• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
06 Желтоқсан, 2016

Бірде-бір арыз қараусыз қалмайды

193 рет
көрсетілді

«Тәуелсіз Қазақстан» пойызы штабының жетекшісі осылай деді Астана қаласынан бастау алған, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы Оңтүстіктің шығыс қақпасы саналатын Түлкібас ауданында тізгінін тартты. Құрамында министрліктердің жетекші мамандары, сарапшылар, заңгерлер, медицина қызметкерлері бар пойызды аудан халқы көтеріңкі көңіл күймен қарсы алды. Түлкібас теміржол стансасы – алаштың қайраткер ұлы, қазақ даласына алғаш рет Түрксіб темір жолының тартылуына ұйытқы болған Тұрар Рысқұлов ашқан бекеттің бірі әрі бірегейі. Былай айтқанда, сол дәуірден қалған көзі тірі жәдігер. Станса алаңында пойыз делегаттарына облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков облыс бас­шысы Жансейіт Түймебаевтың құт­тықтауын жеткізіп, 25 жыл ара­лығында Оңтүстік жеткен жетіс­тіктерді қысқаша түйіндеді. «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы штабы­ның жетекшісі Әміржан Әлпейісов өз сөзінде бұл шараның халық пен билік арасындағы алтын көпір екендігін, ширек ғасыр­да Қазақстан жүріп өткен жол­дар­дың жетістіктерін насихаттау­дан бөлек, арнаулы мамандардың халық­тың әлеуметтік, құқықтық мәсе­лелерін шешуге септесетіндігін айтты. Делегаттар құрамында жеті ми­нистрлік пен үш ұлттық компанияның жауапты қызметкерлері осы мақсатқа жұмыс жасайды, деді. Айтқандай, шағын концерттік бағ­дар­ламадан кейін олар өз жұ­мы­сына шұғыл кірісіп кетті. Әлеу­меттік, құқық­тық және медициналық, ауыл шаруа­шылығы, білім саласы сияқты өзекті мәселелер бойынша мамандар жергілікті қызметкерлермен бірлесе қоғамдық қабылдау өткізді. Бұл пойызды күтіп жүрген халық көп екен. Аудандық аурухананың іші мен сырты толып-ақ қалыпты. Жергілікті медицина шеше алмайтын мәселе көп. Өзін Бескемпір Балғабаев деп таныстырған ақсақалдың екі азамат ұлын 2011 жылы көшеде авто­көлік қағып, қашып кеткен. Бүгінде кешегі атпалдай екі азамат І топ мүгедегі. Дәретке өздігінен отыра ал­майды. Екі келін төркініне кетіп қалған. Ақсақал ұлдарының дертіне шипа болар ма деген үмітпен келген. Пойыз құрамындағылар аянып жат­қан жоқ. Жергілікті жерде емдеу мүмкін еместерге республикалық клиникаларға квота мәселесін шешіп беруде. Қоғамдық келісім кеңесі мен «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабыл­дауында болдық. Мұнда да өзек­ті мәселелер алға тартылуда. Мәселен, «Келтемашат» ауылы­ның тұрғыны Әбіл Керімқұлов ақ­са­қалдың арыз айтып, қақпаған қақпасы, ашпаған есігі қалмағанға ұқсайды. Жеке басының емес, ауылдың мәселесі. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралі 27 отбасы тұратын ауылдың жанынан өткенде, көлік кіріп-шығатын жол тас­тамай кеткен. Ауыл сыртында көпір асты мал өтетін өткел бар, адам жолы ұмыт қалған. Соның салдарынан Керше­тастағы қашықтығы 3,5 шақырым мектепке оқушылар мен ата-аналары жанын шүберекке түйіп барып жүр. Жеке көліктері жоқтар такси тоқтатып амалдайды. Пойыздағылардың қатысуымен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «25 жылдың белестері» атты дәріс-таныстыру, «Тәуелсіздік тарихы – ұлт рухының өлшемі» тақырыбында зиялы қауым және ардагерлермен кездесу өткізілді. «Бейбітшілік және келісім» үлгісі Қазақстан бренді, «Қазақстандық біртектілік – қазақстандықтардың жеке жауапкершілік факторы» тақырыбында этномәдени бірлес­тіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен кездесулер өткізіліп, тәуелсіздік жетістіктері айтылды. Аудандық әкімдіктің мәжіліс залында «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы штабының жетекшісі Ә.Әлпейісов, Астана қаласының қоғамдық келісім кеңе­сінің мүшесі, профессор, ҚХА мүшесі Қ.Қазкенов, Парламент Мәжілісінің V шақырылым депутаты, ҚХА мүшесі Е.Каппель сияқты Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдері тұрғындарды қабылдады. Акцияның мақсаты бойынша бұқаралық ақпарат құралдарымен өткізілген брифингте делегаттар журналистер қойған сұрақтарға жауап берді. «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы штабының жетекшісі бүгінгі қабыл­дау бойынша бірде-бір мәселенің жерде қалмайтындығына сендірді. Оның айтуынша, жергілікті жерде шешілуі қиын мәселелер хатталып, Қазақстан Президенті Әкімшілігіне жолданады. Әрқайсының орын­далу мерзімі белгіленгендіктен, өті­ніш, арыз иелеріне екі жақтан да жауап қайтарылады. Салалық ми­нистр­лік­тер мен ұлттық компания­лар көмек­теседі. Ал тұрғын үй кезегін себеп­сіз алға жылжыту, кезектен тыс дема­лыс үйіне жолдама әперу сияқ­ты өтініш­тер қабылданбайды. Сол сияқты, сот шешетін мәселелер де деле­гат­тардың құзырында емес. Аудан бойынша осы уақыттарда 1,5 мың­нан аса адам қабылдауда болып, көпшілігі қанағаттанарлық көңіл күймен шықты. Кешқұрым ауыл жастары орта­лық алаңда «Менің елім – Қазақстан» тақы­рыбында флэшмоб өткізіп, соңы аудандық мәдениет сарайында Тәуел­сіздіктің 25 жылдығына арналған концертке ұласты. Кеш түнге ауысқан тұста «Тәуел­сіздік пойызы» Түлкібас темір жолынан киелі қала Түркістанға аттанып кетті. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы