Кеше ҰҚК Шекара қызметі академиясының саптық алаңында, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, «Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Мемлекеттік шекараның» тақырыптық күнін атап өтуге арналған мерекелік шара өтті.
Мұндай жиын осы күні еліміздің әр өңірінде өткізілді. Жиын барысында егемендіктің маңызды шарты болып табылатын мемлекеттік шекара мәселесінің халықаралық-құқықтық ресімделуі және Қазақстан мемлекеттілігінің маңызды белгісі екендігі атап өтілді. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз үшін Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын сақтаудан маңызды міндет жоқ», – деген болатын. Салтанатты сапта жүрген сарбаздар күннің сақылдаған аязына қарамай, бойларындағы Отанға деген өршіл рухты аңғартты.
Елбасымыздың «Тұңғыш рет тарихта біздің мемлекет халықаралық дәрежеде танылған нақты шекарасын белгіледі. 14 мың шақырым мемлекеттік шекара межеленді», деп айтқаны есімізде. Ауқымды істер арқасында ата-бабаларымыздан мұра болып қалған жеріміз қайта қалпына келтірілді. Сарбаздарды еңселендірген сондай ерен істердің айбары секілденеді. Көк тудың желбірегені... мерейімізді көтеретінінің бір айғағы деп білеміз. Сарбаздар алдында сөз сөйлеген «Застава тарландары» қауымдастығының төрағасы, отставкадағы генерал-майор Марат Мәжитов осы жөнінде айтты.
Бұл мерекелік жиынға Шекара қызметінің Алматы гарнизондары бойынша әскери бөлімдері, «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық бөлімшесінің өкілдері, академия ардагерлері мен басшылық құрамы қатысты.
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛОВ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ