Алдағы уақытта «Қазақстан вагон жасау компаниясы» ЖШС-ның бағыт-бағдары қалай болары әлі белгісіз. Себебі, ашылғалы бергі жеті-сегіз жылдың ішінде кәсіпорын жұмысы бірде тоқтап, бірде іске қосылып, жүк вагондарын жасаушылар қиындыққа кезіге беруде.
Енді міне, екі жылғы үзілістен кейін «Қазақстан вагон жасау компаниясы» ЖШС өз жұмысын қайта бастап көрді. Бұған себеп, зауыттың бас директоры Сүйіндік Қуандықовтың айтуынша, 50 жартылай вагон жеке кәсіпорынға сатылыпты. Әрқайсының құны 10 миллион теңге тұратын 135 жартылай вагон жасалып, дайын тұрған көрінеді. Егер де бұл вагондарды да сатып алатындар табыла кетсе, сұраныс артса кәсіпорын жұмысы жанданады деген сөз. Біз де Екібастұзға барған сайын зауыттың жай-күйін көріп қайтамыз. Биыл зауыт жұмысы бірде тоқтап, бірде жүріп, жұмысшылар еңбекақыларын ала алмай қалды. Қыркүйек айында жұмысшылардың 130 миллион теңге жалақы қарыздары төленіпті. Кәсіпорында еңбек етіп жүрген 400 жұмысшы жарты жыл жалақысыз жүрді. Сонда Екібастұзда жасалатын вагондар нарық бәсекесіне түсе алмай тұр ма, вагон құны бәсекеге қабілетсіз бе деген сұрақтар туындайды.
Қазір 155 жұмысшысы ауысым ұзақтығы 4 сағатты құрайтын төрт күндік жұмыс аптасы, ал 163 жұмысшы ауысым ұзақтығы 8 сағаттан тұратын төрт күндік кестемен жұмыс істеп жүр. Жүзге жуық жұмысшысы еңбек демалысына жіберілген көрінеді. Жалақы қарыздарын төлеу жоғалтқан табыс есебінде төленіпті. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімі мұны Ұлттық қордың «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жоғары білікті кадрлардың қысқарған жұмыс уақытында жоғалған табысының үштен екі бөлігі арқылы субсидиялайды. Еңбекақының 50 пайызын кәсіпорын, ал жоғалған кірістің қалған бөлігінің үштен екісі жоғарыда аталған субсидия есебінен төленіпті.
Екіншіден, бағдарламаның осы тармағын кез келген кәсіпорын пайдалана алмайды. Мақсат – жоғары білікті мамандардың жұмыс орындарын қысқартудан сақтау және жалақыларының белгілі бір бөлігін төлеу. Екібастұзда бұл бағдарламаға, яғни субсидиялауға «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ-тың «Шығыс» кеніші, «Қазақстан вагон жасау компаниясы» ЖШС ілігіпті. Осымен жұмысшылардың еңбекақы қарыздарын төлеу бітті деп нүкте қоюға әлі ертерек секілді. Өйткені, бұл амалсыздан барған шара тәрізді көрінді бізге. Жалпы, Екібастұзда бұған дейін 2007 жылы «Таман» ЖШС жүк вагондарын жасайтын зауыт іске қосылған-ды. Негізі, кеңестік кездегі бұл вагон депосының жылына 10 мың вагон жөндей алатындай қуаты болыпты. 90-жылдардағы қиындық кездерінде вагон депосының бірқатар құрал-жабдықтары сатылып кетті. Кейбір бөліктері істен шығып қалса да, өндірістік бөлімдері, коммуникация құрылымдары сақталып қалған. Кәсіпорын құрал-жабдықтар орнатып, осы заманға сай жүк вагондарын жасау үшін күрделі және деполық жөндеулерден өткізумен айналысып, бір жылда 4 мың жүк вагондарын қайта қалпына келтіріп беруге мүмкіндіктері де жетті.
Ресейдің «Трансмашхолдинг» ЖАҚ директорлар кеңесінің төрағасы А.Бокарев арасында темір жол саласына арналған машина жасау кәсіпорындарын ашу жөнінде өзара қарым-қатынас туралы меморандумға да қол қойылды. Сол екі арада Екібастұзда жүк вагондарын жасауды «Қазақстан вагон құрастыру компаниясы» ЖШС жүзеге асырмақ болады. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 2009-2011 жылдары кәсіпорында жүк вагондарын шығару бойынша инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Үкімет қаулысымен еліміздің стратегиялық маңызды жобаларының тізіміне енді. Сөйтіп, 2008 жылы біз жазып отырған «Таман» ЖШС вагон жөндеу депосының жанынан вагон жасайтын заманауи кәсіпорын – «Қазақстан вагон жасау компаниясы» ЖШС құрылды. Зауыттың алғашқы кезегі 2010 жылы маусым айында Елбасының қатысуымен өткен тікелей байланыста іске қосылды. Сол жылдың мамыр және 2011 жылдың маусым айлары аралығында индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында компания басында құрылыс-монтаж жұмыстары, сондай-ақ, технологиялық жабдықтарды жеткізу және монтаждау шаралары жүргізілді. 2011 жылдың маусым айында өндірістік кешені пайдалануға берілді. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 2000 ашық және 500 жабық вагон шығаруға жетеді. Жартылай бір вагонның құны – 81-90 мың доллар. Жылына 2500 вагон шығарып, елімізді ғана емес, ТМД нарығын жүк тиейтін вагондармен қамтимыз деген теңдесі жоқ міндет те алды. Бірақ шикізат тапшылығынан, вагон өндірісіне қажетті құймалар болмағандықтан кәсіпорын ашылмай жатып, тоқтап қала жаздады. Серіктестік басшылары бірі келіп, бірі кетіп, осы күнге дейін жиі ауысады. Сол келімді-кетімді басшылар соңдарына қиындықтар, кедергілер, түйінді мәселелер де қалдырып кете барды. Себеп – отандық вагон жасауға қажет құйма тауар өндірушілерінің жоқтығы. Онда неге жоба-жоспарсыз, вагон нарығын зерттеусіз іс бастайтындарын өздері де білмейді. Қазір енді өндірісті әртараптандыру шықты. Яғни, жабық вагондарды, фитингті платформаларды, жылы цистерналарды шығармақшы. 2011 жылы «ҚТЖ» ҰК» АҚ пен ресейлік «Уралвагонзавод» ҒӨК ААҚ арасында «Қазақстан вагон жасау компаниясы» жанынан бірлескен кәсіпорынды құру жөніндегі ынтымақтастық меморандумына қол жеткізілген еді. Алайда, бұл бастама әрі қарай жол таба алмады. Вагон құрастыруға қажет бөлшектер Ресей мен Украина елдерінен әкелінсе, вагондарымыздың өзіндік құны да қымбатқа түсетіні белгілі. Жалпы, 2008 жылы ашылған «Қазақстан вагон жасау компаниясы» ЖШС осы күнге дейін 5 мыңдай жүк вагондарын жасап шығарыпты деген мәліметтер де кездеседі. Олай болса, 5 мың вагон қазір қайда жүр?..
Қайта іске қосылып, жұмыс жасап көрмекші зауыт жыл соңынан бастап фитингілік платформалар шығаруды қолға алмақшы. Платформалар кез келген көлемді жүкті, контейнерлерді, тракторлар мен ауыр көліктерді, станоктарды тасымалдауға қажет. Бөлшектер Ресейден сатып алынады. Тіркемелер зауыттың өзінде жасалады.
– Қазір жүк вагондары өндірісін лизингтік несиелеу арқылы қаржыландырып, «Қазақстан темір жолы» АҚ-қа қарасты «КТЖ-Экспресс» кәсіпорнына 1500 вагон жасау жоспарлануда. Бұл мақсатқа осы жылы 17,5 млрд теңге бөлінбекші. Елімізде мерзімі өткен вагондар қолданыстан көптеп шығарылуда. Оларды елімізде қолдануға тыйым салынуда, – дейді зауыт басшылығы.
Онда екібастұздық жүк вагондарына жол ашылады деген сөз бе, әлде, бұл да ертерек пе, ол алдағы уақыт еншісінде. Әрине, жобалар іске қосылып, жүзеге асырылып жатса қуаныш. Облыстық еңбек басқармасының мәліметтерінше, биыл өңірдегі 10 кәсіпорында еңбекақы бойынша қарыздары 69 миллион теңгеге жетіпті. Вагон жасау компаниясына да айыппұл салынып, еңбекақы қарыздарын өтеу үшін істің сотқа дейінгі материалдары жіберілген. Тіпті, болмаған соң Екібастұздың әкімі Қайрат Нүкенов Парламент Мәжілісі депутаттарымен селекторлық режімде жұмысшылардың еңбекақысын өтеуге қатысты жиын өткізді. Ал темір жол саласына қажетті өнімге тапсырыстың азайғанына жұмысшылардың кінәсі жоқ. Олар жобалар жолға түседі деп сенеді. Алғашында Екібастұздың вагондарын «Қазақстан темір жолы» АҚ сатып алса, соңғы уақытта ұлттық компаниядан еш тапсырыс түспеген. Сырттан түсетін тапсырыс тіптен төмендеп кеткен. Сатып алушы болмаса, сұраныс түспесе, вагонды көрмеге қою үшін шығара ма? Сұраныс болмаса өндіріс бірден бәсеңсіп, тіпті, мүлдем тоқтауы да заңдылық. Айтпақшы, вагон жасау зауыты қайта іске қосылды дегенді естіп, облыс әкімі Болат Бақауов та Екібастұзға барып қайтты. Бірде іске қосылып, бірде жабылып қала беретін компания Бақауовқа жылдың соңына дейін 200 вагон шығаруды жоспарлап отырмыз депті...
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы