Облыста елді пункттерді газдандыру жұмыстары жалғасуда. Жақында тағы бір елді мекен – Аққұдық ауылына газ берілді. Боранға қарамастан, аққұдықтықтар ауыл сыртындағы автоматты газ бөлу стансасы маңында көп жиналды. Талай жылдардан бері арман болып келген көгілдір отынның игілігін көруге ықыласты ауылдықтардың салтанатты сәтке асығулары да орынды. Олар үшін мұның өзі өте маңызды шара екені сөзсіз. Бұйығы ауыл тіршілігіне көгілдір отынның көп жақсылықтар әкелетінінен үмітті ауылдықтар.
Бұл ауылда кезінде егемендіктің елең-алаңындағы қиындықтарға шыдамай қалалы жерге қоныс аударып кеткендер де болыпты. Қазір ауылда біраз үй бос тұр екен. Алайда, іргеден әктас өндіретін кен орны ашылып, 40-тан астам ауылдық көктей өтіп жатқан «Хромтау-Алтынсарин» темір жолына жұмысқа тұрып, ауылдың жағдайы түзеле бастапты. Ауыз су әр үйге барып тұр, енді міне, газ келтірілді. Аққұдықтықтар енді ірге көтеріп кеткен жерлестерінің қайтып оралатынына сенімді.
Ауылға газ берілу салтанатында сөз алған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аққұдықтықтарды қуанышты сәттерімен құттықтады, биылғы жылдың барша қазақстандықтар үшін айрықша маңызды екенін жеткізді.
– Еліміз үшін маңызды оқиға – Тәуелсіздіктің 25 жылдығын мерекелеуге дайындалуда. Бұл мерекеге тартулы табыстармен және үздік көрсеткіштермен баруымыз керек. Елбасының тапсырмасы бойынша халықтың тұрмысын жақсарту, олардың түйінді әлеуметтік мәселелерін шешу шаралары іске асырылуда. Биыл барлық аудан орталықтары газдандырылды, облыс тұрғындарының 92 пайызы көгілдір отынның игілігін көріп отыр. «ҚазТрансГаз» АҚ-тың 2012-2020 жылдарға арналған инвестициялық жобалары аясында 300 шақырым газ құбыры тартылды. Таяу жылдарда облыс тұрғындарының 96 пайызы газбен толық қамтамасыз етіледі, – деді өңір басшысы.
«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Ақтөбе өндірістік филиалы директорының орынбасары Ермек Қалдығұлов ауылдықтарды газдың берілуімен құттықтап, қысқа мерзімде 200 шақырым газ құбыры тартылғанын, барлық аудан орталықтары газдандырылғанын, енді алыс ауылдарға көгілдір отын жеткізілетінін атап өтті.
Содан кейін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған топ көгілдір отынның игілігін көріп отырған «Қайнар» шаруа қожалығының жетекшісі Бауыржан Дәулетияровтың үйіне барды. Бауыржанның анасы Жұмасұлу әже көргеннен-ақ алғысын жаудырып, ризашылығын білдірді.
– Бүгін біздің ауыл үшін «ақ түйенің қарны жарылған» ақжарылқап күн болды. Үйлерімізге газ кіргізіліп, көгілдір отынның игілігін көріп жатырмыз. Ауыл үстінен темір жол өтеді, ауыз су, электр бар. Енді бұдан артық не керек. Мемлекет басшысына және оның саясатын жүзеге асырып жатқан облыс басшыларына, газ қызметкерлеріне үлкен рахмет айтамын. Ауылдағы кейбір мәселелерді шешудегі қолдау – көмектері үшін ризашылығымды білдіремін, – дейді сексеннің сеңгіріне шыққан Жұмасұлу Дәулетиярова.
Мұнда газ реттеу блогы пункті салынған, 11 шақырым құбыр тартылған, құбыр әр үйдің тұсына келіп тұр. Бұл 500 тұрғыны бар 126 үйді және 9 коммуналдық-тұрмыстық нысанды көгілдір отынмен қамтамасыз етуге толық мүмкіндігі жетеді. Қазірдің өзінде 40-қа жуық тұрғын үй газға қосылған. Қалғандары да құжаттарын түзеп, қаржыларын жинап үйлеріне газ кіргізудің қамында жүр. Бұл жұмыс жалғасуда. Жалпы, Аққұдық ауылының ажары кіріп, тұрмысы жақсара түсетініне сенім мол. Аққұдықтықтар қалаға қоныс аударған ауылдастарының қайтып оралатындарынан да күдер үзбейді. Осындай үміттің оянуына осындағы тұрмыстық игіліктердің жасалуы да алғышарт жасайды. Соның бастысы бүгін беріліп отырған газ екені сөзсіз. Енді ауылдың қыз келіншектері от жағып, күл шығарудан босады. Көгілдір отынның келуі шағын және орта бизнестің де дамуына ықпал етеді дейді білетіндер.
«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне аз қамтылған 4 отбасыға үйлеріне тегін газ қосу үшін сертификаттар тапсырды.
«ҚазТрансГаз» АҚ пен облыс әкімдігі арасында жасалған меморандумның арқасында биыл барлық аудан орталықтарына газ жеткізілді, яғни, оларда тұратын 715 мың тұрғын көгілдір отынның қызығын көре алады деген сөз. Инвестициялық қаржы есебінен Қарғалы ауданының Қосестек, Әйтеке би ауданының Комсомол, Ойыл ауданының Ойыл ауылдарына елді мекен шетіне дейін, Ырғыз ауданының Ырғыз және Алға ауданының Үшқұдық ауылдарына көшеішілік жалпы сомасы 5,9 миллиард теңге тұратын 293 шақырым құбыр тартылды.Үстіміздегі жылы Мәртөк ауданының Жайсаң селосына дейінгі 2014 жылы басталған кіреберіс газ құбыры құрылысы бюджет есебінен аяқталды. Биыл Мәртөк ауданының Казанка, Қарғалы ауданының Жосалы, Кемпірсай, Шалқар ауданының Шетырғыз ауылдарына газ құбырын тарту басталды.
Жалпы құны 14,3 миллиард теңге тұратын 12 жоба жүзеге асырылатын болады, яғни, 316,8 шақырым газ құбыр тартылды. Оған Әйтеке би ауданындағы Комсомол, Ойыл ауданының Ойыл, Қарғалы ауданының Қосестек, Мұғалжар ауданының Алтынды, Еңбек және Талдысай ауылдарын газдандыру, Ақтөбе мен Қандыағаш қалаларында автоматты газ бөлу стансалары құрылысы кіреді.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы,
Хромтау ауданы