– Біз ұлттық мәдени орталық болғанмен, өзгелермен салыстырғанда жағдайымыз мәз емес, – дейді Айман апай, – қазақтың қолөнері ешкімге керек болмай қала ма деп алаңдаймын. Кәдімгі алаша тоқу, түскиіз жасауды ұрпаққа мұра ретінде қалдыру үшін бұл өнерді үйрету керек. Осы мақсатта семинар тренингтер де өткіздік. Келушілердің саны да өте көп болды. Айман апай екеуміз жертөлеге қарай түсіп келе жатырмыз. Бұл қала орталығындағы үш қабатты үйдің жертөлесі. Есік алдында желтоқсан қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтың тастан қашалған мүсіні тұр. Мүсіннің алдынан үнемі алқызыл гүлдер үзілмейді. Елі үшін өмірін қиған ұлына халқының да құрметі ерекше екендігін осыдан-ақ байқауға болады. Жертөледегі ұзын дәліздің бойымен жүріп, түпкі бөлменің есігін аштық. Мұнда қалалық “Айша бибі” қазақ ұлттық мәдени орталығының мұражайы орналасқан екен. Мұражай ішінде қазақ халқының өміріне қатысты дүниенің бәрі бар. Бір бұрышта киіз үй тұр. Оның ішінде жиналған жүк, әдемі түскиіздер, қолдан тоқылған алашалар. – Біз ұлттық мәдени орталық болғанмен, өзгелермен салыстырғанда жағдайымыз мәз емес, – дейді Айман апай, – қазақтың қолөнері ешкімге керек болмай қала ма деп алаңдаймын. Кәдімгі алаша тоқу, түскиіз жасауды ұрпаққа мұра ретінде қалдыру үшін бұл өнерді үйрету керек. Осы мақсатта семинар тренингтер де өткіздік. Келушілердің саны да өте көп болды. Елімізде тұңғыш рет қазақ халқының қолданбалы қолөнеріне қолдау көрсету және дамыту мақсатында Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнография, табиғи ландшафт қорық-мұражайында арнайы орталық құрылған еді. Бұл орталықтың құрылуына мұрындық болған “Шеврон” компаниясының “Алтын жүрек” тендерін аталмыш мұражай ұтып алған. Меценат компанияға жоба ұсынушы “Айша бибі” қазақ мәдени ұлттық орталығының төрайымы Айман Боқбасарова болатын. Бұл кісі қазақ халқының қолөнерін ел арасына кеңінен таратумен қатар, қаладағы мүгедек балалар интернатына да барып, денсаулығы кем балаларға болашақтарына бір кәсіп болсын деп осы қолөнерді үйретумен айналысады. Айман апай көрмеден текемет алып көрсетті. Қазір ел арасында мұндай текеметтер үлкен сұранысқа ие бола бастапты. Оның бір дәлелі, жақында ғана оралмандарға арналған арнайы мекеменің ашылу салтанатында “Айша бибі” ұлттық мәдени орталығының мүшелері дайындаған қолөнер туындыларының бірден сатылып кетуі. Айман апайдың айтуынша, текемет үшін кәдімгі жүн түтіп, оны сабай білуің қажет. Ең бастысы, шикізат, жүн керек. Егер жүн молынан болса оны түрлі-түсті ғып бояп, кептіріп, алаша тоқып, бөстек жасауға да болады. Осы жерде айта кетер бір мәселе, қазір кез-келген қазақ ауылдары малдың етін, сүтін саудалағанмен тері мен жүнді өткізе алмай зар болып отыр. Ендеше, бұл жерде салт-дәстүр, тұрмыс-тіршілік тікелей экономикамен байланыстылығын ұмытпау керек. Жаңағы айтылған тері мен жүн проблемасы ауылдарда өз шешімін тапса, ұлттық өнерді дамыту мәселесі демеушілер мен меценаттарға қарап отырмасы анық. Мәселен, Семейде жүн алатын “Роза” ЖШС бар. Бірақ ол Шығыс өңірінің бүкіл ауылдарын қамти алмайды. Бірақ, оның жүннен шығаратын киіз, туырлық, пима сияқты өнімдері үлкен сұранысқа ие. Айман апайдың айтуынша, орталықтағы бірден-бір қолөнер шебері Нағима Омарғалиева екен. Ол кісі еңбек ардагері, шебер-тоқымашы, тігінші. Алматыда Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, “Шеврон” компаниясының демеушілігімен өткен “Қазақстандағы халықтық қолөнер түрлерінің жаңғыруы мен дамуы” атты бағдарлама барысына сертификатқа ие болған екен. – Біздің апаларымыз, әжелеріміз тоқымашылықпен жазда айналысқан, – дейді Айман апай мұражайдың ішін аралата жүріп, – ол кісілер көмекшілерін далаға немесе аулаға шығарып, үшбұрышты ағаш құралмен, үш түсті жүннен иірілген жіптермен тоқымашылықтарын бастайтын. Қыста жіп иіріп, көктемде оларды әр алуан түске бояған. Жіп үзіліп кетпес үшін ширатқан, ширатылған жіп тоқуға өте қолайлы болады. Міне, көшпелі қазақ тауар сапасына қалай мән берген. Ұлттық киім – ұлт бейнесі. Ұлттық киімді мешіттерде имам, молда киіп отырады. Неке қию сарайының алдынан кейде басына сәукеле киген қалыңдықты көресің. Бұған да тәуба дейсің. Сол қалыңдықтың басындағы сәукеленің ғажаптығында шек жоқ. Қай халықтың да ұлттық киімі той киімі ретінде күні бүгінге дейін жалғасып келе жатыр. Бірақ қазір ұлттық үлгі тұралап қалды. Елдің бәрі батысқа еліктеп кетті. Кеңестік кезде әйелдер жартылай “шешінген” еді. Енді орамалдарын мүлде тастады. Ұзын бұрымдар қиылды. Шалбар киеді. Бірде Семейдегі тарихи өлкетану мұражайында болған едік. Мұражай қызметкерлері қазақтың ежелгі ұлттық киімі деп ер адамның шапаны мен кебісті көрсетті. Кебіс оң мен сол аяғы бірдей, баяғыда солай тігілген ғой. Шапанды көріп, бұл қазақтыкі емес өзбектікі не тәжіктікі деп біраз дау айттық. Өйткені, сол халықтардың қазіргі киім үлгісіне ұқсайды екен. Мұражайдағылардың айтуынша, бұл семейлік бір қазақтың арғы атасыныкі екен. Бізді таңғалдырғаны, шапанның сақталғандығы және ешбір ою-өрнексіз болуы. Кезінде Шәкәрім қажы жаңадан қазақы оюдың түрін өрнектеп жасаған екен. Яғни, ұлттық өрнек, киім барлығы да заманына сай дамып отырған. Бүгінде дүкендерде ұлттық киімдер сатылып жатады. Бірақ көбіне тойға, айтысқа, концерттік бағдарламаларға арналған киімдер. Бағасы удай қымбат. Айман апай қалмақтармен соғыста елін, жерін қорғаған Бекжан батырдың 300 жылдығына орай Семейде қазақ қолөнер шеберлігіне байланысты халықаралық деңгейдегі көрме-жәрмеңке өткізгендіктерін айтып, соның жай-күйін баяндады. Оған Ресей мен Қазақстанның әр түкпірінен оң саусағынан өнер тамған шеберлер жиналған екен. Қолөнер шеберлері әлі де болса бар, тек солардың қатарын сейілтіп алмай ұлттық мұраны келер ұрпаққа жеткізе білу басты мақсат, дейді ол. Өзінің ұлттық қасиетін, өнерін, мәдениетін, тілі мен дінін сезінбей өскен жас ұрпақта ешқандай да патриоттық тәрбие бола қоймасы анық. Сидней олимпиадасынан күміс медаль алып, олжалы оралған Ислам Байрамуковтың бір әңгімесі есімізге түсіп отыр. “Менің қарсыласым да күшті екен. Бірақ Дәулет ағаның “сен еліңді, жеріңді, Қазақстанды ойла!” деген сөзін есіме алғанда бірден өз-өзіме келіп жеңіске қол жеткіздім”, – дейді ол. “Айша бибі” қалалық қазақ-ұлттық мәдени орталығын аралау барысында қиындықтарына қарамастан ұлттық дәстүрді насихаттап отырған Айман Боқбасароваға деген құрмет сезіміміз оянды. Осындай адамдар көп болса ғой дедік.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА, Семей қаласы.