Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Абдрахманов апталық брифингте осы айдың 15-інде Астраханьда Нұрсұлтан Назарбаев пен Дмитрий Медведевтің қатысуымен Қазақстан және Ресей аймақаралық ынтымақтастықтың VІІI форумы өтетінін хабарлады.
Алдағы іс-шараның негізгі тақырыбы – «Трансшекаралық сипаттағы төтенше жағдайларға бірлесе ден қою» деген ресми өкіл мемлекет басшыларының екіжақты кездесуінің барысында Қазақстан мен Ресейдің 2011-2012 жылдарға арналған Бірлескен іс-қимылдар жоспарының орындалу барысы, отын-энергетикалық кешен мәселелері, «Байқоңыр» космодромы бойынша шарттық-құқықтық базаны жетілдіру, трансшекаралық су объектілерін пайдалану мен қорғау, интеграциялық бірлестіктер шеңберіндегі ықпалдастық және басқа да мәселелерді талқылау жоспарланып отырғанын мәлім етті.
Сонымен қатар, форумның пленарлық отырысының қорытындысы бойынша бірқатар екіжақты келісімдерге қол қойылады деп күтілуде.
«Егемен ақпарат».