«Қазақтың көшпелі тұрмыс – салты біздің буынмен аяқталды…» деп әзілдесек, оқырман оң қабақ танытар ма екен? Бірақ осы зілсіз сөзіміздің астарында шындық жатыр. Біз ақ қар, көк мұзда қыстау сағалаған, көктемде сақыман өткізген, жер қыза жайлауға көшкен, шөп басы сарғайғанда күзек жайлаған шопан әулетінің бір мүшесі ретінде көшпелі тұрмысты көріп өскен буынбыз.
…Таңертең өріске беттеген мал айналаны қою шаңға көміп жіберді. Тым әрі кеткенде 400 отбасы мекендейтін шағын ауылдың төрт бұрышынан мөңіреп сиыр, маңырап қой өріп шыққаны көзге толымды сурет болғанымен, ашатұяқтан ұшқан шаңның мұншалықты созылыңқы болғаны қызық екен. Егер дәл осы шұбатылған тозаң шулы қаланың аспанында байқалсыншы, «ойбай, смог, улы газ, денсаулыққа зиянды…» деп байбаламға басар едік. Жоқ, ауылда ондай айқай жоқ. Әне, «қой кезекке» уақ жандығын қосып келген ағай кең балақ шалбарын тізе тұсынан бастап қағып-қағып жіберіп еді, бұрқ ете қалған шаң шоланның ішін тұман қыла жаздады…
«Осыншама малды мына аптап ыстықта ауыл маңына иірмей, қыр асырып жайлауға неге шығармайсыздар?» деп сұрадық ауылдағы 30-40 бас қойы, 5-10 бас сиыры бар шаруадан. «Е, баяғыдай жайлауға шығатын қауқар жоқ елде», дейді күнқақты болған ағайын. Ауылдың малын жайлауға шығару үшін кемі 100 шақырым алысқа көшу керек екен. Ол қып-қызыл шығын. Әрине, жекелеген шаруа қожалықтарын құрып, жер тырмалап егін еккен, мал басын көбейтіп қора-қопсы салған орта дәулетті шаруалардың дені бұл мәселені шамасы жеткенше шешіп алыпты. Ал, артық техникасы, тіпті адам күші жоқ тұрғындар үшін уақ жандықтарын ауыл маңына айнала жайғаннан басқа айла қалмай отыр.Тіпті,кейбір өңірлерде иен жайлайтын жайылымдық алқаптар түгілі, малды бір күн оттататын жер тапшы екен. Өйткені, танаптар не жекешеленіп, не сатылып кеткен…
Өкініштісі, дәл осы елді мекендердің маңын өріске айналдырудың зардабын тағы да тұрғындар тартып отыр. Қазір экологтар адамдар шоғырланған аймақтардағы жер қабатының тозуы белең алғанын айтып дабыл қағуда. Дәл осы қоршаған орта проблемасы қазақ ауылдарына да тән. Бәлкім, арнайы маманның сараптамасынсыз дабыл қағуға болмайтын шығар, бірақ, күн сайын 500 бас қой мен 300 бас сауын сиырдың тұяғы тілгілеген топырақта қандай құнар қалды дейсіз? Қадау-қадау өскен қара жусан мен басы қылтиған бетегені жұлып жеп талғажау қылған мал жарықтықтың қоңы оңала ма? Демек, ауыл маңын жайылымға айналдырған ағайын өзін алдап, жұбатудан әріге бара алмай отыр деген сөз. Мұны шаруалардың өздері де мойындайды. Көктем-жаз бойы жайылымда болған малдың қыстамаға кіре сала күй-қоңы күрт төмендеп, аяғы көтерем болып шығатынын жасырмайды. Қыс ішінде жем сатып алып шығынданатындары тағы бар екен. Яғни, ауылдардағы жайылым мәселесін реттеудің, онда да заңдық тұрғыда жол көрсетудің уақыты келген сияқты.
Қуанышқа орай, ондай қадам бар екен. Ел Парламентінде «Жайылымдар туралы» заң жобасы қаралып жатыр. Дәл осы заңның қабылдануы жағдайды өзгертуі мүмкін. Әрине, заң малды былай жайма, анда бақпа деген нұсқаулық емес, реттеуші нормалардың тетігін іске қосу үшін қажет. Заңсыз сатылып немесе жекеге өткен аумақтардың ортақ игілікке қызмет етуін қамтамасыз етсе және игерілмей жатқан мыңдаған гектар алқаптарға жан бітіретіндей тетіктерді іске қосатын заң болса дейміз. Өйткені, қазір еліміздегі жайылымдық алқаптарға қатысты статистика көз қуантпайды. Мысалға, 188 млн га жайылымның тек қана 80 млн гектары, яғни 43 пайызы ғана адамдарға қызмет етуде. Ал, 27 млн гектар жайылым тозып барады. Басқа зардаптарды айтпағанның өзінде, тусырап, тікенек шөп басқан осы алқаптар ел экономикасына 1 млрд доллар шығын әкеледі екен.
Жалпы, еліміздегі ірілі-ұсақты шаруа қожалықтарының иелігінде 20 миллион басқа жуық төрт түлік мал бар екен, жайылымдық алқаптарды тиімді пайдалану жолға қойылатын болса, мал басын тағы осынша арттыру мүмкіндігі туады деген сөз. Бұл еліміз үшін ет және сүт өнімдерін ұлғайтудың таптырмайтын жолы екені анық. Демек, «Жайылымдар туралы» заң қабылданып, оның жүзеге асу тетіктері ауылдың мүддесін көздейтін болса, Қазақстан экономикасының шын мағынасындағы арқа сүйері агросектор, оның ішінде мал шаруашылығы болар еді…
Қалмаханбет
МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»