• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
28 Қараша, 2016

Әжмағи Смағұловқа ескерткіш-бюст орнатылды

495 рет
көрсетілді

Ақтөбе қаласындағы өзінің атындағы көше мен Асау Барақ көшесі қиылысындағы алаңда Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Жұлдызды 25 жыл» шарасы аясында медицина ғылымдарының кандидаты, профессор Әжмағи Смағұловтың ескерткіші ашылды. Ескерткішті қала әкімі Ілияс Испанов, ғалымның зайыбы Мәрия Айтмағанбетова және М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің проректоры Тимур Жаркенов салтанатты түрде ашты. Салтанатты шарада сөз алған Тимур Жаркенов ғалымның сол кездегі Ақтөбе мемлекеттік медицина институтында қызмет еткен жылдары республикадағы үлгілі оқу орындарының қатарынан көрінгенін, өзін білімді де білікті басшы, шебер ұйымдастырушы ретінде танытқанын жеткізді. Алматы мемлекеттік дәрігерлердің білімін жетілдіру институтында рентгенология және радиология кафедрасының меңгерушісі болғанына, 25 жылға жуық Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының ректоры қызметін атқарғанына, оның шәкірттерінің еліміздің түкпір – түкпірінде, алыс – жақын шетелдерде жемісті еңбек етіп жатқанына айрықша тоқталды. Жоғары оқу орнының материалдық – техникалық базасын нығайтып, үш оқу корпусын, 4 жатақхана, профилактория, студенттердің демалыс лагерін салғызғанын атап өтті. Сондай – ақ, осы кезеңде медбике ісі, педиатрия, дәрігерлер білімін жетілдіру факультеттерін ашқанын, жас ғалымдарды даярлауға елеулі үлес қосқанын еске алды. Медицина саласының ардагері Ізбасқан Аймағанбетов сөз алып, ескерткіш белгінің орнатылуына мұрындық болған Ә.Смағұловтың шәкірті «Дару» оңалту орталығы» ЖШС директоры Ғалымжан Елеудің еңбегін атап өтті. Ғалымның қызы, медицина ғылымдарының кандидаты Ғазиза Смағұлова осындай тағылымды іске қолдау көрсеткен өңір басшысына перзенттік алғыс сезімін білдірді. Отыз жылдан астам теміржол ауруханасында дәрігер болып еңбек еткен Ә.Смағұловтың жары Мәрия Имандосқызы еліне  адал қызмет еткен жолдасының еңбегін бағалап, Ақтөбе қаласынан бір көшенің аты берілгеніне ескерткіш орнатуға  атсалысқан барша азаматтарға, шәкірттеріне, қызметтес достарына алғыс айтты. Шара барысында  ғалымның  ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан».           Суреттерді түсірген Хайреден Раушанов Ақтөбе.