• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
06 Желтоқсан, 2016

Елбасы «Алтын сапа» арнаулы сыйлықтарын табыстады

180 рет
көрсетілді

Отандық кәсіпкерлердің төл мерекесі — Индустрияландыру күніне орай ұйымдастырылып, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтіп жатқан Жалпыұлттық телекөпір барысында «Сапа көшбасшысы», «Үздік индустриялық жоба» және «Үздік инновациялық жоба» аталымдарының жеңімпаздары анықталды. Сонымен қатар, дәстүрлі телекөпір кезінде ел өңірлерінен Индустрияландыру картасы жобаларының тұсауы кесілді. Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында бірқатар индустриялық және инфрақұрылымдық жобалар өндірісін іске қосты. Атыраудағы ірі мұнай өңдеу зауыты, Ақмола облысынан «Август-нан» кәсіпорны мен Жамбыл облысынан «Қазфосфат» ЖШС басшылығы байланыс орнатты. Елбасы ұлттық рухы берік, саяси жүйесі тұрақты, экономикалық әлеуеті мықты, бәсекеге қабілетті, халықаралық беделі зор қуатты мемлекет құра білгенімізді атап өтті. Қазақстан бүгінде ынтымақ ұясына, достық пен келісім панасын саялағысы келетін жандар үшін жерұйық мекеніне айналып отыр. «Бұл жобалар Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойында көңілімізді көтере түсуде. Біз бүгін өнім сапасы жөнінен ең үздік кәсіпкерлерді марапаттамақпыз. Жүзден жүйрік озатыны анық. Тарихта алғаш рет өңдеуші өнеркәсіп тау-кен саласынан өсім жағынан жоғары көрінуде. Шетелдік инвестицияның жалпы көлемінде өңдеуші кәсіпорындар үлесі 2 екі есеге өсті. Бүгінде жасалған игілікті істерді келер ұрпақ әлі алғыспен еске алатын болады», – деп сөзін жалғастырған Президент қазақстандықтар өзімізде жасалған электромобильдерді қолданса, экологиялық ахуал жақсара түсер еді дегенді келтірді. Елбасы әлемдік бизнестің Қазақстанға сенімі нығайғанын атап өтті. «Бүкіләлемдік банк рейтингінің бизнесті жүргізудің жеңілдігі тұрғысында 190 елдің арасында 35-орынға көтерілдік», – деген Нұрсұлтан Назарбаев экспорт мәселесінің еш уақытта өзектілігін жоймайтынын тағы бір мәрте еске салып, дағдарысқа қарамастан даму жолынан айнымаған барша бизнес-қауымдастыққа алғысын білдірді. Қазақстан Президенті жас кәсіпкерлерді талмай еңбек етіп, биік белестерді бағындыруға ынталандырып, асқақ идеялар арқылы ел тыныс-тіршілігін гүлдендіруге шақырды. Салтанат қорытындысында Нұрсұлтан Назарбаев «Алтын сапа» арнаулы үш сыйлығы мен «Парыз» байқауының бас жүлдесін тапсырды. «Үздік индустриялық жоба» аталымында мұнай-газ кешені құрал-жабдығын және қосалқы бөлшектерін шығару мен оларға қызмет көрсетуде бай тәжірибесі бар, қазіргі заманғы технологияларды игерген «АтырауМұнайМаш» ЖШС құрылтайшысы Сағат Түгелбаев Елбасы қолынан құнды сыйлықты еншіледі. «Үздік инновациялық жоба» аталымында Оңтүстік Қазақстан облысындағы «ХИМФАРМ» АҚ топ жарып,  жүлдені кәсіпорын директоры Рустам Байғарин алды. «Химфарм» АҚ өндірістік қуаты жылына 1,5 миллиард таблетка, капсула және түйіршік шығаруға мүмкіндік береді. Компания өнімі Қырғызстан, Тәжікстан, Моңғолия, Түркіменстан және Ресей нарықтарына жіберілуде. «Сапа көшбасшысы» аталымында «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ үздік көрінді. Бұл сыйлық ERG менеджерлер кеңесінің төрағасы Александр Машкевичке тапсырылды. Осы орайда бастапқы алюминий өндiру жөніндегі электролиз зауытын 2007 жылы Елбасының өзі іске қосқанын айта кеткен жөн. Бүгінде кәсіпорында 2,5 мыңнан астам адам еңбек етеді. Зауыттың жобалық қуаты жылына 250 мың тоннаға жетіп отыр. «Парыз» бас жүлдесі «Ақсайгазсервис» АҚ президенті Тілек Шектебаевке берілді. Компания жыл сайын әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға 25 млн теңгеге дейін қаржы бөліп, білім беру, мәдениет мекемелеріне тұрақты қолдау көрсетіп, мұқтаж жандарға қол ұшын созып келеді.