• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
29 Қараша, 2016

Бүгінгі ұрпақ – елдің ертеңгі тірегі

388 рет
көрсетілді

Оңтүстікте «Тәуелсіздік құрдастары» атты республикалық жастар форумы өтті Тәуелсіздік – тәтті ұғым ғана емес, еркіндік аңсаған ата-бабаларымыздың ғұмырлық армандарының жүзеге асқан­дығы, азат Қазақстанның нұрлы ертеңі. Тарих үшін 25 жыл қас-қағымдай ғана уақыт болғанымен, Қазақстан осындай қысқа уақытта кейбір мемлекеттің ғасырлап басатын бас­пал­дақтарынан өтті. Тәуелсіздік құндылығын бүгінгі жастарымыз біліп өсуі керек. М.Әуезов атындағы Оңтүс­тік Қазақстан мемлекеттік универ­ситетінде «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлер кәсіподағы» қоғамдық бірлес­тігінің ұйымдастыруымен Тұң­ғыш Президент күнінің ая­сын­да, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өткен «Тәуелсіздік құрдастары» атты республикалық жастар форумы осындай ізгі ниетті негізге алған. Аталған іс-шараға қоғам қайраткерлері, Елбасымен бірге оқыған жолдастары, жергілікті билік органдарының өкілдері, республиканың жас кәсіподақ белсенділері, салалық кәсіподақ бөлімшелері құрылымдарының жетекшілері, оңтүстік өңірдің студент жастары мен ұстаздар қауымы қатысты. Аталған жастар форумының негізгі мақсаты – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел дамуы стратегиясындағы басым ба­ғыттарда белгіленген тапсыр­маларды жүзеге асыру, Па­рла­мент палаталарының бірлес­кен отырысында ел тарихы үшін аса маңызды құжат болып табылатын «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы Декла­рациясына» қолдау көрсету, жастар саясатын дамытуға, толеранттылық негіздеріне сүйене отырып азамат­тық қоғам­ды нығайту, сонымен қатар, республиканың кәсіподақтар қозғалысын жетілдіруге жастардың белсенді қатысуын қамтамасыз ету. Форум Қазақстанның Әнұра­нымен ашылып, Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев туралы бейнефильм ұсынылды. Алғашқы сөз Қазақстан салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Майра Амантаеваға берілді. – Елбасымыздың өмірі – жас­тарға үлкен өнеге, – деді Қазақ­стан салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төр­айымы Майра Тұрғанқызы. – Біз жастарға үлкен ағалары Махмұт Қасымбековтің Елбасы туралы жазған кітаптарын оқы­туға жүйелі жұмыс жасап келеміз. Өйткені, Тәуелсіздік пен Елбасы егіз ұғымға айналып кетті. Бүгінгі жастар ширек ғасырдан бері ешқандай алаңсыз жағдайда өмір сүріп жатыр. Бодандық, өзге елге кіріптар болудың не екендігін білмейді. Бұл – Тәуелсіздіктің жемісі. Енді осы жастар оны баянды ету үшін ерінбей еңбек етулері керек. Біздің мақсат осыған негізделеді. Салтанатты кеште Кәсіп­одақ­тар федерациясы төрағасының орынбасары Мұхаммет Төлеу­ғазин, М.Әуезов атындағы Оң­түс­тік Қазақстан мемлекеттік уни­верситетінің бірінші проректоры, профессор Жамбыл Айменов, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентімен бірге оқыған жол­дасы, академик Қайрат Ислам­­құлов және Салалық кәсіп­одақ­тардың жастар кеңесінің мү­шесі Болат Қалиев сөз сөйледі. Форум барысында «Ең үздік жас кәсіподақ белсенділері», «Ең үздік плакат» атты байқаудың және «Ең үздік кәсіподақ жоба­сының» жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті. «Әлеуметтік желі негіздері», «Жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту», «Мен – көшбасшымын!» атты секциялық отырыстар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, Президент Әкім­шілі­гінің көмегімен ұйымдас­ты­­рылған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы кітаптар форум қаты­сушы­ларына үлестірілді. Форумда «Тәуелсіздік құрдас­тары» атты республикалық жастар форумының үндеуі қабылданып, соңы патриоттық әндерге ұласты. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» ШЫМКЕНТ