Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі 2017 жылдың 1 қаңтарында басталатын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі жұмыс бағдарламасының мазмұнды бөлігіне дайындықты жалғастыруда, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Мәлімделген басымдықтар қатарында ядролық қарусыздану және таратпау, терроризммен және экстремизммен күрес, бітімгершілік пен бейбіт құрылыс мәселелерімен қатар, қауіпсіздік пен Орталық Азия өңірін дамыту мәселелері бар.
Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болған Орталық Азиядағы алғашқы ел екені белгілі. Осы ретте бүкіл өңірдің мүддесін қорғауға да дайын. Сондықтан Қазақстан, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысы тұрғысынан алғанда, өңірлік проблемаларды шешуге қай жағынан ықпал ете алған болар еді деген мәселе маңызды.
Осыған орай, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов жыл соңына дейін Орталық Азия мен Ауғанстан мемлекеттеріне арнайы сапармен барып, БҰҰ-ның басты саяси органының алаңында өңірлік тақырыптарды ілгерілету бойынша үйлестіру тұрғысынан келіссөздер жүргізетін болады.
Белгіленген мақсат шеңберінде 24-25 қараша күндері Сыртқы істер министрі Кабул мен Душанбе қалаларында болды. Е.Ыдырысовты екі ел астанасында да мемлекеттер басшылары – Ауғанстан Президенті Мохаммад Ашраф Ғани мен Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон қабылдады. Қазақстан Сыртқы саясат ведомствосының басшысы аталған елдердің президенттеріне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы жолдауын табыс етті. Онда 2017-2018 жылдары Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысы аясында ортақ міндеттерді шешу үшін өзара іс-қимылдың тиімді арналарын табу бойынша әрекеттестікті жолға қою туралы айтылады.
Мохаммад Ашраф Ғанимен кездесуі кезінде қазақстандық министр еліміздің өңірлік қауіпсіздік мәселелерін шешу бағытындағы жұмыстар аясында Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру перспективаларына байланысты мәселелерге баса маңыз беретінін атап көрсетті. Өзі тарапынан Ауғанстан Президенті Қазақстанды БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануымен құттықтады. Қазақстанның 2009 жылдан бастап Ауғанстан жастарын елімізде оқытып жатқан білім берудің мемлекеттік бағдарламасына өзінің ризашылығын білдірді. Нәтижесінде 1 мыңның шамасында ауғанстандық студент Қазақстанның жоғары және орта техникалық оқу орындарында оқып, тиісті білім алатын болады.
Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің алдағы тұрақты емес мүшелігі кезінде атқаратын жұмыстары, осы аяда екі ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, білім беру және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелері Ерлан Ыдырысовтың Ауғанстан Атқарушы билігінің басшысы Абдулла Абдулламен және оның орынбасары Мохаммад Мохаккекпен, Ауғанстан Президентінің Ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі кеңесшісі Ханиф Атмармен және Ауғанстан сыртқы істер министрі Салахуддин Раббанимен кездесулері кезінде талқыланды.
Кеше Қазақстан Сыртқы саясат ведомствосы басшысының Орталық Азия елдеріне турнесі Душанбеде жалғасып, оны Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон қабылдады. Мазмұнды әңгіме барысында Е.Ыдырысов көрші ел мемлекетінің басшысына Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ыстық сәлемін жолдап, екі ел мемлекеттік органдарының Қазақстан Президентінің 2015 жылдың қыркүйегінде Душанбеге жасаған ресми сапарының қорытындылары нәтижесінде қол жеткізілген уағдаластықтарды орындау жайымен таныстырды.
Е.Ыдырысов Тәжікстан басшысына Қазақстанның 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасын қолдағаны үшін ризашылығын білдірді. Министр Қазақстанның алдағы миссияның жауапкершілігі жоғары екенін жақсы түсінетінін және оны аталған алаңда Орталық Азия мемлекеттерінің ортақ мүддесін көтеру мүмкіндігі ретінде қарастыратынын атап көрсетті. Осы орайда Е.Ыдырысов Тәжікстан Президентіне өзінің Кабулдағы келіссөздерінің нәтижелері туралы айтып берді.
Өз кезегінде Э.Рахмон Қазақстанмен екіжақты қызығушылық танытылатын салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты әрі қарай нығайтуға Душанбенің әрқашан дайын екенін білдірді.
Е.Ыдырысов, сондай-ақ, Тәжікстан сыртқы істер министрі Сироджиддин Асловпен келіссөз жүргізсе, онда екіжақты негіздегі ынтымақтастық пен халықаралық ұйымдар шеңберіндегі әрекеттестік мәселелері талқыланды. Тәжікстандық министр Қазақстанның өңірден БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне алғашқы болып өкілдік ететін фактісін жоғары бағалады.
Душанбедегі кездесулерде, сонымен қатар, Орталық Азиядағы су-энергетикалық кешеннің проблематикасы бойынша пікір алмасулар болды. Барлық мүдделі тараптардың талабын қанағаттандыруға қабілетті жалпыөңірлік шешімдерді іздестіруде оң үрдіс байқалып отырғаны да назардан тыс қалған жоқ.
Екі сапардың да ашық және ізгі үнқатысу ауанында өткенін атап өткен орынды.