• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
24 Қараша, 2016

Оралда облыстық ақындар айтысы өтті

252 рет
көрсетілді

Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның концерт залында ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Жырың болып төгілемін, елім» атты облыстық жас ақындар айтысы мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Орал қалалық ішкі саясат бөлімі, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы және «Жас Отан» жастар қанатының қолдауымен «БҚО студенттік құрылыс жəне жастар еңбек жасақтарының штабы» жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған айтысқа барлығы сегіз ақын, атап айтқанда, алды республикалық додаларда жүлде алып жүрген Айнабек Бисенғалиев, Эльдар Ихсанов, Орынбек Меңдіқұлов, Азамат Базарбаев, Талғат Мықи, Алшынбек Мұқанғалиев, Мұрадым Мирланов, Данияр Нысанғалиев қатысып, бақ сынады. Олар тәуелсіздік, елдік пен бірлік тақырыбын жырлаумен бірге қазіргі таңдағы кейбір келеңсіздіктерді сынап, бір-бірін әзіл-қалжыңмен шымшылай да алды. Құрамында Айтқали Нәріков, Дариға Мұштанова, Ертай Бимұханов сынды ақындар бар қазылар алқасының шешімімен Айнабек Бисенғалиев бірінші, Данияр Нысанғалиев екінші, Орынбек Меңдіқұлов үшінші орынды иеленіп, дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Қалған қатысушыларға алғысхаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді. «Барлығы төрт жұп әрқайсысы жарты сағаттан айтысып, сахна алаңын майдан жасады.  Арасында нағашы мен жиен арасындағы зілсіз шекісу мен бекісу, қағытпа мен күйдірменің үлгісін көрсеткендері де, жас болса да, «ағасына» беріспей, тауып айтқандары да, сондай-ақ бір-бірімен әңгімелері жараспай, үйлеспегендері де болды. Ең бастысы, азаттық, желтоқсан көтерілісі, жер-су атаулары, азаматтық ұстаным төңірегінде батыл айтып, өз көзқарас-пайымдарын көрсете білді», – деді ақын, қазылар алқасының мүшесі Дариға Мұштанова.