• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
06 Желтоқсан, 2016

Мәдени мұраларымыздың мәртебесі биіктей түсті

443 рет
көрсетілді

Кеше Премьер-Министрдің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов Ұлттық музейге қазақтың мәдени құндылықтарын адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының репрезентативтік тізіміне қосу жөніндегі ЮНЕСКО сертификатын тапсырды. «Біздің бай тарихымыздың материалдық емес мұрасы терең рухани мағынаға ие және ол ұлттың мәдени құндылықтарының негізі саналады. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мәдени ескерткіштерді сақтауға ғана емес, сонымен қатар, ел аумағында тұратын халықтардың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының қайта жаңғыруына үлкен көңіл бөліп келеді. 2003 жылы Президенттің тапсырмасымен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Қазақстан ТМД елдерінің ішінде алғашқылардың бірі болып осындай ауқымды жобаны жүзеге асырды. Бағдарлама орындалған 8 жылдың ішінде 78 тарихи және мәдени ескерткіш қайта қалпына келтіріліп, орта ғасырлардағы күй, тарихи әуен-сарындарды арқау еткен қазақ музыкасы терең зерттелді. «Мәңгілік сарын: қазақтың 1000 күйі, 1000 әні» атты қазақ дәстүрлі әндерінің антологиясы шықты. Қазіргі уақытта еліміздің материалдық емес мәдени мұрасын сақтауға және дамытуға бағытталған «Рухани мұра» мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу мәселесі қарастырылуда. Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның бір жетістігі ЮНЕСКО-мен ынтымақтастық қарым-қатынасты орнату және нығайту болып саналады. Халықаралық ұйыммен ынтымақтастық аясында материалдық емес мәдени мұраларды қорғау саласында біршама жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөніндегі Ұлттық комитет құрылды, адамзаттың репрезентативтік тізіміне алғашқы қазақстандық ұсынымдар әзірленіп, ұлттық тізім бекітілді. Соның нәтижесінде 2014-2015 жылдары адамзаттың бүкіләлемдік материалдық емес мәдени мұралар тізіміне қазақтың киіз үйі, айтыс және күй өнері енгізілді. Сондай-ақ, ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне Қазақстанның «Наурыз» көпұлтты номинациясы, «Саят құстарымен аң аулау» көпұлтты номинациясы, «Жұқа нанды дайындау дәстүрі: лаваш, қатырма, жұпқа, юфка» және «Қазақ күресі» ұлттық аталымдары енді. «Қазақтың қасиетті киіз үйі», «Суырыпсалма айтысы» мен «Күмбірлеген киелі күйі» ендігі жерде қазақтың ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани мұрасы саналады. Оған куә – бүгін мұражайға тапсырылып отырған ЮНЕСКО-ның арнайы сертификаттары. Сөз жоқ, бұл енді бірнеше күннен соң бүкіл ел болып атап өтетін Тәуелсіздіктің 25 жылдығына тамаша тарту әрі лайықты үлес деп білемін», – деп атап өтті Иманғали Тасмағамбетов. Осыдан кейін вице-премьер Иманғали Тасмағамбетов ЮНЕСКО сертификаттарын этно­гра­фиялық залға тұрақты түрде қою үшін Ұлттық музей директоры Д.Мың­байға салтанатты түрде тап­сырды. Экспозицияның ашы­луын­да Қазақстанның еңбек сіңір­ген әр­тістері, күйшілер Айгүл Үлкен­­баева, Секен Тұрысбеков, соны­мен қатар, айтыскер ақын­дар Сара Тоқтамысова, Серікзат Дүйсенғазы сөз сөйледі. Соны­мен бірге, еліміз 2017 жылы ЮНЕСКО-ның аталған тізіміне «Асық ұлттық ойыны» номинация­сын енгізуді және «Қорқыт мұра­лары» көпұлттық номинациясын үйлестіруді жоспарлап отыр. ЮНЕСКО-ның тізіміне мұ­ра­ларды тіркеу Қазақстанның ма­териалдық емес мәдени мұ­ра­­ларын елімізде және халық­аралық деңгейде кеңінен наси­хаттауға, сондай-ақ, оларды қорғау бойынша ұлттық деңгейде жүйелі шаралар қабылдауға ықпал етеді. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан» Суретті түсірген Ерлан Омаров