• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
24 Қараша, 2016

Тәуелсіздік құрдастарының тартуы

136 рет
көрсетілді

Қостанай қаласында облыстық ішкі істер департаментінің ұйымдастыруымен ерекше акция өтті. Еліміз Тәуелсіздігін алған жылы дүниеге келген полицейлер автошеруге шықты. 25 жастағы полицейлер қаланың орталық көшелерімен 25 шақырым жол жүрді. Шерудің соңында олар мінген автомобильдермен «25» санын бейнелеп тоқтады. Қостанай облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция өкілі Әділбек Дәнекеновтің айтуынша, полицейлер мұндай акцияны жыл сайын айтулы мерекелерде өткізіп отырады. – Ел Тәуелсіздігіне 25 жыл толды. Қазір еліміз айтулы мерекенің қар­саңында тұр. Біз автошеру арқылы қос­танайлықтар мен қала қонақтарының назарын осы айтулы оқиғаға аударып, мерекелік рухты көтергіміз келді, – дейді Әділбек Дәнекенов. Автоколоннаны Тәуелсіздік құр­дасының бірі, полиция сержанты Руслан Айтенов басқарды. Ол 1991 жылы Әулиекөл ауданында туған. Ішкі істер органында қызметін бастағанына үш жыл болды, таңдаған мамандығын жақсы көреді, өзін елдің патриотымын деп санайды. Руслан әріптестерімен бірге автошеруге мұқият дайындалды, оның ешқандай қатесіз өтуіне үлес қосты. – Халқымыз әдетте отбасында ұл туғанда ерекше қуанған. Ал сол жылы еліміз Тәуелсіздігін алып, ақ түйенің қарны жарылып жатқанда өмірге біз келіп, ата-ана қуанышы еселенген екен. Енді соған лайық болуымыз керек, – дейді Руслан. Автошеруге қатыс­қан полицейлердің барлығы да бұл шеру олар үшін тарихи оқиға болып қала­тынын, мақтаныш ететіндігін айтты. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» ҚОСТАНАЙ