• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
26 Қараша, 2016

Серік ЕЛЕУОВ: Біздің бокста болашағы зор жастар жеткілікті

172 рет
көрсетілді

Павлодарда өтіп жатқан бокстан Қазақстанның ерлер арасындағы чемпионатын республика спортының тарихында есімдері қалған тұлғалар да тамашалауда. Олардың қатарында бокстан Афина Олимпиадасының қола жүлдегері, қарағандылық Серік Елеуов те бар. Біз біріншілік барысында белгілі былғары қолғап шеберімен аз-кем әңгімелескен едік. – Серік, чемпионат көңіліңізден шығып жатыр ма? – Іріктеу кезеңдері артта қалып, жартылай финалға жолдама алғандар анықталды. Демек, нағыз шайқас енді басталмақ. Ширек финалда да тартысты жекпе-жектер болды. «Жүлделер ауылына» аяқ басқандардың қатарында есімдері елге таныла қоймаған жас спортшылар да бар. Павлодар рингі жаңа есімдер жазылатын дода боларына сенемін. Сондай-ақ, бұл чемпионат өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған додалардың бірі ретінде ел есінде қалуы керек. – Рио Олимпиадасына қатысқан бокс­шылардың чемпионаттағы өнерін қалай бағалайсыз? – Олимпиадашылар – біріншіліктің бас­ты фавориттері. Сондықтан, олар өздеріне артылған сенімді ақтайды деген ойдамын. Бұған дәлел: Жәнібек Әлімханұлы мен Қайрат Ерәлиев те, Абылайхан Жүсіпов пен Ілияс Сүлейменов те – жартылай финалда. Қызықтың бәрі алда. – Біріншілікте сіз күтпеген нәти­желер болды ма? – Әзірше сенсация көрген жоқпын. Десе де, 75 килоға дейінгі салмақта сынға түсіп жатқан қызылордалық Тұрсынбай Құлахметовті бөле-жара атап өткім келеді. Меніңше, болашағынан зор үміт күттіретін жастың бірі осы Тұрсынбай болуға тиіс. Сондай-ақ, 64 килодағы жігіттердің де өнері ұнады. – Павлодар боксы дегенде ойыңызға алдымен не келеді? – Соңғы жылдары елімізде боксты дамытуға айрықша көңіл бөлген өңірлердің қатарында Павлодар да бар. Спортшы ретінде бұл жаққа табаным тимепті. Алғаш рет биыл көктемде, жастар арасындағы Азия біріншілігіне келдім. Міне, екінші рет Павлодар жеріндемін. Мұнда боксшыларға өте жақсы жағдайлар жасалған. Қолдау керемет. Тек жаттығуға мән беріп, нәтижеңді жақсартуды ғана біл. Жергілікті бокс федерациясының президенті Шухрат Данбай – былғары қолғап шеберлерінің нағыз жанашыры. Өңір боксының жаңа сатыға көтерілуі де осы кісінің еңбегі деп білемін. Өңірлік федерацияның атқарушы директоры Азамат Мақажанов та жақсы бастамаларға ұйытқы болып жүр. Облыстағы боксқа деген қамқорлықты барған жерлерімде айта жүремін. Әңгімелескен Фархат ӘМІРЕНОВ   ПАВЛОДАР