Ел жылнамасына енді
Тәуелсіздіктің мерейлі мерекесі қарсаңында Парламенттің қос палатасы орынды шешім қабылдады. Бұл – Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған Декларация. Онда еліміздің ширек ғасырдағы толайым табыстары да, абыройы мен беделін асқақтатқан реформалар жемісі нақты көрініс тапты. Шынында да, Қазақстан – экономикасы қарқынды өркендеген қуатты ел. Қазақстанмен экономикалық, іскерлік байланысқа ұласқан әріптестікті орнықтыруға ықыласты елдер қатары көбейе түсті. Бұл – еліміздің бәсекеге қабілетті елге айналғанының куәсі. Елімізде іске асырылып жатқан инновациялық жобалар аясында жоғары сапалы отандық өнімдер өндіретін жаңа кәсіпорындар іске қосылып жатыр. «Теңіз» бен «Қашағандай» әлемдегі көмірсутекті шикізаты орасан ірі кеніштерді сәтті игере алдық. Ел нарығын сапалы жанармай түрлерімен қамтитын Атырау мұнай өңдеу зауытындай байырғы кәсіпорын қайта жаңғыртылды. Қара теңіз жағалауына тікелей мұнай тасымалдайтын жаңа құбыр жүргізілді. Сонымен бірге, біздің еліміз аз жылда әлемдегі ең сұлу, ең әсем архитектурамен әспеттелген Астана бәріміздің мақтанышымызға айналды. Ұлы Дала төсінде осындай ұлан-ғайыр істердің Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен атқарылғаны дау тудырмайды. Елбасының ел мүддесі үшін, көп ұлтты Қазақстан халқының бақуатты тұрмысы үшін сіңірген еңбегі де ерекше. Шетелдің танымал компанияларын ұлттық экономикаға инвестиция салуға иландырып, өркениетті елдердегі озық технологияларды енгізуінің нәтижесінде, Қазақстанымыз экономикасы да, өндірісі де жаңарған мемлекетке айналды. Ұлы Даламызға жарты ғасырға жуық улы запыранын төккен Семей ядролық полигоны жабылды. Еліміздің әр өңірінде әлемде баламасы табыла қоймайтын жаңа өнімдер шығару қолға алынды. Экономиканың әр саласында өркендеу бар. Елордаға алыс-жақын елдерден, Қазақстанның әр өңірінен келушілер Сарыарқа төріндегі Астананың сәулеті мен келбетіне сүйсіне қарайтыны да даусыз. Қазақстаннан өзге бірде-бір мемлекет аз жылда дәл осындай жаңа қала тұрғызған емес. Демек, Астанадай әрі әсем, әрі сәулетті қала тұрғызуға Қазақстанның ғана әлеуеті жетті. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев қана тәуекелге бара алды. «Көз – қорқақ, қол – батыр» дейді ғой халқымыз. Ширек ғасырда Қазақстанды экономикасы қуатты, қадамы қарышты, бірлігі мен ынтымағы жарасқан елге айналдыру да, Астана секілді жауһар қала құрылысын жүргізу де соншалықты оңай емес. Десек те, Елбасымыздың батыл қадамға баруы үлкен ерлік, бұл – жүрегі Қазақстан деп соққан отаншыл ұрпақтың рухын көтерудің жарқын мысалы. Осынау қиын қадам елін-жерін шын сүйген, халқын шын жүрегімен құрметтейтін көшбасшының қолынан ғана келетініне көзіміз жетті. Елбасы еліне емірене, адал еңбек етудің үлгісін осылай көрсетті. Қазақстанның, Астананың ерекше қарқынмен дамуын экономикасы өркендеген өзге де өркениетті елдер үлгі-өнеге ететін болды. Бар әлемнің елдері Қазақстанның керемет табыстары мен еңсерген биіктеріне, асқақ елордамыздың келбетті сәулетіне ынтызарлықпен қызығады. Жауһар елордамыз – Астананың, қуатты Отанымыз – Қазақстанның мерейі – қазақтың мерейі, әлемдік көшбасшы саясаткер деңгейіне көтерілген Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың мерейі екені Декларация арқылы ел тарихының шежіресіне енді. Ғабидолла ЖАҚСЫ, «Матин Петролеум» АҚ бас директорының орынбасары Атырау облысыБүгінгіні бағалау үшін өткенді таразылай білу керек
Парламент палаталарының бірлескен отырысында Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған Декларация қабылданғаны барша қазақстандықтардың көңілінен шықты деп сеніммен айта аламыз. Өйткені, бүгінгіні бағалау үшін өткенді таразылай білу керек. Тәуелсіздік алдық, ата-баба арманы орындалып, азат ел болдық деп қолтығымызға қанат біткендей желпініп жүрдік. Бірақ, өткен ғасырдың 90-жылдарының ортасында іссапармен шетелге шыға қалсақ, қай мемлекеттен келгенімізді түсіндіре алмай пұшайман болып жүретініміз естен шыға қойған жоқ. Қазақстан деген елді мүлдем естіп көрмегендер көп еді. Біреулер Пәкістан, Ауғанстан мемлекеттерімен шатастырып жататын. Ресейдің бір провинциясы ма деп сұрайтындар да табылатын. Әрине, көңіліңе қатты келеді. Бүгінде Қазақстан десең, әңгімелесушінің көзі жарқ ете қалады. «О, о, Қазақстан. Назарбаев», дейді еліңді, Елбасыңды жақсы білетіндігін аңғартып. Мерейленіп қаласың. Тәуелсіздік Декларациясы – біздің бүгініміз бен ертеңіміз, келешегіміз. Осы ширек ғасырда біз Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен үлкен табыстарға жеттік. Әлем мойындаған, керек жағдайда ақыл салатын, санасатын мемлекетке айналдық. Декларация мәтінінде Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы – өз тарихында тұңғыш рет заманауи мемлекет құрған Қазақстан халқының ауқымды тарихи жетістіктерінің жарқын көрінісі делінген. Қазақстан үшін Тәуелсіздіктің 25 жылы ілгерілеу мен орнықты дамудың кезеңі болды. Тәуелсіз Қазақстан өзінің жаңа тарихымен табысты мемлекет және бүкіл Орталық Азия өңірінің көшбасшысы атануға құқығы бар екендігін дәлелдеді. Өз Тәуелсіздігінің 25 жылында Қазақстан экономикасы қарқынды дамыған, табысқа жетудің бірегей тәжірибесі бар саяси тұрақты мемлекет ретінде қалыптасты. Біздің елімізде экономикалық, саяси және әлеуметтік салаларда аса ірі өзгерістер жүзеге асты. Тәуелсіз Қазақстанның барлық жетістіктері мен жеңістері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тегеурінді және дана басшылығымен әрбір қазақстандықтың табанды да тынымсыз еңбегінің арқасында мүмкін болды. Еліміз «Қазақстан-2050» Стратегиясын дәйекті түрде жүзеге асыра отырып, әлемнің озық 30 елінің қатарына қосылуға қарышты қадам басуда. Мемлекет басшысының байыпты және жемісті халықаралық бастамаларымен еліміз биік халықаралық беделге ие болып, ғаламдық ядролық қарусыздану қозғалысының танымал көшбасшысына айналды... ...Тәуелсіздік тарихы осылай өріледі. Шәріпбек ЖАМАЛБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан облыстық Азаматтық альянсы» қауымдастығының төрағасы ШЫМКЕНТБұл – тұғырлы тұжырымдамамыз
Парламент палаталарының бірлескен отырысында қабылданған Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Декларациямен танысқанда, біздің осы жылдарда қаншалықты ілгері кеткенімізге тағы бір көзім жетті. Осы кезеңде Елбасы Н.Назарбаевтың ел тізгінін нық ұстауының нәтижесінде көп жетістіктерге жеттік. Нарықтық экономикаға төселіп, шағын және орта бизнестің дамуына сара жол ашылды. Қазір экономикалық өркендеудің қозғаушы күші болып табылатын тұрақты нарықтық экономикасы бар елге айналдық. Бұл біздің тұрмысымыздан айқын көрініс беруде. Кеңестік кезеңде мүмкін болмаған көгілдір отын алыс ауылдарға да барып жетті. Құнды құжатта Қазақстанның халықаралық дәрежедегі қадамдары да айтарлықтай екені айқын көрініс тапқан екен. Біздің еліміз ЕАЭО, ШЫҰ, АӨСШК секілді интеграциялық жобалардың бастамашысы және ілгерілетушісі болып табылады. Қазақстан Орталық Азия елдерінің арасында алғашқы болып 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып табылады. Декларацияда Президенттің елорданы құрудағы рөлі де баяндалған. Тарихи тағылымдық және танымдық бағыттары айқын құжатта тәуелсіздіктің арқасында қол жеткен табыстардың Елбасы саясатымен сабақтастырылуы да заңды. Экономикалық қуатымыздың қаншалықты артқаны да, тұрмысымыздың жақсарғаны да нақты деректермен дәйектелген. Тәуелсіздік жылдарында мемлекет бюджеті 1100 есеге, ішкі жалпы өнім 1500 есеге артқан. Бұл көрсеткіш қай-қайсысымызды да қуантары сөзсіз. Қазақстандықтардың өмір жасы осы кезеңде он жылға артса, бала туу көрсеткіші 60 пайызға өскен. Декларацияда «Қазақстан конфессияаралық және этносаралық татулық пен келісім үстемдік құрған мемлекет дамуының бүкіл әлемде танылған жаңа бірегей моделін құрды. Мемлекет басшысы Қазақстан халқы бірлігін нығайтудың конституциялық мәртебесі бар айрықша институты – Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды» деп атап өтілген. Біз бұл қоғамдық институттың көп ұлтты Қазақстандағы татулық пен бірлікті нығайтудағы ықпалын сезініп жүрміз. Тәуелсіздік Декларациясы келешегіміздің кемелділігіне қызмет ететін құнды құжат екеніне кәміл сенімдімін. Біз қазірдің өзінде 50 елдің қатарындамыз, алда дамыған 30 елдің қатарына ену көзделуде. Мұндай табысты жолдың бастауында Елбасы Назарбаев тұрғанын барша қазақстандық біледі. Бұл да Декларацияда айқын көрініс тапқан. Біз әлемге ядролық қарусыз өмір сүру үлгісін көрсеткен ел ретінде танылдық. Декларацияда «Қазақстан ядролық қауіпсіздік рейтингінде ең қауіпсіз елдердің қатарына кіреді. Президент Н.Назарбаев Қазақстанды еліміздің ұлттық мүдделеріне нұқсан келтірместен ядролық қарусыз мемлекетке айналдыру жөніндегі тарихи маңызды міндетті шеше білді. 1991 жылы 29 тамызда Елбасы Семей ядролық полигонын жапты. Қазақстан Президенті өз елінің ғана емес, сондай-ақ бүкіл адамзаттың тағдыры үшін өзіне жауапкершілік ала отырып, әлемдік деңгейдегі саясаткер ретінде танылды», деп атап өтілген. Елбасы бұл ұстанымын қазір де баянды ете түсуде. Ғалымжан БАЙДЕРБЕС, «Қос шынар» Әлия-Мәншүк атындағы Ақтөбе қалалық қайырымдылық қоры» қоғамдық бірлестігінің төрағасы АҚТӨБЕЖас ұрпақ – ғаламат өзгерістер куәсі
Парламент палаталарының бірлескен отырысында қабылданған «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы»Декларациясында ширек ғасыр ішінде еліміздің жеткен жетістіктеріне баға беріліп, тарихи жеңістеріміздің паш етілуі – табиғи заңдылық. Егемендік алғаннан бергі уақыт тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, қазақстандықтар үшін тамаша табыстармен қорытындыланғаны айдай шындық. Әсіресе, бүгінгі жас ұрпақ ғаламат өзгерістерге куә. Мен аға буын өкілі ретінде көп ұлтты халқымыздың осындай биік белестерге көтерілуін Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланыстырар едім. Өтпелі кезеңнің қиын уақыттарына қарамастан дұрыс таңдап алған саяси, экономикалық дара жолымыздың арқасында әлем картасынан ойып тұрып орын алдық. Елбасының тікелей басшылығымен өте ауқымды реформалар жүзеге асырылды. Қазіргі кезде де одан әрі қарқынды дамуымыздың стратегиялық іс-қимыл жоспарлары сәтті жалғасып келеді. Нұрсұлтан Әбішұлының ерке Есілдің жағасында бой көтерген, ерекше сәулеттік ландшафы бар, бірегей мүсіндік нысандары сап түзеген, жоғары технологиялы болашаққа ұмтылған әсем елорданы Тәуелсіздіктің символына айналдыруына сіңірген еңбегі өте зор. «Еуразия жүрегінде» кітабында жазылғандай, Астана – Қазақстанның жаңаруының нышаны, оның көп ұлтты жасампаз күш-қуатының куәсі. Егемен елдің азаматы ретінде мемлекеттік басқару істеріне араласа жүріп, Президенттің ойлы шешімдеріне, батыл бастамаларына талай рет куә болғанмын. Жалпы, жаңа астананы көшіру, салу, орнықтыру тұтас бір эпопея десек, артық айтқандық емес. Оның әр құрылысында Елбасының қолтаңбасы сайрап жатыр. Күн санап жаңа астананың ажарын ашып, көркейте түскен жаңа құрылыстар бәрімізді қайран қалдырады. Бүгінгі күні ірі ғылыми, мәдени және іскерлік орталыққа айналып, Қазақстанды жаңа тәуелсіз мемлекет ретінде орнықтыруда зор рөл атқарып отыр. Ал осының барлығы Декларацияда жан-жақты қамтылған. Өте орынды әрі заңды. Құдайберген ҚАЛИЕВ, Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы Солтүстік Қазақстан облысыКемел саясаттың нәтижелері
Парламент мінберінде қос палатаның мақұлдауымен қабылданған Тәуелсіздік Декларациясының маңызы зор. Биыл Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойын атап өтудеміз. Тарихи кезеңге арналған бұл құжат ел бірлігінің көрінісі іспетті. Ширек ғасыр ішіндегі Елбасының елімізді ел етуде атқарған жұмысы мен қызметі барлығымызға белгілі. Сондықтан, Декларацияда еліне елеулі Елбасының еңбегіне жоғары баға берілуі орынды. Өйткені, осы жылдар ішінде Тұңғыш Президентіміздің саяси-экономикалық бастамаларын халық кеңінен қолдап келеді. Біз «Қазақстан-2050» Стратегиясы мен «Мәңгілік Ел» идеясының төңірегіне топтаса білдік. Барлық табыс – халық болып жұмылудың, толассыз қажыр-қайратпен жұмыс істеудің және Елбасының ел мүддесін көздеген кемел саясатының нәтижесі екені шындық. Жалпы, тарих сахнасына шыққан жаңа мемлекеттердің алдында даңғыл жол тұрмайды. Саясаттың ықпыл-жықпылымен жүруге, тар жол, тайғақ кешуден өтуге тура келеді. Бұл үдерісте еліміздің Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ өз бағытын айқындап, ядролық оқтұмсықтардан бас тарта отырып, Семей ядролық сынақ алаңын жабуы халықаралық қоғамдастық үшін үлкен бетбұрысқа баланған шешім болды. Сол жылдардан бері біздің Президентіміз Қазақстан халқы ғана емес, бүкіл әлем жұртшылығының қауіпсіздігін ойлаған ізгі әрі парасатты көшбасшы ретінде танылды. Еліміздің ядролық қарусыздануға қарсы үндеуі уақыт өткен сайын өзектілігімен өзгелерге ой салуда. Осы орайда Қазақстанның Орталық Азия елдері арасынан алғаш рет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануы беделді әлемдік ұйымдардың біздің ел мен Елбасына деген сенімінің айғағы деп білеміз. Парламентшілеріміз атап өткендей, еліміз Тәуелсіздік жылдарында әлеуметтік бағдар ұстанған нарықтық экономиканы құра білді. Бұл – біздің Шығыс өңірінің мақтанышына айналған «Қазцинк», Титан-магний комбинаты, Үлбі металлургиялық зауыты сияқты түсті металл өндіру флагмандарынан бастап жеке кәсіпкерге дейінгі аралықта өрілетін нағыз әлеуметтік экономика. Осы аяда ел ішінде көптеген ірі жобалар жүзеге асты. Өскеменнің өзінде автоөнеркәсіп, түсті металлургия мен агрокешен салалары жақсы дамып келеді. Алдымызда «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бойынша ауқымды міндеттер тұр. Президент бір сөзінде айтқандай, біз тәуелсіздікті минут сайын қорғауымыз керек. Бұл – қажырлы да адал еңбек. Мұның барлығы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуы үшін қоғамдық келісім мен тұрақтылықтың орны өте маңызды. Яғни, болашағымыз – бірлікте. Лео ШИК, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Өскемен қаласының Құрметті азаматы Шығыс Қазақстан облысы