Қазақтың маңдайына біткен ақыл-ой иелері тарих бетін парақтап отырсаң, жүздеп саналады. Анау ғасырлардағы Анахарсистен бастап әл-Фараби, Абай, Алаш арыстары – осылай жалғасып кете береді.
Өткен ғасырдағы сол ұлылардың ойын дамытып, жолын жалғаған ғұлама ғалым, өзі секілді ел жақсыларымен қатар жүріп, Ұлттық Ғылым академиясының іргетасын қалаған, алғашқы корреспондент-мүшелерінің бірі болып саналған. Ақжан әл-Машани еді. Мамандығы кенші болса да қазақтың кең даласындағы жер байлығы мен ұлтқа керек рухани байлықты қатар алып жүрді. Сол айтулы тұлғаның 110 жылдығына орай Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті тарих факультеті «Ақжан әл-Машани және фарабитану тағылымы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.
Келісті басқосуды білім ордасының проректоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі Дихан Қамзабекұлы ашып, Алаш рухты әл-Машанидың Кеңес дәуірінің өзінде ұлт мұраты дегенде ұлы істер атқарғанын тарата айтса, профессор Тілеген Садықов ғұлама ғалымның мәңгілік елдің мұрат-мақсаты биік болатынын дәйектеп кеткенін алға тартты. Профессор Серік Негимов ғалым туралы естеліктер айтып, әл-Фараби мен қазақты қауыштырған әл-Машани екенін жеткізді. Ал ғалымның бай мұрасын зерттеп, зерделеп жүрген профессор Задаш Дүкенбаева айтулы оқымыстының 110 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар туралы ой қозғап, 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өткенін, осы шараның өзі ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып отырғанын тілге тиек етіп, қазақ батыры Қасым Қайсеновтің Бауыржан Момышұлы туралы естелігін еске салып, «әл-Фараби бабамыздың әлемде барын алғаш Ақжан Машанов жеткізгенін білесің бе?» деп сұрап, «Ұлт жоқшысы осылай болады» дегенін мысалға келтірді.
Конференцияда әл-Фараби мен әл-Машани туралы келелі әңгімелер қозғалып, алда атқаруға тиіс кемел істерге ұйытқы болуы жайы да назардан тыс қалмады.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»