• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
26 Қараша, 2016

Қостанайда жаңа монография шықты

195 рет
көрсетілді

Қостанай облыстық «Қоғамдық келісім» үйінде «Этносаралық қатынастардың өзекті проблемалары: қазіргі жағдайы және болашағы» (Қостанай облысының материалдары бойынша) атты ұжымдық монографияның тұсаукесері өтті. Бұл еңбек жақында Астанада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесінің Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің  25 жылдығы мерекесіне орай  жариялаған байқауында бас жүлдеге ие болған еді. Тұсаукесерге облыс орталығындағы зиялы қауым және  ұлттық-мәдени орталықтардың өкілдері мен монография авторлары қатысты. Басқосуда Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы ғылыми-сараптама тобының төрағасы, заң ғылымдарының кандидаты Әлімжан Бекмағамбетов жақында ғана еліміз Парламенті қабылдаған Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің  25 жылдығына арналған Декларация туралы айтып берді. «Еліміз Тәуелсіздігін алғаннан бергі 25 жылда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен еліміз жеткен жетістіктің негізі  береке-бірлігімізде жатыр. Декларацияда осы ой нақты әрі әділ көрсетілген. Біздің ғылыми сарапшылар жазған монографияның да көздеген мақсаты еліміздегі тыныштық, қатықтай ұйыған бірлік», - деді Әлімжан Бауыржанұлы. Монографияға атсалысқан авторлар мақалаларының барлығы дерлік ғылыми салмағымен ерекшеленеді. Көпшілікке  арналған кітаптың этносаяси салада оқырманға берері мол. Мұнан кейін монография туралы жиналғандар пікірлерін ортаға салды. Кітап әзірге 500 данамен шықты. Алдағы уақытта ол қаржыға қарай көбейтіліп, облыс кітапханаларына, оқу орындарына таратылады. Нәзира Жәрімбетова, "Егемен Қазақстан".