Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы, «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Іскер» арнайы сыйлығы және «Ұлы Дала елі» бірыңғай брендін пайдалану құқығын тағайындауға арналған байқау жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсіміне арналған баспасөз мәслихаты өтті.
Бұл шаралар туралы «Атамекен» ҰКП Жұмыспен қамту жөніндегі департамент директоры Жеңісбек Дулатов әңгімелеп берді. Сонымен қатар, жиынға «Алтын сапа» сыйлығының 2015 жылғы лауреаты, «Элтекс Алатау» ЖШС бас директоры Нұрлан Жәнібеков пен «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының 2015 жылғы дипломанты, «Рыбпром» ЖШС директоры Бақытжан Мұсанов қатысты.
– Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы байқауы «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын», «Халық тұтынатын тауарлар өндіретін үздік кәсіпорын», «Қызмет көрсету саласындағы үздік кәсіпорын» аталымдары бойынша өткізіледі. Әр аталымда шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілері тұрғысында үш сыйлық беріледі, – деді Ж.Дулатов. Оның айтуынша, «Алтын сапа» байқауына қатысуға 187 өтінім қабылданып, оның ішінде 138 компания алдын-ала бағалаудан сүрінбей өткен. Бұл байқауда 59 шағын, 47 орта және 32 ірі компания бақ сынады. Ал «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауы «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халық тұтынатын үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымдары бойынша өтеді.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы биылғы жылдың 16 шілдесі мен 31 тамызы аралығында «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауларын өткізіп, оларға 674 шағын, орта және ірі кәсіпорын қатысыпты. Нәтижесінде 145 компания республикалық сайысқа жолдама алған. Міне, осы республикалық сында жеңіске жеткендер төрт жыл бойы байқау белгісін жарнамалық мақсатта қолдана алады.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Іскер» сыйлығы Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын алуға арналған байқау мен «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауы аясында аталған сыйлықтарға үміткер болған, алайда жүлдегерлер қатарына ілікпеген конкурсқа қатысушыларды қосымша ынталандыру амалы ретінде бекітілген. 283 кәсіпорыннан алдыңғы қатарлы озық тәжірибесі ынталандыру мен қолдауға лайық 10 кәсіпорын «Іскер» байқауының жеңімпаздары атанды.
Биылғы жылдың қараша айында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Ұлы Дала елі» жалпыұлттық брендін қолдану құқығын табыстауға байланысты байқаудың өткізілетінін хабарлағаны белгілі. «Ұлы Дала елі» белгісі еліміздің беткеұстар біртұтас бренді сипатында сапалы өнім мен қызметтерді біріктіруге мүмкіндік береді. Бұл бір жағынан, жеңімпаздарға арналатын қосымша жеңілдіктерді ескерер болсақ, өндірушілерді жаңа белестерді бағындыруға ынталандырса, екінші жағынан, Қазақстанның халықаралық дәрежеде танымалдығын арттырып, беделін нығайтады.
Байқауға қатысушыларға экспортқа бейімділік, жергілікті қамту үлесі, халықаралық марапаттардың болуы, бренд атауы мен Қазақстанның шетелде бірдей қабылдануы сияқты талаптар қойылды.
Шара барысында 23 тілек білдіруші тараптың өтінімі қаралып, іріктелген 12 үміткердің өндіріс орнына аттанған комиссия сапар қорытындысында алтауын таңдап, олар Ұлттық палата сайтындағы онлайн дауыс беруге ұсынылды. 2 желтоқсанда дауыс беру нәтижесі сарапталып, үш үздік кәсіпорын, жоғарыда келтірілген байқау жеңімпаздары сияқты 6 желтоқсанда марапатталатын болады.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан»