуалы апа-әжелеріміз қасиетті адыраспан шөбімен «Аластау» рәсімін жасап, «Басымызға баян­ды бақыт қонсын!» десе, оқу орнының ақса­қалдары «Жаңбырмен жер көгерер, батамен ел көгерер» дейтін дана халқымыздың салтыменен жастарға ақ батасын берді. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ