• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
06 Желтоқсан, 2016

Көркемдікті киізбен өрнектеген

164 рет
көрсетілді

Облыс орталығындағы көр­кемсурет музейінде Суретшілер одағының мүшесі, С.Торайғыров атын­дағы мемлекеттік уни­верситеттің «Архи­тектура және дизайн» ка­федрасының оқы­тушысы Майса Ықыластың Тәуел­сіздіктің 25 жыл­дығына арналған көрмесі өтуде. Суретшінің «Менің Қазақ­станым» атты пейзаждар сериясы еңселі елдікті, егемендікті, ұлттық дәстүрге қанық көріністерді шебер бейнелейді. Қылқалам шеберінің алуан түрлі тақырыптағы, әртүрлі жанрдағы қолтаңбасы кім-кімді де бейжай қалдырмайды. Көрмеге келушілер Майсаның киізден жасаған туындыларын да көре алады. Қазақтың төл өнері – киіз басу әдісімен жасалынған «Наурызша», «Торайғыр көлі», «Күн шуағына шомылған күз» атты көптеген шығармалары бар. Суретші киізбен «сурет салуды» кішкентай күнінде әжесінен үйренгенін айтады. Бала кезінен санасына ұялаған суреттерді қылқалам шебері соңғы кезде өнер туындысына айналды­рып, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленіп жүр. Әрбір ою-өрнек бір-бірін толықтыра түсіп, тұтас бір композицияны құрайды. Суреттердегі дәстүрлі бояулар орнына бедерленген, түрлі түске боялған қой жүні ерекше көркем көрінеді. Тіпті, боялған жүннің өзі суретшінің не жасамақ ойын ұққандай бір-бірімен қабысып, өзінен өзі суретке айналғандай ерекше әсерлі. Ұлттық дәстүрді өнер арқылы өрістетуге орай, суретші Майса Ықыластың өз байламы бар. – Уақыт жылдам, бірақ, ұлы дәстүр жалғасын табады. Мұқағали жазғандай, Үш бақыт – Халқымыз, Тіліміз, Отанымыз бар. Ендеше, осы үшеуі тұрғанда, ұлттың ұлы дәстүрі де мәңгілік. Мәңгілік демекші, қазір «Мәңгілік Ел» тақырыбы мені қатты толғантып жүр, әзірге аталған іргелі тақырыпқа ойша дайындалып жүрмін, – дейді суретші. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан» ПАВЛОДАР