Әңгімеге арқау етіп отырған Рымбек Жүнісов – Алаш ардақтылары Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаев дүниеге келген Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданының тумасы. Сол төл топырағының кие-кепиеті бойына дарыған, аузы дуалы, сөзі уәлі, жүзі жарқын, атымтай жомарт мінезді, қажырлы да қайратты ардагер азамат. Өнегелі өмірінің елу жылы кеңес заманында өтсе, кейінгі 25 жылы – тәуелсіздікпен тұстас әрі тағдырлас. Ата жасында аттан түспеген жасампаз жанның ізгі жаратылысы, парасатты болмысы жаныңа шуақ тарататыны анық.
Мен білетін Рымбек – сезімтал, пайымды, болжамды адам. Сегіз қырлы, бір сырлы, жоғын табатын, барын ұқсататын, шапшаң шешім қабылдайтын, тоқмейілсуді білмейтін, көлгірліктен ада, ішкі дүниесі бай, талғампаз, ізденімпаз, талапшыл кісі. Бұл қасиеттер оған ана сүтімен сіңген. Анасы Тоқырауын бойындағы атақты Тұмабай байдың асына алпыс атан түйе байлаған Омаш деген болыс баласының қызы екен. Ал сол Омаштың балалары кеңестік дәуірдің алғашқы кезеңдерінде байдың тұқымы ретінде біраз қыспақ көргенімен, кейін Алматыда оқыған тәуірлердің санатында болып, жақсы қызметтер атқарып, ауқатты тұрмыс-тіршілік кешкен. Солардың бірі – шешесінің туған інісі Ғазиз дүниеден өтер алдында Рымбекке өзінің ақша салатын әмиянын атап, ырымға қалдырыпты. Сондықтан болар, Рымбек нағашы жұртының аруағын қатты сыйлайды, әрқашанда өзінің тағдырына олардың атақ-айбарының, ырысының жұғысты болғанын айтып отырады.
Сұрапыл соғыс басталған жылы туған Рымбектің балдәурен балалығы қиын-қыстау заманға тап келді. Тауқымет пен тапшылық оны, өз тұрғыластары секілді, ерте есейтті. Жігерін жанып, биік мұраттарға талпындырды. Мектеп бітіргесін кеңшардың қатардағы жұмысшысы болып жүрген ұлдарының таудай талабы мен қабілет-қарымын аңғарған ата-анасы ақ батасын беріп, Рымбекті Алматыға оқуға аттандырды. Әуелі техникумда, одан соң институтта агроном мамандығының қыр-сырын түгел меңгеріп шыққан жігіт кіндік қаны тамған өңірге оралып, ширек ғасыр табан аудармай қызмет істеді. Тарыдай болып кірген жерінде таудай болып жетілді.
Осы мерзім ішінде кеңшардың бас агрономдығынан аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына дейінгі сатылардан абыройлы өтті. Ширақ іскерлігі, ұйымдастырушылық дарыны, міндетіне адалдығы, елге жақындығы арқасында еш қиындыққа мойымастан, әрқашан көздеген межеден көрінді. Қай жауапты жұмыста да төңірегін түгендеп, қарауындағы қызметкерлерін қолдап-қорғап жүрді. Қадамдарын шалыс бастырмады, ешбіріне зиян шектірмеді, баршасына шарапатын тигізді. «Жақсымен жолдас болсаң – жетерсің мұратқа, жаманмен жолдас болсаң – қаларсың ұятқа» деген ұлағатты сөз осындайда айтылса керек.
Рымбек Жүнісовтің елге жасаған еңбегі лайықты бағаланды. ХІІ сайланған Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты, екі мәрте «Құрмет Белгісі» орденінің иегері болуымен қатар, осы күні Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Өзі туып-өскен ауданның құрметті азаматы. Жетпістің жуан ортасына жетсе де, қоғамдық жұмыстан қол үзген емес. Ілгеріде «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі ретінде белсенді өмірлік ұстанымын танытса, қазір Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі ретінде ел ынтымағын жарастырудың бел ортасында жүруі де бір ғанибет.
Нарық заманының кілтін тауып, тындырған шаруасының өзі бір төбе. Астанадағы «Ақмола-Бетон» ЖШС компаниясы» директорлар кеңесінің төрағасы ретінде 100-120 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп, ел экономикасына үлес қосып келеді.
«Білім мен ақыл бәрін жеңеді. Ақша байлығымен рухани байлықты алмастыра алмайсың» дей отырып, «Көңілге түйгендерім», «Тоқырауын тоқырамасын» атты кітаптар жазу арқылы ғұмырлық тағылымы мен тәжірибесін көппен бөліскен Рекең – құтты шаңырақтың иесі. Оның бүгінде ел ағасы, қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілуіне жұбайы – шуақты отбасының анасы Бәзила Қалиқызының сіңірген еңбегі жөнінде айтпай кету ағаттық болар еді. Олардың бас қосып, ортақ шаңырақ көтергендеріне жарты ғасыр уақыт өтіпті. Бәзила да халық құрметіне бөленген, ел арасында ерекше орны бар, сұлу да сүйкімді, келбетті де керімсал жан. Мамандығы – дәрігер. Өте мәдениетті, адамгершілігі жоғары, ортасының сәнін келтіріп, мәнін арттырып отыратын ақжарқын, таза ниетті, кең жүректі асыл адам. Қалжың мен әзілді келістіріп айтқанда, айналасын күлкіге көміп тастайды. Дәмді тағамдарға толы берекелі дастарқаны қашан да жаюлы, қолы ашық, қонақтарын қуана күтетін аса көркем мінезді ошақ иесі. Жолы болар, бағы ашылар ер-азаматтың жары осындай болар.
Жұбы жарасқан Рымбек пен Бәзила – қазір ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, 9 немересі мен 4 шөбересінің қызығына кенеліп отырған ардақты ата, әз әже. Құт қонған әулеттерінің бақыты мен берекесі баянды болсын деймін.
Тишбек ТЯЖИН,
Халық ағарту ісінің үздігі,
дербес зейнеткер