• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
20 Қаңтар, 2010

ІЗДЕНІС ІЗДЕРІ

1679 рет
көрсетілді

ХХІ ғасыр адамзат баласының алдына шешімі күрделі де іргелі мәселелерді  қойып отыр. Әлем жа­һан­дану дәуіріне қадам басумен бірге тұтастану, бірігу, кірігу үде­рісіне батыл бет бұруда. Осындай жағ­дайда болашақ бағдарымыз қан­дай болмақ, әлемдік қауымдастықта егемен еліміздің алатын орны қан­дай, тәуел­сіздікті қалай тұғырлы ете түсуге болады дегендей өзекті сұрақ­­тар, ата-бабадан мирас болып келе жатқан ұлттық құндылықтарды сақ­тау, оны жаңа дәуір талабына сай жаңғырту, әсіресе, мемлекеттік мәр­т­ебеге ие бол­ған ана тіліміздің қол­­даныс аясын кеңейте түсу сияқ­­ты өткір мәселелер қазіргі қоғамы­мыз­­дың зиялы қауымын толған­дыру­да. Толғаныс­тағы сондай абзал азамат­тардың бірі – саяси ғылым­дардың докторы, Қазақ ­гу­­ма­ни­тар­лық заң универси­тетінің профессоры Әбді­жәлел Қош­қарұлы Бәкір. Әбдіжәлел 1963 жылы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың (қазіргі Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті) әдебиет факультетін үздік дипломмен бітір­геннен кейін, еңбек жолын халыққа білім беру саласында бастады. Алайда, көп ұзамай Қызылорда қала­лық комсомол комитеті қыз­мет­ке шақырды да, кейін осы орган­ның бірінші хатшысы, сонан соң облыс­тық комсомол комите­тінің хатшысы болып істеді. Кезінде жастардың саяси һәм қоғам­дық мектебі болған комсомолдың жас кадрдың қалыпта­суында өзіндік ор­ны болғаны шындық. Ол содан об­лыстық партия комитетіне ауысып, оның бөлім меңгерушісіне дейін көтерілді. Осы кездері Қазақстан­ның белгілі ғалы­мы, этноәлеумет­тану ғылым­дары­­­­ның негізін салу­шы­лардың бірі, филосо­фия ғылым­дарының док­торы, про­фессор М.М.Сужиковтің же­тек­­шілі­гі­мен ұлтаралық қатынас­тар тақы­рыбына диссертация қорғап, фило­софия ғылымдарының кандидаты дәре­жесіне ие болды. 1991 жылы республикада соң­ғы­лардың бірі болып Сыр бойында телеарна ашылды. Әбдіжәлел Бәкір партиялық жұмыстан осы телерадио хабарларын тарату компаниясының төрағасы қызметіне ауысты да, өңір­­де осы бір ақпараттың аса ма­ңыз­ды саласының жандана түсуіне игі ықпал етті. Комсомол және пар­тия органдарында халықпен жұмыс істеудің белгілі мектебінен өткен басшы жаңадан қалыптаса бастаған ұжым жұмысын шығарма­шы­лық­пен ұйымдастыра білді. Ел өмірінің аса тағдырлы кезеңінен туған жаңа ақпараттық-танымдық телерадио ұжымын облыс көрермендері ал­дын­да ерекше беделге ие етті. Тіке­лей эфирдегі “Жүздесу” және “Кө­кей­кесті” хабарлары жұртшылық жүре­гі­не жол тартты. Осы жылдары телеарна 4 мәрте республикалық байқаулардың жеңімпазы атанды. Шығармашылық топтың күш-жігері жыр елі – Сыр елінің өне­ріне, оның иелері мен өнерді қол­даушылар және қорғаушылар қыз­метін насихат­тауға бағытталды. Об­лыс­та тұратын ақын, әнші, жыршы-күйші­лердің, әуесқой ком­пози­тор­лардың түгел дерлік авторлық кеш­тері өткізіліп, оның біразы “Қа­зақ­стан” телеарнасы ар­қы­лы рес­­пуб­ликаға таратылды. Балал­ар мен жас­тар арасында музы­калық шы­ғар­ма­шылықты дамыту, жас та­ланттарды ашу мақсатында тұңғыш рет “Әнші балапан”, “Таң­шол­пан”, “Жас қанат” байқау­лары ұйымдас­тырыл­ды. Осы бай­қауларда шың­дал­ған М.Сәдуа­қасова, А.Кіш­кен­баев, Г.Оразым­бетова, т.б. жас ән­ші­­лер бүгін өздерін танытып, ха­лық­­тың сүйікті әншілеріне  айналды. 300 жылдай алдымен патшалық Ресейдің отарында, кейін кеңестік кезеңнің қыспағында болған Қазақ­станның азаттық алып, өз билігі өз қолына көшуі қоғамда демокра­тиялық өзгерістердің қарқын алуы­на игі ықпал етіп, рухани сілкініс­терге алып келгені белгілі. Соны бағыт­ты қолдаған сан алуан қоғам­дық қозға­лыстар мен саяси партия­лар жаппай құрылып, ұлттық мүд­де­лерімізді биік деңгейге көтере бас­тады. Осы жыл­дары саяси-қоғамдық жұмыс­тың бірсыпыра мектебінен өткен Бәкір республи­ка­да бой көтерген Қазақ­стан демо­кратиялық партия­сы­ның аудан­дық, қалалық  ұйымда­­рын құ­рып, өзі оның облыс­тық ұйы­мының төраға­лы­ғына сай­ланды. Кейін осы пар­­тия­ның аты­нан Қа­зақстан Респуб­ли­касы кәсіби Пар­ламенті Мәжілі­сі­нің алғашқы, 1995 жылғы сай­лауына қатысып, депутат болды. Ап­параттық қызмет­те ысыл­ған ол заң шығарушы­лық жұмысқа қызу кірісіп кетті. “Мәде­ниет тура­лы”, “Саяси партия­лар туралы”, “Бұ­қа­ралық ақпарат құрал­дары тура­лы”, “Жарнама  тура­лы”, т.б. заң­дар жөнін­де құрылған жұмыс топ­тарына  жетекшілік жасап, оларға қазақ халқының ұлттық мәде­ниеті мен тілін, мүддесін қор­ғай­тын бір­неше заңдық нормаларды енгізуге көп күш-жігер жұмсады. Мысалы, ол –  “Тіл туралы” Заң­ның 18-бабы­ның екінші бөлігіндегі “Қажет­ті тілдік ортаны жасау және мем­лекеттік тіл­дің толыққанды қол­даны­луы мақ­сатында, олардың меншік нысанына қарамастан, телерадио арналары арқылы беріле­тін мем­лекет­тік тілдегі хабарлардың көлемі уақыт жағынан басқа тілдер­дегі хабарлардың жиын­тық көлемі­нен кем болмауға тиіс” деген құқық­тық норманың авторы. Кезін­де осы норма­ның жүзеге асуы­ның өзі оңай бола қойған жоқ. Бірақ Мәдениет және ақпарат ми­нистрлі­гінің қажыр­лы қызметінің арқа­сында көптен қалыптасып қал­ған қасаң үрдіске тосқауыл қойы­лып, отандық телеар­наларда  қазақ тіліндегі хабар­лардың үлес салмағы артты. Тұңғыш рет “Жарнама ту­ралы” Заң қабыл­даған­да Әбді­жәлел Бәкірдің ұлттық мүддені берік ұс­тануы, әлемдік жар­на­ма мәдение­тіне ұмтылысы, қиын­шылықпен қа­былданған бұқаралық ақпарат құрал­­дарында ішкілік ішу мен темекі шегуді жарнамалауға тыйым салу жөніндегі нақты ұсы­ныстарын Үкіметтің алдына депутат­тық сауал арқылы  шешудегі қажыр­лы қызметі сол кездегі депу­тат­тар жадында, газет, телерадио­ларда кем жазылып, аз айтылған жоқ. Әбдіжәлел Бәкір Парламенттің басқа да сан-салалы қызметіне бел­сене атсалысты. Парламенттік деле­га­ция құрамында Ресейде, Түркия­да, Германияда, Францияда, Үнді­стан­да, Катарда, Моңғолия мен Қытай­да болып, парламентаралық қатынас­тар­ға өз үлесін қосты. Санкт-Петер­бург қаласында 1999 жылы ТМД елдерінің Парламен­т­аралық Ассам­блеясы ұйымдас­тырған “Нарыққа өту кезеңіндегі білім проблемалары” және 2003 жылы “Қазақстан: тарих, мәдениет, тіл” атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция­ларға, Ресей Федерациясының Мем­­лекет­тік Думасы өткізген “ТМД елдерін­дегі тілдік қатынастарды заң­дық реттеу” атты парламенттік тың­дау­ға қатысып, Қазақстан Респуб­ли­ка­сындағы білім және тілдік қа­ты­нас­тар жайында баяндамалар жасады. 1999 жылы Мәжіліске екінші рет сайланған Ә.Бәкір парламента­ризм­нің теориялық мәселелерін жан-жақ­ты қарастырып, Қазақстан  кәсіби Парламентінің  қалыптасуын ар­найы зерттеуге бел буады. Осы та­қы­рыпқа 30-дан астам ғылыми мақа­лалар жазып, диссертация қор­ғап, саяси ғылымдардың докто­ры дәрежесіне ие болды. Депутат­тың Парламент Мә­жі­­­лі­­сінің, комитет­тің отырыс­тарын­да сөйлеген сөздері, жасаған баянда­малары, депутаттық  сауал­дары мен сайлау­шылармен жазысқан хаттары, заңдар  туралы және ғылы­ми  мақалалары “Ел сенімі”, “Ана  тілім – абыройым менің” және “Депу­тат әлемі” атты кітаптарға арқау болды. Ғалым заң шығарушы органның мәселелерін тек ғылыми әдебиеттер мен ресми құжаттардан ғана біліп қоймай, 9 жыл Мәжіліс депутаты ретінде көп мәселелерді өз көзімен көріп, ой елегінен өткізді. Сондық­тан зерттеушінің жүйелі ғылыми ізденісі­нің белгілі өрісі, басты еңбегі – “Қа­зақ­стан Республикасы кәсіби Пар­ламентінің қалыптасуы: саясат­танулық талдау” атты монография болғаннан кейін осы еңбекке ар­найы тоқталғанды жөн көрдік. Зерт­теуші мемлекеттік биліктің бөлінуі туралы классикалық теорияларды ғылыми-әдістемелік негізге ала оты­рып, парла­мент институтының мем­­лекет­тік ор­ган­дар жүйесіндегі орнын жан-жақты қарастырады. Қазақтың дала демо­кра­тиясының белгілі көріністері болған хан, билер кеңесінен бастап, кешегі кеңестік кезеңдегі Жоғарғы Кеңестер, қазіргі саяси-құқықтық мәртебесі айқын­далған, аса маңызды қоғамдық қаты­­настарды заңдық тұрғыдан рет­теуші, елімізде жүріп жатқан күрделі реформалардың құқықтық негізін қамтамасыз етіп отырған кәсіби Пар­ламенттің қалып­тасу үдерісі тұңғыш рет кешенді түрде, жүйелі талданады. Парламент қызметі­нің ерекшеліктері, оның құрылымы мен функциялары  жіті зерделенген. Заң шығарушылық жұмыстың сапасын арттыруда тұрақ­ты коми­тет­тердің рөлі, депутат­тардың белсенділігі мен жауап­кер­шілігін арт­тырудың проб­лемалары нақты көтеріл­ген. Пар­ламент пен мемле­кет­тік билік­тің бас­қа тармақ­тары  ара­сын­дағы теже­ме­лік және тепе-теңдік жүйенің қызмет ету тәсілдері зерттел­ген. Заң шығару­шы органның өкілет­тігін кеңей­тудің саяси қажетті­лік­тері, әсіре­се, оның  бақылау функциясын арт­тырудың нақты жолдары белгі­ленеді. Парла­менттің әлемдік пар­ла­ментаризм қа­ғи­­даттарына сәйкес құзы­ретке, шы­найы саяси мәртебеге ие болуының қоғамдағы жүргізіліп жатқан күрделі саяси-құқықтық, әлеу­­меттік-эко­но­микалық рефор­маларға игі әсері мол болатындығы дәлелденеді. Соңғы жылдары Ә.Бәкір ХХ ғасырдың басындағы қазақтың қоғам­дық санасының жаңа бағытта дамуы­на орасан зор әсер еткен Алаш қозға­лысын зерттеп келеді. Бұл жайдан-жай емес. Алаш қозға­лысы өзінің саяси топ басшылары, қоз­ғаушы күші мен алдына қойған мақ­саты және қамтыған аумағы жағынан қазақ тари­хындағы қозға­лыс­­тардың ең маңыз­дысы әрі жо­ғары деңгейде ұйымдас­қаны бола­тын. Шынтуай­тына келген­де, Алаш­орда қайраткер­лері өздерінің білім деңгейі, саяси белсенділігі, ұлтшыл­дық қуаты мен қасиеті, рухани пара­саттылығы жағы­нан Қазақ­стандағы Кеңес өкіметін құрушы­лар­дан әлдеқайда алда болған еді. Олар­дың Қазақ елінің сан ғасырлық даму тәжірибесін, салт-дәстүрін дамы­та, басқа өрке­ниетті елдердің өмір тә­жірибесін ескере отырып, тәуел­сіздік жолды таңдап, күрес жолында саяси-демократиялық партия мен ұлттық дербес мемлекет құру деңгейі­не шейін көтерілгені белгілі. Алайда Алашорда өкіметі екі жарым жыл­дай ғана өмір сүрді. Бірақ азаттық­ты аңса­ған асыл армандар жүзеге аспа­ғаны­мен, ұлты­ның азат­тығы үшін күрес­кен, артына саяси һәм рухани мол мұра қалдыр­ған Алаш ардақты­лары­ның құдіретті рухы жоғалмады. Ол елімізді 1990 жылы  егемендікке, ал 1991 жы­лы мем­лекетімізді тәуел­сіз­дікке жет­кіз­ді. Осы рух алда да елі­міз­­дің әлемдік өркениетті мемле­кет­тер қатарына енуіне ықпал етеріне дау жоқ. Зерттеуші Алаш қозғалысын жүйе­­лі зерделей отырып, бірнеше мақа­лалар жазып, соның негізінде “Алаш қозғалысы саяси топ басшы­ларының әлеуметтік көзқарастары” деген тақырыпта жоғары оқу орындарына арналған оқу құралын дайындады. Бүгінгі әлемдік жаһандану жағ­дайын­дағы тәуелсіздігіміздің тұғыр­лы дүниелері – ұлттық мемлекеті­мізді  жетілдіру, ұлты­мыздың бәсе­кеге қабілетті болып қалыптасу үдері­сі, мәдени құнды­лықтарды заман та­лабына сәйкес дамыта түсу, еліміздің жетекші әлеуметтік күші болып табылатын мемлекеттік тілдің бүгінгі тағдырлы мәселелері Әбді­жәлел Бәкірдің тұрақты ғылыми назарында. Халқымыздың қайсар қаламгері Шерхан Мұртаза ағамыз кезінде Мәжілістегі өзінің әріптесін “Қазақ тілінің пәруана жанашыры” деп атаған болатын. Шынында да, Әбді­жәлел Бәкір мемлекеттік тілдің әлеу­меттік қырларын жүйелі түрде зерт­теп келеді. Оның Қазақ гумани­тарлық заң университетінің бір топ ғалымдарымен “Қазақстан Респуб­ликасының мемлекеттік тілі туралы” Заң  жобасын дайындауға белсенді атсалысуын да осы бағыттағы нақты еңбегі деуге толық болады. Ол – 90-нан астам ғылыми-публи­цистика­лық мақалалардың авторы. 2005 жылдан Қазақ гуманитар­лық заң университетінің профес­соры ретінде Ә.Бәкір оқытушылық жұмыс­ты, оқу үдерісінің сапасын көтеруді негізгі міндеттерінің бірі­нен санайды. Жоғары жауапкер­шілікті қатаң серік еткен, өмірлік тә­жіри­бесі мол профес­сор студент­термен жұ­мыс­та ұлттық тәрбие мә­с­е­лелеріне  көп көңіл бөледі. Әсіре­се, жастар­дың азаматтық, отаншыл­дық қасиет­теріне ерекше назар аударады. Ол ұжымның қо­ғам­дық өміріне белсенді арала­сып, әртүрлі ғылыми-теориялық конферен­цияларға жиі қатысып, өміріміздегі өзекті рухани мәселелері бойынша өз ойларын  әрдайым ортаға салып отырады. Әбдіжәлел Бәкір жоғары білімді мұғалім, Қазақ КСР оқу ісінің үздігі Туғанай Мұқанқызымен екі қыз, бір ұл өсіріп, немерелер сүйіп отыр. Үл­кен қызы Ақсәуле Мәскеудегі бұрын­­ғы Плеханов атындағы халық шаруашылығы институтын үздік бітірген, жеке кәсіпкерлік қызметте. Ұлы Бауыржан Ұлттық қауіпсіздік комитетінде, подполковник. Кіші қызы Айгүл жоғары білімді, Мәскеу­де жұмыс істейді. Ғылыми өрісі кеңейіп, қаламы ұштала түскен әріптесімізге отбасы­ның амандығын тілеп,  алда да жаңа табыстарға  жете беріңіз деген тілек білдіргіміз келеді. Қанапия ҒАБДУЛЛИНА, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор.