Астанада Қазақстан Жеңіл атлетика федерациясының есеп беру-сайлау конференциясы болды. Онда федерацияның жаңа президенті болып Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы Әділбек Жақсыбеков сайланды.
Конференция жұмысына Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, сондай-ақ федерация президиумының мүшелері, аймақтық филиалдар жетекшілері, құрама жаттықтырушылары, Ұлттық Олимпиялық комитет өкілдері қатысты.
Жиынға қатысушылар федерацияның есепті кезеңдегі жұмыстары туралы есепті баяндаманы тыңдап, ұйымның жарғысы мен басқарушы құрамын бекітті.
Жиналғандар алдында сөз сөйлеген Әділбек Жақсыбеков федерация жұмысындағы басым бағытты спорттың бұл түрін жаппай дамытудан және жеңіл атлетикамен шұғылданушылар үшін инфрақұрылым дайындаудан көріп отырғанына назар аударды.
Әділбек Рыскелдіұлы 2007 жылғы тамыздан 2014 жылғы желтоқсанға дейін Қазақстан Футбол федерациясын басқарды. Ол бұл қызметтен сол жылғы қазанда Астана қаласының әкімі болып тағайындалуына байланысты кетті. Бұдан кейін, 2015 жылғы маусым – тамыз аралығында «Астана ЭКСПО-2017» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы болды. Ал 2016 жылғы маусым айында Қазақстан Президенті Әкімшілігінің Басшысы болып тағайындалды.
Осы ретте айта кетуіміз керек, Жақсыбеков сондай-ақ Қазақстан Ұлттық Олимпиялық комитетінің жазғы спорт түрлері бойынша вице-президенті болып табылады.
«Егемен-ақпарат»