Өсір, өндір, көбейт!
– Бақыт Ынтықбайұлы, бүгінде ауыл шаруашылығының бірнеше бағытын қатар дамытып, үлкен агрокешенді басқарып отырсыз. Осындай деңгейге жету үшін біліктіліктен басқа, тулаған жігер, ынта, мінез керегі анық. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары ауылдағы колхоздардың ыдырауы бала кезімізде көз алдымызда өтті. Алғашында жеке шаруа қожалығы болып бөлінгенде жағдай қалай еді? Істі неден бастадыңыз? – Егемендікке енді қол жеткен 90-жылдарда халқымыз талай қиындықтарды бастан кешті. Оның себебі де белгілі болатын, одақтас республикаларды тәуелді ету үшін бір-біріне байлап қойған өндірістер кеңестік жүйе күйрегеннен кейін тоқтады. Жаппай жұмыссыздық белең алып, ақша құнсызданды. Аға буын ғана емес, бүгінде 30-ға толғандардың да есінде болар, қарапайым коммуналдық қызметтерден қол үздік. Ауылдық жерлер шамның жарығына, ұнның кебегіне қарап қалған кездер де болды. Зейнетақыны кәдімгі киіммен төлеген замандар да өтті. Ол қиындықтың бәрі артта қалды. Балаларымызға айтсақ, сенбейді. Дегенмен, сол кезеңде де елдің еңсесі түскен жоқ, Тәуелсіздіктің асқақ рухы, Елбасының батыл қадамдары халыққа дем берді. Мемлекет басшысы егемен еліміздің болашағы нұрлы болатынын, ендігі ырыс-береке өзімізге байланысты екенін айтып, елдікті нығайтуға айрықша қажыр-қайрат жұмсады. Соның арқасында қарапайым халыққа, ауыл тұрғындарына сенім ұялады. Сол кезде әскерден жаңа келіп жатқан біздер де Президенттің сөздерімен жігерленіп, қанаттандық. Абай айтады: «Дүниеге лайықты өнер, мал тауып, абұйыр мансапты еңбексіз табуға болмайды». Мен бұйырса, елуге енді келем. Ойлап қарасам, өмірімнің ең мағыналы тұсы халқымыз армандаған тәуелсіздік жылдарымен тұспа-тұс өріліпті. Талмай еңбектендім, сол еңбек арқылы 25 жылда осындай жетістіктерге жеттім. Мұның бәрі Елбасы жүргізген сарабдал саясаттың арқасы. Сондықтан, мен осы жылдар ішіндегі табысымды Елбасымен байланыстырамын. Бұл – ақиқат нәрсе. Жалындаған жастық шақта қолға алынған реформалардың арқасында іс бастадым, мемлекеттің қолдауы мен көмегінің арқасында дамыттым, сондықтан ұлттың көшбасшысына айналған Президенттің ерен еңбегіне алғыс айту қашанда артық етпейді. Әкеден ерте айырылған біздер дастархандағы нанның, қорадағы малдың қадірін біліп өстік. 1996 жылы марқұм анам бар, бауырларыммен шаруа қожалығын құрып, егін еге бастадық. Таңның атысы, күннің батысы егістік басында жүрдік. Егін басында жүрген адам біледі, бел шешіп отыруға уақыт болмайтын. Ерінуге, шаршадым деп бәрінен баз кешуге арымыз жібермеді. Өйткені, артымызда қаншама отбасы, қарапайым халық тұрды. Сол еңбегіміз жанды. Бірте-бірте егінмен ғана шектелмей, 500 қой сатып алдық. Мал өсіру – ата кәсіп. Малда береке бар. Жастармен жүздесіп қалсам, бірінші осыны айтамын. Жалпы алғанда, икемі келсе, азаматтар ауылда өсу керек. Қалада құрылысқа жалданып, аз-маз тиын тапқанша, мал өсір, өзіңе өзің қожа бол! Өс, өндір, көбейтіп пайда тап! Қазақтың қара жері еңбектенгенді асырайды.Қазақстанға герефордты әкелген қазақ
– Сіз елімізге шет елден асыл тұқымды мал әкелген алғашқы кәсіпкер екенсіз... – Иә, оныңыз рас. Біз әу бастан-ақ шет елден жақсы тұқым алуды көздедік. 2008 жылы Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғашқылардың бірі болып АҚШ-тың Техас штатынан герефорд тұқымды ірі қарадан 253 бас малды өз күшімізбен әкелдік. Жерсіндірдік. Шаруа қожалығы орналасқан Алматы облысының Балқаш ауданы – ауа райы тез құбылатын аймақ. Техас штатының климаты біздің өңірге өте ұқсас, ыстығы мен суығы қатты. Осының бәрін ойластырып барып шешім қабылдағанымыз жаңа тұқымды шығынсыз өсіруге сеп болды. 2010 жылы «ҚазАгроӨнімнің» ұйымдастыруымен Канададан тағы 400 бас герефорд тұқымын әкелдік. Бүгінде «Dinara-Ranch» Агрофирма» ЖШС елімізде асыл тұқымды ірі қара өсіретін үлкен репродуктор орталығына айналды. Бірақ біз өзіміздің жергілікті мал тұқымдарын да ұмытқан жоқпыз. Жойылу алдында тұрған Алатау сиырларын сақтап қалдық. Бұл – сүтті бағыттағы тұқым. Тікелей менің бастамаммен шаруа қожалықтарына барып бірлі-екілі ақ бас сиырларды тауып, олардың да басын көбейттік. Біздегі сауын сиырлары бүгінде тәулігіне 18-25 литр сүт беріп отыр. Сүтті бүтіндей сүт өңдейтін фирмаларға өткіземіз. Қазір балалардың денсаулығына, біліміне үлкен мән беру керек. Қазақ баласын шамасы келгенше оқытуға тырысады. Бұл өте жақсы. Біздің компания балаларға арналған экологиялық таза йогурт жасайтын зауыт салмақ. Балалар тағамы болған соң өзіміз өндіріп жатқан таза сүтті зиянды қоспаларсыз пайдаланамыз. Бұл өнімді дүкендерге емес, делдалдарсыз мектептерге жеткізгіміз келеді. Қойдың да таза етті меринос тұқымын өсіріп жатырмыз. Елде таза меринос тұқымы қалмапты. Еуропа мен Азияны шарлап жүріп, ақыры іздегенімізді Австралиядан таптық. Өнімі көл-көсір қой шаруашылығы өрбіп келеді. Қойдың еті сұранысқа ие. – Ет мәселесіне келсек, қазір Қытаймен келісімдер жасалып жатыр. Көрші ел жақсы баға ұсынып отыр. Ішкі нарықта баға өспей ме? – Өспейді. Доллар құны 150 болғанда, еттің келісі 1200 теңге болды, қазір доллар 340 теңге көлемінде, еттің бағасы сол қалпы 1200 теңге. Экспортқа ет үлкен көлемде шықса, кәсіпкерлер малдың басын көбейтеді. Сұраныс бар жерде ұсыныс болады. Одан қорқудың қажеті жоқ.Ел ертеңі – жастар
– Байқауымызша, жастарға, балаларға ерекше назар аударасыз? – Болашақта еліміздің иесі – өскелең ұрпақ. Сондықтан, жастарымыздың біліміне, тәрбиесіне назар аударуымыз қажет. Қай мемлекет жастарын лек-легімен шет елге оқуға жіберіп жатыр? Жыл сайын қаракөздеріміз мыңжылдық тарихы бар Еуропаның кез келген университетінде білім алу мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ, жас отбасыларына қолжетімді үйлер де қарастырылған. Бақытты болу үшін басқа не керек? Тек әрекет жасап, еңбек ету керек.Шамаң келсе, бауырыңа көмектес
– Сіз сұхбат бергенді ұнатпайсыз, БАҚ бетінде көрмейміз. Естуімізше, сіздің бастамаңызбен түрлі қайырымдылық шаралар жасалып, ауыл тұрғындары жұмыспен қамтылып отыр. Мәселен, Миялы ауылында мешіт, тойхана, мамандар үшін үйлер, жұмыс корпустары бой көтеріпті. Шалғай орналасқан Ақөзек ауылына оқушыларды аудан мектебіне тасымалдайтын автобус қатынайды екен. – Бұл – халықтың еңбегі, «ауыл іші – береке» деп бекер айтпайды. Екі қолға бір күрек тауып, еңбек қылып, бірлігі жарасқан халықтың болашағы зор. Ауыл – қазақтың жаны, ауыл – қазақтың кеңдігінің көрінісі. Мен күнделікті күйбең тірліктен соң ауыл ақсақалдарын іздеймін. Солармен бір дастархан басында ақыл-кеңес құрып, әңгімелескенге не жетсін. Осындай ортада демалып қаласың, жаңа идеялар туады, әкеммен сырласқандай күйде боламын. Үлкенге ізет көрсеткенің – ізбасарларға үлгі. Дегенмен, мені бір нәрсе қатты ойландырды. «Қазақтай ат құлағында ойнайтын халық жоқ», «Қазақ төрт түлік малдың жөнін біледі», «Мал – ырысың» деп айтамыз, ал іс жүзінде солай ма? Техасқа барғанымызда ковбойларды көріп, нағыз ауыл шаруашылығының жөнін білетін кәсіпқойлар екеніне көзіміз жетті. Қазақ жігіттеріне қарап қарным ашады. Бізге, әсіресе, ауылдық жерде істейтін шаруа шаш етектен. Көңіл бөлсе, қажыр-қайрат танытса, ауыл шаруашылығы – кәсіптің көзі, ырыс пен берекенің бастауы. Сондықтан да жастарды ауыл шаруашылығына қарай бейімдеу керек. Өсіп-өнген азаматтар ауылын көркейтуге, ауылын дамытуға күш салуы тиіс. Аспанда қалықтап жүрген қыран да тамағын жерден тауып жейді ғой. Жалпы, еңбектенген адамға кәсіп көп. Бұрын әкелеріміз өздерін «Совет заманының адамдарымыз» деп айтатын. Мен болсам, Назарбаев заманының ұрпағымын деп мақтанышпен айта аламын. Тәуелсіздікпен бірге орда бұзар отызымызда кәсіп қылдық, үйлендік, өстік, өндік. Балаларым шет елде оқып, қаржы саласының білікті маманы атанды. Бүгінде немере сүйіп отырмыз. Еліміз тыныш, отанымыз бейбіт. Бақыт деген осы емес пе?! – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Әлия Кемелбекова