• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
16 Қаңтар, 2010

Әкім есеп берді. Ел не деді?

2931 рет
көрсетілді

Еліміз бойынша барлық деңгейдегі әкімдердің есеп беру науқаны басталды.   Бұл – соңғы жылдары дәстүрге айналған үдеріс. Әкімдердің ел алдында есеп беруі атқарылған жұмыстарды тиісті деңгейде бағалап, орындалмағандарын жедел түрде шешу үшін күш жұмылдыруға және де алдағы міндеттерді айқындап, нақтылауға мүмкіндік туғызбақ. Сондай-ақ, бұл әкімдердің іскерлігі сына­латын кезең. Сөйтіп, жылдағы есеп беру науқаны бас­та­лып кетті. Алғашқы әңгіме кең-байтақ еліміздің солтүстігіндегі ауданға қарасты ауылдық округте өткен есеп беру туралы болмақ. АТҚАРАТЫН МІНДЕТТЕР АЗ ЕМЕС Облыста барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындармен 931 есеп­ті кездесуін өткізу жоспар­лан­са, солардың алғашқысы Но­вои­шим ауылдық округінде бо­лып өтті. Оған аймақ басшысы Серік Біләлов, Ғ.Мүсірепов ауда­нының әкімі Марат Тасмағам­бетов қатысты. Аудан орталығы Новоишим кентінде 11мыңнан астам адам тұрады. Әрі қиянда орналасқан. Сол себепті оған жылдың қай мезгілінде болсын қатынау оңай емес. Біз келгенде күн суытып, ақ түтек боран ойнақ салып тұр­ды. Соған қарамастан, Новои­шим ауылдық округінің әкімі И.Ақтаевтың есебін тыңдауға жұрт­шылық көп жиналды. Баян­да­машының сөзінен аңғарыл­ған­дай, есепті кезең ішінде көп іс тындырылғанға ұқсайды. Бәрінен де новоишимдіктер су құбыры­ның көп қабатты үйлерге дейін жетіп, тәулік бойы қамтылып отырғанына қуанулы. Көшелерді жарықтандыру, жөндеу, асфальт­тау, абаттандыру бағыттарында да айтарлықтай жұмыстар атқарыл­ған. Аудан әкімі М.Тасмағам­бетовтің қолдауымен көкөніс шаруашылығын дамыту жақсы жолға қойылған. Жыл өткен сайын кент­тің келбеті жақсарып, санитар­лық тазалығы да артып келеді. Оған соңғы үш жыл бойы 19 округ арасында бірінші орын алуы дәлел. “Нұр Отан” ХДП жергілікті бөлімшесінің бастауы­мен “Таза жағалау”, тағы басқа эко­логиялық акциялар өткізі­ліп­ті. Тұрғын үй құрылысы бағ­дар­ламасына орай атқарылып жат­қан шараларға да көңіл тояды. Былтыр 12 пәтерлі коммуналдық тұрғын үй пайдалануға берілсе, осынша пәтерлі ипотекалық үйдің құрылысы қолға алынған. “Азко” ЖШС иесіз қалған көп қа­батты үйлердің бірін күрделі жөндеуден өткізіп, 30 пәтерлі үйге айналдырған. Биыл бір ауы­сымда 90 науқас қабылдайтын 100 төсектік тубдиспансер бой көтермекші. Десек те, округтің жаңадан тағайындалған әкіміне жүктелетін міндеттер аз емес. Оларды өз сө­зінде Серік Сұлтанғазыұлы атап көрсетті. Бастылары—балабақ­ша­лар мен шағын орталықтар са­нын көбейту, жаңа жұмыс орын­дарын ашу, ауыз су сапасын жақсарту, аз қамтылған, көп ба­ла­лы отбасылардың, зейнет­кер­лер мен қарттардың әлеуметтік мұқтаждықтарын шешу. Ұсыныс-тілектер жиынға қатысушылар та­рапынан да айтылды. Ново­ишим қазақ орта мектебінің ди­ректоры Сәр­сен­гүл Төлеуханқызы білім үйінің, интернаттың тар­лы­ғын айта ке­ліп, жаңа ғимарат салу мәселесін көтерді. Аудан әкімі 460 орынды мектеп үйін салу 2012 жылғы бағ­дарламаға енгізілгенін жеткізді. Зейнеткер Галина Яросева көп қа­батты үйлерді орталықтанды­рыл­ған бу қазандығына қосса деген тілек айтты. – Бұл проблемадан хабардар­мын. Бұрынғы жылу жүйелерін қалпына келтіру оңай емес. Кемі 1,5 миллиард теңге қажет. Иесіз қалған көп қабатты үйлер көп. Оларды біртіндеп қатарға қосуға жәрдемдесіп жатырмыз. Аудан әкіміне тиісті құжаттарын әзір­леу­ге тапсырма беремін, дей ке­ліп, облыс әкімі коммуналдық ша­руашылықтың жұмысын сын­ға алды. Мекеме жылды алты мил­лион теңге шығынмен аяқта­ған. Тұрғындардан міндетті тө­лемдерді жинау өте сылбыр. Кәсіпорын директорынан басты проблемаларды сұрастырып біліп, ескірген техникаларды алмас­ты­руға көмектесетінін жеткізді. 82 жастағы Қапар Біржанов ақсақал ауылдықтарды толғантқан мәселе жайлы былай деді: – Бұрындары “Заготконтора” деген мекеме болушы еді. Оның өкілдері ауылдарды аралап, жүн, тері өнімдерін жинайтын. Ақша­сын қолма-қол беретін. Қазір кім­ге өткізеріңді білмейсің. Еш­кім де алмайды. Шетелдің қым­бат тондарын киюге әуеспіз. Ал, өз өніміміз ит-құсқа жем болып босқа жатыр,–деді қария өзекті мәселені әріден қозғап. Облыс әкімі аудан басшыларына Пет­ро­павл қаласындағы тері-былғары зауытымен іскерлік байланыс орнатуды, мал өнімдерін сатып алатын мекеме ашуды тапсырды. Көптен бері айтылып келе жатса да, тиянақты шешім тап­па­ған мәселенің бірі – шеттен келген қандастарымызды қоныс­тан­дыру жайы. Өткен жылы кво­тамен 35 отбасыны орналастыру белгіленсе, келгені біреу ғана. Сол сияқты жоғары білімді дәрі­герлердің жетіспейтіні, ірі агро­құрылымдардың мал шаруашы­лы­ғымен айналыспайтыны, сұй­ық май, ірімшік, сары май секілді өнімдерді өндірудің азайғаны, ауыл шаруашылығы еңбек­кер­лерінің жалақысының төмендігі әңгіме арқауына айналды. Адамдардың талап-тілекте­рі­не, арыз-шағымдарына барынша жинақы, сергек қарау керектігін осы жиын анық байқатты. Кент тұрғыны Наталья Барамидзе көп қабатты үйлердің салқындығын көлденең тартты. Шатырларын жөндеу мәселесін шенеуніктерге айта-айта шаршаған болу керек, облыс әкіміне қайрылуға мәжбүр болған. Жиынға қатысушылар алда қандай міндеттер, ауқымды ша­ра­лар күтіп тұр деген сауалдарға да толыққанды жауаптар алды. Оны облыс басшысының аузы­нан естіп, көңілдері бір жай­ла­нып қалды. “Жол картасы” бой­ын­ша 7 жоба игеріліп, жолдар, жылу жүйесі, мәдениет үйі, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, балабақша күрделі жөн­деуден өтеді. Оған 130 миллион теңге қа­рас­ты­рылып отыр.  Сондықтан сіз­дер­дің де белсене атсалысула­ры­ңыз­ды өтінемін. Бір сөзбен айтқанда, ауыл адам­да­ры­на қамқорлық бә­сеңдемейді, одан әрі жалғасады. Бұл — Ел­басы Н.Назарбаевтың талабы, деді С.Біләлов қоры­тынды сө­зінде. Өмір ЕСҚАЛИ,Солтүстік Қазақстан облысы, Ғ.Мүсірепов ауданы. ОЛҚЫЛЫҚТАРҒА ОРЫН ЖОҚ Кенді Алтайда да түрлі дең­гей­дегі әкімдердің халық алдын­да­ғы есебі басталды. Атап айт­қанда, 20 қаңтарға дейін ауылдық округтердің, ал 20 қаңтардан 10 ақпанға дейін 19 аудан, қала­лар­дың әкімдері жыл ішінде атқар­ған жұмыстары жайлы есеп беріп, тұрғындардың сауалдарына жауап қайтарады. Облыс әкімі Б.Сапарбаев Үр­жар ауданының Қарақол, Жарма және Көкпекті аудандарындағы ауылдық округтер әкімдерінің есебіне қатысып, кейбір маңызды мәселелерге байланысты өзінің сын-ескертпелерін жасады. Тұр­ғын­дарды жұмыспен қамтамасыз етудегі Елбасының өзге де  тап­сыр­маларын орындаудағы олқы тұстарды әкімдердің қаперіне салды. Ал ең соңында облыс әкі­мі Өскемен және Семей қала­ла­рында халықпен кездесіп, жыл ішінде атқарылған, алда атқа­ры­ла­тын жұмыстар жайлы кеңінен әңгімелейтін болады деп күтілуде. Оңдасын ЕЛУБАЙ, Шығыс Қазақстан облысы. ЕЛ ТІЛЕГІ ЕСКЕРІЛУДЕ Аягөз, Таскескен өңірінде Қарақол деп аталатын ауыл бар. Негізінен қой шаруашылығымен айналысатын бұл ауыл зама­нын­да дүркіреп тұрды. Мұндағы ша­руа­шылық қатардағы еңбек адамы, Социалистік Еңбек Ері Бекенбай Әбжанов есімімен аталды. Мұның сыртында әкелі-балалы Жақсыбековтер де Еңбек Ері атағын иеленді. Бірақ, өкінішке қарай, нарық келіп есік қаққанда, баяғы дүркі­реп тұрған шаруашылық қожы­рап сала берген. Әсіресе, әлеу­мет­тік сала нысандарының тоз-тозы шығып, берекесі кеткен. Айталық, құлап қалу жағдай­ын­дағы мектеп үйі ақыры осыдан үш жыл бұрын жабылып тынған. Соның салдарынан сабақ ауыл­дық әкімдіктің ғимаратында үш ауысымда оқытылып келді. Ал соның бәрі ауыл әкімінің жыл сайынғы есеп беру жиы­нын­да айтылмады емес, айтылды. Енді, міне, содан нәтиже шыға бас­тағаны қуантады. Яғни, атал­ған ауылда кейінгі есеп беру жиы­нынан соңғы аралықта жаңа­дан 600 орындық мектеп үйі пай­далануға берілді. Ал бұл шаруа Елбасының елімізде “100 мектеп, 100 аурухана” салу жөніндегі игі бағдарламасының аясында жүзеге асырылды. Солай дей тұрғанмен, халқы­мызда “Жыламаған балаға емшек бермейді” деген сөз бар. Оның сыртында мемлекет тарапынан бөлінген қаржыны іске асыру да іскерлікті талап етеді. Сондықтан бұл орайда іс басындағы жергі­лік­ті азаматтардың еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Ауыл әкімінің биылғы есебі осы жаңа мектеп ғимаратында өтті. Ал соның алдында ғана облыс әкімі Бердібек Сапар­баев­тың атынан жаңа мектепке бай­ға­зы ретінде жаңа автобус сыйға тартылған еді. Жиын үстінде Қарақол ауылында енді аурухана, пошта, әкімшілік ғимараттары салынатындығы айтылды. Соның бәрі ауыл тұрғындарын қуаныш­қа кенелтіп отыр. Дағдарысты жағдайға қарамастан аталған ауылда оңды өзгерістердің орын ала бастағаны шындығында да қуанышты жағдай. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Шығыс Қазақстан облысы.