• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
07 Желтоқсан, 2016

Әсем әуез

305 рет
көрсетілді

Оңтүстік Қазақстан облыстық опера және балет театрының белгілі солисі, мәдениет қайраткері Үралхан Сейілбекова ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Әнім саған, нұрлы елім!» шығармашылық кешін өткізді. Соңғы жылдары отандық опера өнері небір жарқын есім­дермен толыға түсуде. Роза, Бибігүл, Нұржамал, Майра сынды халқымыздың дара туған саңлақ жұлдыздары көшін жал­ғастырушы жастардың арасынан Ү.Каналбайқызының өнерін айрықша атап өткен жөн. Өйткені, ол өңірдегі опера және балет театрын­да басты партияларды сом­дап жүрген бірден-бір солист. Халық Үралханның ашық тем­брі мен жұмсақ дауысын жоғары бағалайды. Оның әсем во­калы, опералық және концерттік репер­туарды таңдаудағы ойлы ізденістері, ол бейнелеген әрбір образ қазақ опера өнеріне өзіндік өрнек болып қосылуда. Кештің жоғары деңгейде өтуіне қолдау білдіруге достары, түрлі сахналарда жұптасып өнер көрсетіп жүрген әншілер қонақ ретінде қатысты. Олардың арасында Өзбекстанның еңбек сіңірген артисі, танымал баритон Жеңісбек Пиязов, «Астана Опе­ра» театрының жетекші со­лисі, Қазақстанның еңбек сіңір­­ген қайраткері Дина Хам­зина, Қазақтың мемлекеттік ака­демия­лық Абай атындағы опера және балет театрының солистері, ха­лықаралық байқаулардың лауреаты Елена Никонова мен Эмиль Сақауов және облыстық опера және балет театрының солисі Ерлан Жан­дарбай бар. Кешке қатысушылар опера жұл­дызымен бірге ұлттық және әлемдік классиканың ін­жу-мар­жан­дарынан үзінділер шыр­қады. Ха­лықаралық байқаулардың лау­реаты, Абай атындағы опера және балет театрының дирижері, маэстро Ерболат Ахмедяровтың, облыстық опера және балет театры­­ның бас дирижері Қуаныш Ис­майыловтың жетекшілігімен театрдың симфониялық оркестрі мен Ш.Қалдаяқов атындағы филар­­монияның «Сүгір» ұлт-ас­паптар оркестрі өнер көрсетті. С.Мұ­ха­меджановтың «Шаттық Отаны» ком­позициясы, Е.Рах­мадиевтің «Қамар сұлу» опера­сынан Қамардың ариясы орын­далды. Симфониялық ор­кес­трдің сүйемелдеуімен ән шыр­қаған қыздар хоры мен балет труппасының өнері кеш ажарын ашты. Ұлттық классиканың «алтын қорынан» А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсынан «Ажардың ариясы», М.Төлебаевтың «Қозы Көрпеш –Баян сұлу» операсынан «Баянның ариясы», «Біржан – Сара» операсы­нан «Айтыс», Е.Рахмадиевтің «Қа­мар сұлу» операсынан Қамар мен Ахметтің дуэті, Л.Хамидидің «Бұл­бұл», Ш.Қалдаяқовтың «Ана туралы жыр» әндері, сондай-ақ,  Вердидің «Виолеттаның ария­сы», Ш.Гуноның «Ромео жә­не Джульетта» операсынан «Джульет­таның вальсі», Л.Де­либтің «Лакме» және Р.Леон­коваллоның «Паяцы» операсынан «Недда мен Сильвио» дуэттері өте сәтті орындалды. Құрамында Эмиль Сақауов, Елена Никонова, Ерлан Жандарбай бар топпен бірге Дж.Вердидің «Риголетто» операсынан үзінді шырқалды. Облыстық мәдениет басқар­масының басшысы Н.Ахметжанов әншіге облыс әкімі Ж.Түйме­баев­тың және облыстық мәсли­хат­тың алғыс хаттарын табыс етті. Ү.Сейілбекованың орындауын­да­ғы партиялардың қай-қайсысы да шоқтығы биік туындылар десек, ал, оның әсем әуезі мен кең тынысты ерекше үні көрерменін тез баурап әкетеді. Индира АРТЫҚБАЕВА