Бүгін Көкшетауда Қазақстанның қысқы арнайы спартакиадасы басталады. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен келген мүмкіндігі шектеулі спортшылар қатысады.
Жарысты Мәдениет және спорт министрлігі мен Ақмола облыстық әкімдігі ұйымдастырып отыр. Оның ашылу салтанаты бүгін түсте «Бурабай» спорт сарайында өтеді.
Үш күн бойы спорттың шаңғы, коньки, флорбол, снегоступ, тау шаңғысы және сноуборд атты 6 түрі бойынша өтетін сайыс 26 қараша күні өз мәресіне жетеді.
Олимпиаданың мақсаты мүмкіндігі шектеулі жандар арасында саламатты өмір салтын қалыптастырудың, олардың психологиялық және күш-қайрат жағдайларын жақсартудың бір факторы ретінде денешынықтыру мен спортты дамытуды насихаттау болып табылады. Ал негізгі міндеті белсенді түрде денешынықтыруға тартып, оларды халықаралық жарыстарға көптеп қатыстырып тұруға қадам жасау болмақ.
Олимпиадаға қатысушылар спорттық дайындықтары деңгейлеріне қарай бірнеше дивизионға бөлініп жарысады.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан»
КӨКШЕТАУ