Бұл концертте «Абай өлеңі» әнінің тұсауы кесілді
Астанадағы «Конгресс-холл» сарайында әнші-сазгер Кентау Назарбектің Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған «Қазағым, жаса мәңгілік!» атты шығармашылық кеші өтті. Онда Р.Стамғазиев, К.Төленбаева, Е.Рысқали, Д.Таңатаров, т.б. айтулы әншілер мен «Аламан» тобы өнер көрсетті.
Дәстүрлі әндер салтанат құрған бұл кештегі атап өтерлік жаңалық –халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, талантты ақын Әділғазы Қайырбеков сөзін жазған «Абай өлеңі» (әні К.Назарбектікі) әнінің Қайыржан Бердібаевтың тамылжыта орындауымен тұсауы кесілуі еді. Жасыратыны жоқ, Абай әндерінің жиі шырқалуынан құлақ құрышы әманда қанып келеді ғой. Бірақ Абайдың өзіне арнап салынатын әндердің сиректігі сезіліп те жүретін. Міне, Тәуелсіздік мерейтойы қарсаңында қанаттанған бұл ән сондай олқылықтың орнын толтыруымен де ерекшеленетін сыңайлы.
Жүзден астам әннің авторы Кентау Назарбектің шығармашылық кеші Қазақ елінің мәңгілік жасампаздығын паш ететін рухани өрісімен тыңдармандарын ойлантып-толғантып, шуақты сезімге бөледі, болашақ жақсы күндерге ынталандыра түсті.
«Егемен-ақпарат»