• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
06 Желтоқсан, 2016

«Қазақ елі осындай...» деп ән салады жастар

322 рет
көрсетілді

Облыс орталығындағы «Достық» концерт залында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Нұр Отан» партиясы филиалының және Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен Мемлекеттік тілде ән салатын этномәдени бірлестіктер жастарының фестивалі болып өтті. Фестивль ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды. Фестивальдің мақсаты–өзіміздің жастарды да, өзге жастарды да отансүйгіштікке тәрбиелеу, азаматтық жауапкершілікті нығайтып, мемлекеттік тіл – қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, насихаттау. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған бұл концертке 17 этномәдени бірлестіктің жастары қатысып, орындаушылық шеберліктері мен хореографиялық, әртістік қабілеттерін көрсетті. Жастар қазақтың халық әндерін, осы күнгі жаңа әуендерді шырқады. Концерт залында отырған көрермен өзге ұлт өкілдерінің туған ел, жер, Отан, қазақ даласы жайлы патриоттық әндерін тыңдап, қуана қуаттап, көңіл сергітті. Әсіресе, «Кымпитсори» корей жас­тарынан құралған вокалдық топ, Финн-угор жастары Батырхан Шүкенов орындайтын «Отан Ана», әзербайжан жастарының «Дәніз» вокалдық ансамблі, «Қазағым-ай», армяндардың «Эребуни тобы «Туған жер – тағдырым», белорустардың «Надзея» тобы «Тәуелсіз ел», болгарлардың «Лазарки» әншілері Маржан Арапбаеваның репертуарындағы «Қазақ елі осындай», гректердің «Қардьес» тобы «Миллионы нас – Қазақстаным тек алға», еврейлердің «Анахну» тобы «Тек алға», карачай-черкес пен кабардин-балқардың «Теберда тобы «Қазағымсың», немістердің «WIR» халық ансамблі «Қазағым- ай», славяндардың «Ярило» тобы «Гүлістан Қазақстан», татар-башқұрттардың «Мирас» тобы «Қорқыт», өзбек жастары «Дустлик Кайот», «Туған жер», «Қоңыр» тобы репертуарынан әндер, украиндардың «Калыново намыста» тобы «Туған елім», чешен-ингуштардың «Илли» вокалдық тобы «Қазақстан» атты белгілі қазақ әншілері мен эстрадалық топтар орындайтын патриоттық әндерді орындады. Бұл күндері Достық үйінде 23 облыстық этномәдени бірлестік, облыстық Ассамблеясының жас­тар бірлестігі, ұлттық өркендеу мектебі, «Ана тілі» тілдерді дамытудың оқыту-әдістемелік орталығы, «Қазақ тілі» қоғамы орналасқан. Сонымен қатар, 20 этностың мәдениетін дәріптейтін 42 шығармашылық ұжым жұмыс істейді. Аудандарда Ассамблеяның 13 филиалы, ауылдарды қосқанда 83 этномәдени бірлестік жұмыс іс­теуде. Ал орталық Ассамблеяда біз­дің облыстан қызмет жасайтын 18 эт­номәдени бірлестік өкілдері бар. Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мемлекеттік университет жанында Ассамблея кафедрасы, жергілікті филиалда этнолингвистикалық мектеп ашылды. Қазір бұл мектепте өзге ұлт өкілдерінің ұл-қыздары білім алатын, өз ана тілдерін үйренетін 16 ұлттық оқу бөлімі бар, жыл сайын 500-ден астам оқушы білім алады. Сонымен бірге, Элина Паули басқаратын «Жастар бірлестігінің үйлестіру кеңесі» тіркелген. Кеңестің басты міндеті, аты айтып тұрғандай, өзге ұлт өкілдерінен құралған жастар бірлестіктерімен жұмыс жасау. Бірлестіктер өз ана тілдерімен қатар, қазақ тілін үйреніп, қазақстандық отан­сүй­гіштік қасиетті нығайтуға үлес қосуда. Өзге ұлт өкілдері бірлік, дос­тық мақсат-мүддесі үшін бірге жиналып, топтасуда. Бұл – Ассам­блея құрылғалы өткен арадағы 20 жылдың жемісі, жеңісі. «Бұл фестивальға қатысқаныма қуаныштымын. Көрермен біздің өнерімізді жылы қабылдады. Мұндай концерттер жиі болса ғой. Барлық қазақстандықтарды келе жатқан Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын», – деді «Мерказ» облыстық еврейлер орталығының мүшесі Дмитрий Назаренко. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан» ПАВЛОДАР Суретті түсірген Мақсат АЙТБАЙ