• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
29 Қараша, 2016

Еңбек нарығының ортақ ақпараттық базасы құрылады

233 рет
көрсетілді

Ол үшін Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің қазір жұмыс істеп тұрған enbek.kz платформасының базасы қолданылады. Бұл туралы бүгін Премьер-Министр Б.Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің кезекті отырысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді. «Бағдарламаның үшінші бағытында азаматтардың жеке тобын мекенжайлық қолдауды, еңбек ресурстарының жеделдігін арттыру мен еңбек нарығының инфрақұрылымын дамытуды күшейту қарастырылады», – деп атап өтті ведомство басшысы. Министрдің айтуынша, бүгінде елімізде халықты жұмыспен қамтуға ықпал ететін оннан астам веб-сайт бар. Дегенмен, еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныстардың барлығын біріктіретін ортақ портал жоқ. Осыған байланысты жұмыс іздеу мен қызметкерлерді іріктеуге арналған Еңбек нарығының бірыңғай ақпараттық базасын немесе Еңбек биржасын құру ұсынылып отыр. Бұл жұмысты enbek.kz платформасының базасында жүзеге асыру жоспарланған. Еңбек биржасында әлеуметтік-еңбек саласының біртұтас жүйесі, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесі, жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің деректер базасы, жұмыспен қамту жөніндегі интернет порталдар біріктірілетін болады. Оған аймақтардың жұмыспен қамту орталықтары қосылады, сөйтіп жұмыспен қамту бойынша көрсетілетін қызмет мүмкіндіктері кеңейеді. Министр айтып өткендей, жекелей азаматтар тобын еңбекпен қамтудағы мекенжайлық қолдау кезінде «Жұмыспен қамту 2020» жол картасы бағдарламасында қолданылған тетіктер пайдаланылатын болады. Атап айтқанда, жастар арасында, сонымен қатар әйелдер мен мүмкіндігі шектеулі жандар арасында жоғары сұранысқа ие жастар тәжірибесі мен әлеуметтік жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстар қолданылады. Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»