Ел тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерекесіне орай, еліміздің Инвестициялар және даму министрлігі ұйымдастырған кеңесте «Каспий өңірінің геологиялық мазмұндағы ГАЖ атлас картасы» халықаралық жобасы талқыланды.
Аталған министрліктің Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің өкілдері, Иран, Ресей және Өзбекстан елдерінің геологиялық құрылымдарының жетекшілері, Маңғыстау облысы әкімдігінің өкілдері мен жер қойнауын пайдаланушылар, жоғары оқу орындарының қызметкерлері, ғалымдар қатысқан кеңес Каспий теңізіне қатысты ауқымды жұмысты қолға алудағы алғашқы қадам болуымен ерекшеленеді.
Кеңеске арқау болған Каспий теңізіне қатысты халықаралық жоба бір-екі жылдан бері қолға алынған. Алдымен теңіз жағалауындағы елдер келіссөздер жүргізіп, әр ел өздерінің геологиялық ақпараттар моделін жасағанмен, оған өзгелердің қолжетімділігі шектеулі. Каспий қайраңындағы мұнай-газ кен қорын зерттеуде ақпарат жеткілікті әрі толық болуы үшін теңіз жағасындағы бес мемлекеттің ақпаратын пайдалану маңызды. Геологиялық атлас картасын жасау арқылы көрші елдер ширек ғасыр ішінде теңізге қатысты жинақталған геологиялық, геоэкологиялық, геофизикалық деректерді біріктіріп, ортақ мәліметке қол жеткізе алады. Сондай-ақ, Каспий теңізі бүгінге дейін геологиялық тұрғыда біртұтас зерттелмеген, тек әр мемлекет кен орындарын іздеу үшін белгілі аймақтарды зерттеп келген, енді жағалаудағы мұнай өндіретін бес мемлекет те теңіздегі табиғи ресурстардың қорын толық анықтауға қызығушылық танытуда.
Қазақстанда 25 жыл ішінде Қашаған, Қаламқас теңіз, Ақтоты, Хазар және Қайран кен орындары ашылып, барланған. Кеңесте сөз алған Маңғыстау облысының әкімі А.Айдарбаев елімізде мұнайдың геологиялық қорының 5,1 млрд тоннаны құрайтындығын, оның ішінде шығарылатын қорлар 2,2 млрд тонна болса, газдың көлемі 0,2 трлн текше метр екендігін айта келіп:
– Қазақстан тәуелсіздік алғалы алғаш рет 119 көмірсутекті шикізат кен орны мемлекеттік балансқа қойылды. Шамамен, мұнайдың бекітілген қоры 2,5 млрд тонна, газ 432 млрд текше метр, конденсат қоры 265 млн тоннаға артты, – деді.
Бірлескен геологиялық картографиялық жұмыстар мен ақпараттық деректор қоры Маңғыстау өңірінің инвестициялық тартымдылығына, өңірде мұнай-газ секторын дамытуға әсер етпек.
Тұрақты тербелістегі Каспий теңізі өңірін зерттеу, экологиялық қауіпсіздікті басты назарда ұстау мәселесі айтылып, атлас картасын жасау, геологиялық мәліметтердің ортақтығы мен жағалаудағы көр-ші елдердің геологиялық қызметтерінің ынтымақтастығы талқыланды. Ол үшін сайт құрып, ортақ электронды база жасақтау қажеттігі айтылды.
Кеңесте Иран, Өзбекстан, Ресей ғалымдары өз ойларын ортаға салып, жобаның басталуына алғышарт ретінде үшжақты хаттамаға қол қойды.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы