Петропавл қаласында Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның ұйымдастыруымен «ЕАЭО аясында әйелдердің шекаралық экономикалық ынтымақтастығының басымдықтары» тақырыбында шекара маңындағы аймақтар әйелдерінің форумы өтті.
«25 игі іс» акциясы шеңберінде ұйымдастырылған шара Ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойына арналды. Форумның күн тәртібінде Қазақстан мен Ресей шекарасы аумағында жаңа байланыстарды нығайту, туризмді дамыту, «ауылдан ауылға» жобасы бойынша елді мекен кәсіпкерлері арасындағы іскерлік қарым-қатынасты өрістету секілді мәселелер талқыланып, Ресейдің Қорған, Омбы, Түмен, еліміздің Ақмола, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарынан келген квазимемлекеттік секторлар мен іскер топтар өкілдері бірқатар маңызды ой-ұсыныстар айтты.
Алқалы жиынды Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының орынбасары, Парламент Мәжілісінің депутаты Елена Тарасенко кіріспе сөзбен ашып, ұлық мереке қарсаңында Парламент палаталарының бірлескен мәжілісінде «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы Қазақстанның жетістіктері» Декларациясы қабылданғанын, онда еліміздің жеткен зор жетістіктеріне орынды баға берілгенін атап өтті.
Форумға қатысушыларды аймақ басшысы Ерік Сұлтанов құттықтап, қазіргі уақытта Еуразиялық экономикалық одақтың Ұлы Жібек жолын жандандырудың шешуші буынына айналғанына тоқталды. Ресей Федерациясы елшілігінің кеңесшісі Елена Лысенко, Парламент Сенатының депутаты Ольга Перепечина, Ұлттық экономика министрлігі халықаралық экономикалық интеграция департаментінің директоры Ернар Бәкенов, Омбы қаласындағы «Сколиоз-диагностик» медициналық орталық директорының орынбасары Марина Степкина, Солтүстік Қазақстан облыстық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның жетекшісі Анархан Дүйсенова, тағы басқа шешендер өз сөздеріне ЕАЭО аясында көрші елдердің ұлттық экономикасын дамытуға серпін беру, шағын және орта бизнес секторында әйелдердің үлесін арттыру, гендерлік саясаттың басымдықтарын тиімді пайдалану, жаңа экономикалық мүмкіндіктер өрісін кеңейту мәселелерін арқау етті.
Осымен елімізде үшінші рет өтіп отырған форумда Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы жақсарып келе жатқаны айтылды. Былтыр оның мөлшері 17 миллиард АҚШ долларын құрап, 26 пайызға ұлғайған. Соңғы он жылда 10 миллиард доллар инвестиция құйылған. Көңіл қуантарлық басқа да мысалдар молынан келтіріліп, бизнес, кәсіпкерлік салаға әйелдердің қосып отырған үлесіне жоғары баға берілді.
Панельдік сессияларда әрқилы тақырыптар қозғалып, форум қорытындысы бойынша екіжақты уағдаластықты бекіткен қарар қабылданды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы