• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
26 Қараша, 2016

Болашақтың қаласы сыйлығын алды

639 рет
көрсетілді

Ажары күннен-күнге айшықталған ару Астана бүгінде тек Қазақстанның елордасы ғана емес, сонымен бірге, жаһандық шаралардың орталығы болып табылатын әлемдік дәрежедегі ірі мегаполистің біріне айналғаны ақиқат. Мұны халықаралық сарапшылар да ерекше атап көрсетуде. Осы жақында, 17 қарашада National Geographic Traveler (Ресей) журналы елордамыз – Астана қаласын қарқынды дамуы және жоғары туристік әлеуеті үшін «Болашақтың қаласы» атты арнайы сыйлықпен марапаттады. «Келер жылы Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық ма­ман­дандырылған көрмесі өтеді. Осыған байланысты Қазақстанның бас қаласына деген қызығушылық өсуде. Өмірдің өзі көрсетіп отыр­ғандай, Қазақстан – бұл үлкен әлеуетке ие, болашақтың бағыты. Астана қаласы бүгінде әлемге кеңінен танылған мәдени және әлеуметтік ірі мегаполис. Бұл қалаға деген туристердің қызы­ғушылығы жылдан-жылға артып келеді. Біз туризм және саяхат туралы халықаралық және ресейлік басылым ретінде бұл ақиқатты назардан тыс қалдыра алмадық», деді National Geographic Traveler журналының бас редакторы Ольга Яковина. Сәні мен салтанаты жарасқан Астананың атағы барған сайын көпшіліктің қызығушылығын туғызған ерекше брендке айналып келе жатқандығы анық. Әлемдік архитектураның небір озық үлгілерін жарасымдықпен паш еткен еңселі елорданың көркі төрткүл дүниені қызықтырып отыр. Оған жылдан-жылға артып келе жатқан туристер тасқыны дәлел. Инвестициялар және да­му министрлігінің Индустрия және туризм департаментінің деректері бойынша, бас қаланың іргетасы қаланған 18 жыл ішінде елордадағы қонақүйлер саны 40 есе өсіп, қаламызға шетелдерден келетін туристер саны 50 есе артыпты. Ішкі туризм 43 есе өскен. Егер келетін туристер санын Астана қаласының әрбір 1000-шы тұрғынына шаққанда елордамыз дүние жүзі туристерінің ең көп баратын Сеул, Ыстанбұл сияқты қалалармен теңеседі екен. «Астана Конвеншн Бюро» ЖШС-нің директоры Санияр Айтакеновтің айтуынша, соңғы жылдары елорданың туристік әлеуетін арттыру мақсатында ауқым­ды шаралар жүзеге асы­рылған. Бұл ретте «Smart Astana» жобасының маңызы ерекше зор. Бұл заманауи жобаның негізгі операторы – «Astana Innovations» АҚ мамандарының пікірінше, бұл бағыттағы жұмыс негізінен үш тарапта – инновациялық стар­­таптарды қолдау, «Smart Astana» бағдарламасын жүзеге асыру, сонымен бірге, Астана қала­сы­ның тіршілік қызметін ке­шен­ді қамтамасыз ету жүйесін дамыту бойынша жүргізіледі. Бұл жү­йенің басты мақсаты – елорда тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін арттыру, қаладағы көлік қозғалысының жағдайын жақ­сарту, қаланың қызмет көрсету саласында жаңа технологияларды қолдану. Инновациялық жобаларды өмірге енгізу нәтижесінде ЭКСПО-2017 халықаралық ма­мандандырылған көрмесіне дү­ниенің төрт бұрышынан келетін қонақтарға Астана қаласы «ақылды қалалардың» көшбасшысы ретінде қалтқысыз қызмет көрсетуді б­асым­дықпен іс жүзіне асырмақ. National Geographic Traveler журналының «Болашақ қаласы» арнайы сыйлығын тапсыру салтанатында, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының ілгерілету және туризм департаменті дирек­торының орынбасары Роза Асанбаева Бүкіләлемдік көрме өткізу шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала келіп, дүние жүзінен келетін туристерге көрсетілетін жоғары сапалы қызметті тілге тиек етті. «Астана қаласында өтетін ЭКСПО-2017 көр­месінің бас тақырыбы – «Бола­шақ энергиясы» деп аталады. Осыған байланысты бұл көрмеге әлемде қызығушылық өте жоғары болып отыр. Соған сәйкес көрме қонақтарын жоғары деңгейде қарсы алу шаралары жан-жақты ойластырылуда. Көрме қонақтарына 3 000 тақырыптық және ойын-сауық іс-шаралары көрсетілетін болады. Оның ішінде дүние жүзіне танымал эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін концерттер, арнайы сахналық қойылымдар, шоу­лар мен шерулер ерекше әсерлі болады деп күтілуде», деді Роза Асанбаева. «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы National Geographic Traveler журналының сыйлық әріптесі ретінде Қазақстан бойынша өткізілген туристік байқауға қатысушыларға арнайы сертификат тапсырды. Қазақстан бойынша саяхат туралы әсерлі эсселер жіберген 45 үміткердің ішінде ресейлік Мария Мещерякова «Қазақ­стан – жаңалықтар ашатын уақыт» аталымы бойын­ша жеңімпаз деп танылды. «Қазақ­станда болған менің достарым ғажайып Көлсай көлі туралы тамсана айтқан болатын. Көлсай шежіресінің мені қы­зық­тырғандығы сонша, бай­қауға қатысып, арнайы саяхат шең­берінде Көлсайға бару бақы­тына ие болдым», дейді Мария Мещерякова. Иә, Астана әлем туристерін қызықтыратын орталыққа айналды. Оған алдағы жылы өтетін Бү­кіләлемдік ЭКСПО-2017 көр­­месінің қосар үлесі де өлшеу­сіз. Шартараптан келетін турис­тердің жоғары талабынан шығу мақсатында елордамызда барлық шаралар ойластырылуда. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»