• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
07 Желтоқсан, 2016

Екатерина АЙДОВА: «Медеу» мерейімді үстем етеді деп үміттенемін

125 рет
көрсетілді

Алматыда жалау көтеретін Дүниежүзілік қысқы Универсиадада біз үміт күтер спортшылар қатарында конькимен жүгіруден екі бірдей қысқы Олимпиадаға қатысқан саңлақ, жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Екатерина Айдова да бар. Біз жақында ғана Жапонияда өткен Әлем кубогы сыны екінші кезеңінде сүйікті қашықтығы – 500 метрге жүгіруден қола медаль алған спортшымен жолығып, әңгімелескен едік. – Екатерина, биылғы мау­сымға деген дайындық қалай өтті? – Маусымның басында біз Майоркаға барып, сонда өткен жаттығу жиынына қатыстық. Мұнда көбіне велосипед теуіп, аяқтың бұл­шық еттерін  шынықтыр­дық. Құрама команданың одан ар­ғы жиыны Германиядағы әй­гілі Инцелльде өтті. Өкініш­ке қарай, бұл жаттығулар­ға қатыса алмадым. Оған себеп – маусым айында мен омырт­қааралық дискінің жары­­ғы­на ота жасаттым. Сауық­тыру кезеңі сәтті өткен сияқ­ты. Жапо­­ния­дағы Әлем кубо­гы­ның кезеңінде жақсы спорттық бабы­мда болдым. – Наганода өткен Әлем кубогының кезекті кезеңінде көрсеткен нәтижеңізге көңі­ліңіз тола ма? – Мен үшін бұл нәтиже күрделі отадан кейін әлемдік аренада жасаған алғашқы қадамым болды. Қола жүлде алғаным – менің дұрыс жолда келе жатқанымды көрсетті деп ойлаймын. Мың метрлік қашықтықта «А» тобындағы мықтылармен сынға түсіп, 1 минут 17,08 секунд уақытпен мәре сызығын 15-ші болып қидым. Ал өзімнің оң жамбасыма келетін 500 метрлік қашықтықты 39,48 секундта жүгіріп өттім. Бұл нәтиже­ге «В» тобында қол жеткіз­ді демесеңіз, мен үшін ол тәп-тәуір көрсеткіш екенін айтқым келеді. Жалпы, менің аталған топта жүргенім уа­қытша ғана құбылыс деп ой­лаймын. Өмірде бәрі де болады, жарақаттан қашып құтыл­ған спортшыны көрген емеспін. – Биылғы маусымда қан­дай жарыстарға қатысу жос­парыңызда бар? –  Алдымыздағы желтоқсан айының 2-4 күндері аралығында Астанада Әлем кубогының үшінші кезеңі өтеді. Мен үшін жерлестерімнің алдында өнер көрсету қашанда аса жауапты сын. Жерге қаратпаспын деп ойлаймын. Келер жылдың басты жа­рысы – Алматыда өтетін 28-ші дүниежүзілік қысқы Уни­версиада екені белгілі. Өз жерімізде жалау көтеретін бұл дүбірлі додада ел сенімін ақтау – менің ғана емес, жарыс жолына шығатын әрбір қазақстандық спортшының алдында тұрған зор міндет. Ал аты аңызға айналған «Медеу» мұз айдынында өнер көрсету – мен үшін үлкен мәртебе және жүгі ауыр жауапкершілік. Универсиадада жүлдені уыстан шығармаспын деп ойлаймын. Сондай-ақ, келесі жылы Жапонияда қысқы Азия ойындары өтеді. Бұл жарысқа да жақсы дайындықпен барып, ел намысын лайықты қорғау ойда бар. Одан әрі 2018 жылы Оңтүстік Кореяда өтетін қысқы Олимпиада ойындары тұр. Негізі, менің биылғы мау­сымнан басталған даяр­лық кезеңім төрт жылдықтың басты деген жарыстарын тұтас­тай қамтиды. – Жалпы, Қазақстанда өзіңізге лайықты бәсекелес­тік­тің жоқтығы сіздің халық­аралық жарыстарда жоға­ры нәтижелерге қол жеткізуіңізге кедергі келтіріп жүрген жоқ па? – Егер сіз спорттық тартысты меңзеп отырсаңыз, мен үшін бір ғана тегеурінді қарсылас, мықты бәсекелес бар. Ол – секунд өлшеуіш! Әңгімелескен Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ