«Назарбаев орталығында» Тұңғыш Президент – Елбасы қоры мен Мемлекеттік тілді дамыту қоры жариялаған «Кім білгіш?» интеллектуалды-танымдық ойыны бойынша жоғары сыныптар арасында өткен республикалық онлайн-турнирдің қорытындысы шығарылды. Жобаның мақсаты – дарынды балаларды анықтау, оқушылардың танымдық қабілеттерін ынталандыру, пәндік білімдерін тереңдету, ғылымға деген қызығушылығын арттыру, білімді насихаттау, интеллектуалды мүмкіндіктерін дамытуға атсалысу, оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуге ықпал ету.
«Кім білгіш?» ойыны спорт, ХХ ғасыр, ХХІ ғасыр, әлем, өнер, Қазақстан тарихы, Қазақстан табиғаты, денсаулық, ғылым тақырыптарындағы 20 мыңнан астам сұрақтар жинастырылған мобильді қосымшадан тұрады. «Кім білгіш?» интеллектуалды ойыны қатысушылар арасындағы сайыс түрінде өтті. Ойыншылар алты кезең бойы түрлі санаттағы сұрақтарға жауап берді. Ойын жеңімпазы дұрыс жауаптар саны бойынша анықталды. Турнир ойыншының таңдауымен қазақ немесе орыс тілінде өткізілді», дейді ұйымдастырушылар.
Осылайша, қазақ тілінде өткен сайыста 1-орынды Шымкент қаласынан келген Назарбаев зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы Ернұр Ақжол жеңіп алды. Ал 2-орынға Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Кеңқия орта мектебінің 9-сынып оқушысы Ерназ Байбақты лайық деп танылды. Жүлделі 3-орынға Шымкент қаласы Назарбаев зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы Еламан Лесов ие болды. Ал орыстілді ойыншылардан 1-орынды Павлодар облысы, Ақсу қаласы №14 орта мектебінің 9-сынып оқушысы Данил Корчагин қанжығалады. Семей қаласынан келген Инновациялық білім лицейінің 11-сынып оқушысы Қайдар Кеңесбаев 2-орынды еншіледі. Павлодар облысы, Ақсу қаласы №14 орта мектептің 9-сынып оқушысы Илья Карепов үшінші орынды қанағат тұтты.
Жүлдегерлер дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Шара соңында жеңімпаздар турнирді ұйымдастырушыларға алғыс айтып, келесі жылғы жазғы демалыста жоспарланған екінші турнирге қатысуға ниеттерін білдірді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, 2017 жылы «Кім білгіш?» ойыны бағдарламасына ағылшын тілі де енгізілмек.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»