Ұлттық кітапханада белгілі ғалым, қоғам қайраткері, академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Оразәлі Сәбденнің қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған «Абай, Қазақстанның болашағы және әлемдік цивилизация», сондай-ақ, ғалым Әбдімәлік Әшіровпен бірлесе жазған «ХХI ғасыр және содан кейінгі ғасырдағы адамзаттың өмір сүру стратегиясының концепциясы» атты кітаптарының тұсаукесері өтті.
«Абай Құнанбайұлының шығармалары мен қара сөздері қазақ халқын ғана емес, бүкіл адамзат баласын екі ғасыр бойы рухани құндылықтарға жетелеумен келеді. Біз Абайға қайта бет бұрып, оның туындыларынан ақиқат пен шындықты, ар-ұят, намыс пен мейірімділікті алып, өзімізді өзгертсек, рухани жан дүниемізді түзетуге бет алсақ», – деген автор кітапта Абайдың қара сөздерінде көтерілген мәселелерді XXI ғасырда іске асыру тетіктерін айқындай отырып, қазақ еліне, жалпы өркениетке елеулі үлес қосқан әл-Фараби, Мұхаммед Хайдар Дулати, Абылай хан, Дінмұхамед Қонаев сынды отызға тарта тарихи тұлға жайлы қысқаша мəлімет ұсынады.
«Абай, Қазақстанның болашағы және әлемдік цивилизация» кітабының авторы халықаралық деңгейдегі жаңа постмодернизм тәсілінде бүгін мен болашақтың өзекті сұрақтарына жауап беріп, оларды қалай іске асыру жолдарына тоқталып, қазақ елін жаңа өркениетке, ізгілендіру қоғамына көтеруді мақсат тұтады.
Сондай-ақ, биылғы қарашаның соңын ала Лондонда өткен V халықаралық «Open Eurasian Literature festival & Book forum» әдебиет фестивалі аясында Оразалы Сәбден мен Әбдімәлік Әшіровтің «The Conceptual Strategy for Humankind›s Survival in the XXI Century and Food Security» («ХХI ғасыр және содан кейінгі ғасырдағы адамзаттың өмір сүру стратегиясының концепциясы») кітабының көрсетілімі өткен еді. Әлемнің 67 еліне таныстырылған кітаптың авторлары адамзаттың назарын XXI ғасырдағы жаһандық мәселелерге аударып және оларды шешудің бірегей бағдарламасын ұсынды. Мұнда постиндустриялық әлемдегі жалпы адамзат өркениетінің руханилық, ғылыми-техникалық революция, экономика және әлемдік қауіпсіздік, экология, ғарышты игеру сынды 6 базалық элементке негізделген планетарлық үй құру қағидалары сипатталады. Қос автор адамзат өміріндегі күрделі мәселелердің бірі – аштыққа душар болған әлемде 1,3 миллиард адамды азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесін тәжірибелік тұрғыда шешуді ұсынады.
Мира БАЙБЕК,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ