немесе «Арқалы аққыз» мақаласына үн қосу
Қазақтың ұлттық өнер университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әйгілі күй орындаушы Жанғали Жүзбайдың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Арқалы Аққыз» атты зерттеу әрі жанайқай мақаласы оқушы қауымға дер кезінде жетті деп білемін («Егемен Қазақстан» газеті, 23.07.2016). Оның зерттеу болатыны – Аққыздың жүрген ортасы арқылы сол заманның қым-қуыт ерекшеліктерін аша отырып, дүлдүл композитор ретінде, күйшілік мұрасын әдемілеп, айшықтап жеткізген. Кең байтақ Сарыарқа даласының өнер көкжиегіндегі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан күйшілік дәстүрге, күйшілер мұрасына ден қойған. Аққыздың өмір қиыншылығын бүгінгі ұрпаққа ерекше суреттеп берген. Жанайқай болатын себебі, өнерімен халық сүйіспеншілігіне бөленген, күйлері мен әндері ел ішіне тарап, өшпес мұра қалдырған, Сарыарқаның сайын даласындағы әйгілі күйшілер мектебін қалыптастырушылардың бірі болған күйші-композитордың есімін есте қалдыру жөніндегі шаралар әлі күнге қалтарыста қалып келе жатқандығы жайлы жақсы пікірлер айтқан.
Мен Аққызды көзіммен көріп, қолын алып, жанында отырып, күйлерін тыңдап, батасын алған адаммын. Қарағанды музыкалық училищесінде оқып жүрген студент кезімде 1967 жылы Аққыз апамыздың ауылына іздеп барып, ұзағынан әңгіме-дүкен құрғанбыз. Тәттімбеттің «Көкейкесті» күйін өзінен үйрендім. Қоштасарда Аққыз апа маңдайымнан сипап, болашағыма ақ тілек айтып, оң батасын берді. Осылар жайлы сол кездің өзінде мерзімді баспасөзде «Күйші Аққыз» деген мақаламды жазып, жариялап жібергемін. («Орталық Қазақстан» газеті. 1967 жыл. 24 қыркүйек) Байқап қарасам, менен бұрын Аққыз жайлы газет бетіне мақала жазған адам болмаған екен.
Жиырма жасымда Аққыз апаның алдын көріп, күй үйренуім, алғаш қалам тартып мақала жазуым мені жігерлендірді, шабыттандырды. Қазақта әйел затынан шыққан небір өнерпаздар өткен ғой. Әуелі сол асыл аналарымыздың қатарында Аққыз апаның есімі неге айтылмай жүр деген сұрақ туындаған. Мәселен, Ақкүміс, Ұлбике, Сара, Қуандық тәрізді майталман айтыскер ақындар, қолына домбыра ұстаған Дина Нұрпейісова, Әпике Әбенова, Бақыт Қарабалина тәрізді небір бал бармақты күйшілер өткені белгілі. Аққыз Ахметова қазақ сахнасына әйгілі күйші-композитор Дина Нұрпейісовамен қатарлас шыққан замандасы. Екеуінің күйші ретінде танылу, халыққа көріну заманы бір, үзеңгілес қанат қаққан. Дина болса Алматының, Мәскеудің, Тәшкеннің үлкен сахналарында өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды. Өз жанынан шығарған күйлерін халқына танытты.
Ал Аққыз болса халқына танылған беттен-ақ, аяғына тұсау салынғандай көрінбей кеткен. Оны кейінгі зерттеулерден, жазылған мақалалардан ұқтық. Осының басты себебін Ақселеу Сейдімбеков жазды: «Ахметқызы Аққыздың өнерге алаңсыз беріліп, мұңсыз-қамсыз кешкен ғұмыры мейлінше келте болған», дей келе, ол он жетінші жылғы төңкерістің зардабын, коллективтендіру, тәркілеу барысында дәулетті бай Ахметтің бес жүз байдың бірі ретінде тәркіленіп репрессияға ұшырағанын айтады. «Қыз ғұмырында көрген қызығы алдамшы түстей ғана болып, ата жұртта аһ ұрып қала береді... Есіл бұла дарын осылайша жанбай жатып сөнгендей, өнбей жатып солғандай күй кешеді. Қайран домбыраға қол созуға қорыққан жылдарды бастан өткерді», дейді Ақселеу. Сол тұста Әбди Рысбекұлының, Айдостың Сембегінің күй тартқаны үшін ғана атылып кеткенін де атай отырып, Аққыз домбырасын елуінші жылдардың басында ғана қолына қайта ала бастағанын жазады. Иә, Ақселеу жазғандай, Аққыз Ахметованың есімі ендігі жерде 50-ші жылдардан бастап таныла бастады.
Аққыздың бастан өткен қиыншылығы жайлы Жанғали Әлімханұлы Жүзбай да ерекше толықтай суреттеген. Жалпы, кезінде қазақ музыкасын зерттеудің академигі, әйгілі Ахмет Жұбановтың қаламына Аққыздың күйшілік өнері жайлы ілікпей қалуы оның бастан өткізген осындай қиыншылықтарына байланысты болса керек. Ол кезде Аққыз туралы дәлелді құжаттардың болмауынан деп айтуға негіз бар. Ахмет Жұбановтың Тәттімбеттен басқа Арқа күйші-композиторлары ерекшеліктерін зерттеуге үлгермегенін әртүрлі себептермен байланыстыруға болады, әрине. Басты себебі ол кездері Арқа күйшілері жайлы ол кісінің зерттеу үшін жинаған дүниелерінің аздығы болды. Ахмет Жұбановтан соң бой танытқан Б.Ерзакович, Б.Ғизатов, Б.Аманов, З.Қоспақов, Қ.Жүзбасов, Т.Бекхожина тәрізді музыка зерттеушілерінің еңбектерінен де Аққыз Ахметова жайлы жазған деректерді таба алмаймыз. Қазақ музыкасын зерттеушілері арасынан менен соң Аққыз жайлы зерттеген адам Уәли Бекенов пен Ақселеу Сейдімбеков ағаларымыз. 1970 жылдары Құрманғазы атындағы консерваторияда алғаш рет шертпе күй класын ашып, шертпе күй дегеннің не екенін алғаш халыққа түсіндірген адам – Уәли Бекенов болды. Ол 1975 жылы баспасөз бетінде Аққыз жайлы жақсы пікірлер жазып қалдырды.
«Елу жылда ел жаңа» дегендей, арада жарты ғасыр өткенде Қазақ музыка өнерінің ерекше жанашыры, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әйгілі күй орындаушы Жанғали Жүзбай Аққыз (Мүгілсін) Ахметқызының күйшілік және әншілік шығармашылығына ден қойып, күйлері мен әндерін нотаға түсіру, кітабын шығару жұмыстарында айтарлықтай еңбек жасап жүргені ғанибет. Осы орайда өз басым Жанғалидың жазған «Арқалы Аққыз» мақаласын жоғары бағалаймын және ол айтқан жоспарлы мақсаттарды қолдайтындығымды білдіремін.
2016 жылдың 14-15 мамыр аралығында Қарағанды қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, Аққыз (Мүгілсін) Ахметқызы атындағы «Облыстық шертпе күйшілер сайысы байқауы» өтті. Бұл байқауды ұйымдастыруда Қарағандыдағы мамандандырылған музыка мектеп – интернатының әкімшілігін және Аққыздың күйлерін орындап жүрген оның туған немересі Болат Тәкішевтің ұйытқы болғанын ерекше атап өтуді парыз санаймын. Сарыарқаның сайын даласында, әйгілі әншілер мен күйшілер елінде шертпе күйдің туын тіккен өнер саңлақтарының бірі Аққыз Ахметқызы атындағы облыстық байқау болашақтағы үлкен-үлкен шаралардың бастамасы болары анық. Байқаудың жалғасы болашақта республикалық деңгейге дейін көтерілетініне сенімім мол.
Келер 2017 жылы туғанына 120 жыл толуына орай, күйші-композитор, замана саңлағы Аққыз Ахметқызының есімін мәңгі есте қалдыру орайында:
Астана және Алматы қалаларында, сондай-ақ Қарағанды қаласында Аққыз Ахметқызының атына көше берілсе;
Қарағандыдағы мамандандырылған музыка мектеп-интернатына Аққыз Ахметқызының есімі берілсе және мектеп алдына Аққыз Ахметқызының кеуде мүсіні орнатылса;
Аққыз (Мүгілсін) Ахметқызы атындағы «Республикалық шертпе күйшілер сайысы байқауы» дәстүрлі түрде ұйымдастырылса деген өз ұсыныстарымды ортаға саламын.
Сөзімді түйіндей келе, ХХ ғасырдағы Қазақ музыка өнерінің көкжиегінен көрінген, асқар биігіне шыққан, әйгілі Дина Нұрпейісова сияқты, орындаушы ретінде де, күйші ретінде де өшпес мұра қалдырған әрі күйші, әрі әнші, әрі ақын, замана саңлағы Аққыз Ахметқызының есімін мәңгі есте қалдыру жөнінде жазған Жанғали Жүзбайдың ұсыныс пікірлерін мен де қолдай отырып, осылай өз үнімді қоспай қала алмадым.
Жарқын ШӘКӘРІМ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері