• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
24 Қараша, 2016

Қыс келерін білмеп пе?

145 рет
көрсетілді

«Кәрі құданың» екпіні тым қатты: «соқыр мылқаудың» тірі жанға да, малға да аяу­шылық білдіретін түрі кө­рінбейді. Бар ашуын бойына жинай келіп, бірден әлек салды. Күн райы күрт суытып, солтүстікқазақстандықтардың екі аяғын бір етікке тығып қойған жайы бар. Әсіресе, ауылдықтар дірдек қағып, ақ көрпесін айқара жамылған қыс қабағы қатулы болмаса екен деген тілеуде. Өйткені, бұл кездері үйлерін ағаш отынмен-ақ жылытатын болса, температураның күрт төмен­деуі салдарынан көмірге деген сұраныс бірден өсті. Алайда, елді мекендер мен облыс арасын алашапқын еткен адамдар сапалы көмір таппай дал. Әккі делдалдар да әбден қуланып алса керек. Жасырын қоймаларға жолатқылары келмейді. Ал­дымен өтімсіз өнімдерден құтылғанша асық. Ертерек қамданып үлгірмегендер барға қанағат, жоққа салауат айтып жатса, ебін тапқан ептілердің ұпайы түгел. Алыстан ат терлетіп кел­­гендердің бірі Татьяна Голы­шеваның шыбын жаны шырқырап, шырылдап жүр. Қанша сандалса да, сапалы көмір таппай кері оралуға мәжбүр болған. Сол сияқты Тұралы Сибанов та 150 ша­қырым жерден Петропавл қаласына екінші рет келуге мәжбүр болған. Соның өзінде құрқол қайтқан. Не істерін білмей әрлі-берлі сенделіп жүргендер аз емес. Темір жол қоймаларында сапасыз көмір жеткілікті бол­ғанымен, Қа­ражыра мен Шұбаркөлдің өнімін іздеу­шілер жыртылып айырылады. Тасымалдаушы оператор­лардың айтуынша, Шұбаркөл көмір кенішінде вагондар жет­кіліксіз. «Транском» ЖШС ке­лісімшарт бойынша ап­та­сына бес вагон көмір әкел­генімен, сұраныс өтелер емес. Атамыз қазақ «қыс ар­баңды, жаз шанаңды сайла» деп текке ескертпесе керек. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы