• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
07 Желтоқсан, 2016

Жаңа мазмұн жаңа міндет жүктейді

264 рет
көрсетілді

Жақсы ұстазға қандай қасиеттер тілеуге тиіспіз? Өзінің оқытатын пәнін терең білуді, адал да сезімтал жан дүниесі болуын... Дени Дидро, француз философы Мемлекет басшысы Н.Назарбаев­тың 5 институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жос­пары республикамызды ұзақ мерзімді тұрақты дамуға жетелейтін сара жол екені анық. Қазақстан Республикасын дамыған отыз елдің қатарына апаратын, жаһандық және ішкі сын-қатерлерге қарсы тұра алатын осы ұлт жобасы ұлтымыздың мәңгілік ел болып қалуының кепілі, сонымен қатар, «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыратын, еліміздің мемлекеттілігін одан әрі нығайтуға күш беретін жоба. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру бағытында жүргізіліп жат­қан ауқымды істердің бірі – орындалу мерзімдеріне дейін қамтылған Қазақ­стан Республикасының «Білім туралы» заңына өзгерістер енгізілуі және оны жүзеге асыру жолдары. Осы өзгерістерді қолдап, алдын ала шаралар ұйымдастыруда Қарағанды облысының мектептері де белсенділік танытуда. Жаңа оқу жылынан бастап жұмыс­­шы мамандықтарына тегін оқыту, қосалқы оқыту жүйелерін енгізу, мек­тептегі білім берудің жаңа мазмұнына өту, ҰБТ-ның жаңа форматына көшу, оқушыларды бірыңғай мектеп формасына көшіру шаралары іске аспақшы. Бұл өзгерістер не үшін қабылданып жатыр? Бұл бізге не береді? Еліміздің даңқын аспанға көтеріп, әлемге танытып жүрген ғалымдарымыз, батырларымыз, қайраткерлеріміз қандай білім алып еді? Біздегі қалыптасқан білім беру жүйесі кімдікінен кем еді? Жаһандану жағдайында білім беру үдерісіндегі өзгерістерге психологиялық тұрғыдан тез икемделу оңай шаруа емес. Сон­дықтан, біз жаһандану жағдайында ұлттық білім беру жүйелерінің дамуы мен интеграциялануы, бәсе­ке­ге қабі­леттілігі оның білім, ғылым қуаты­мен анықталатынын білуі­міз керек. Түпкі мақсатымыз – білім­ге қызы­­ғу­шылығы жоғары оқушы­лар­мен жұмыс істеу барысында олар­дың бо­йы­н­да қоғамның саяси-эконо­мика­лық, әлеуметтік саласына деген таным негізін қалыптастырып, өзінің отба­сынан бастап, айналасының, жал­пы қоғамның әл-ауқатын сараптай ала­тын, ұлтжанды тұлғаны дайындау. Қазіргі таңда әлем мемлекеттері, олардың білім беру жүйелері жаhан­дану үдерісіне үн қосып, бұдан әрі дам­у­дың жалпы әлемдік бәсекелес­тігі­не негіз­­де­л­ген жаңа стратегия­лары мен бағдар­ла­ма­ларын ұсынып жатыр. Біздің елі­міз де білім саласындағы жаңа ой­лар мен жаңалықтар толқынын қабыл­­дай отырып, әлемнің бейбіт дамуы­­ның үдесімен үндесуге бағыт алды. Облыс ұстаздары бұл туралы «Білімді ел – Мәңгілік Ел» атты тамыз педагогикалық кеңесінде жан-жақты ойларымен, пікірлерімен бөліскен еді. Әрине, әлемдік үдерістен қалуға болмайтын мұндай ізгі шараны жап­пай қолдауымыз қажет. Біріншіден, он екіжыл­дыққа көшу 2019 жылы толық аяқ­талады, 2020 жылы бар­лық мектептер онекіжылдық оқу бағ­дар­ламасына көшеді. Екіншіден, білім еркіндік пен таң­даудың көзі әрі дем берушісі ғана емес, рухани дүниесі бай, сұранысы үнемі көп мамандарды қалыптастыратын фак­торға айналатыны сөзсіз. Меніңше, біздің еліміз, қоғамымыз таң қаларлық жылдамдықпен алға басып келеді. Бұдан жиырма бес жыл бұрын бізді кім таныды? Ал бүгін әлемнің түкпір-түкпірі бізді же­тек­ші озық идеяларды туғызушы және іске асырушы мемлекет ретінде мойын­дап жатыр. Еліміз тоғыз жолдың тора­­бында болғандықтан, әлемнің таң­­ға­­жайыптары Ұлы Дала төсінде екін­ші рет өмірге келіп жатқандай. Тәуел­сіздігіміздің 25 жылы ішінде әр бағыт бойынша өткізілген халықаралық олимпиадалардың көрсеткіштері бо­йынша әлем мемлекеттерінің арасында еліміз 1998 жылы 50-ші орыннан, 2005 жылы 35-ші орыннан, 2015 жылы 12-ші орыннан көрінген екен. Мемлекетіміз­де дарынды ұрпақ баршылық, олар­дың білім көрсеткіштеріне көз сала оты­рып, өсіп келе жатқанын анық байқай­мыз. Біздің мектептерде жүргізілген сауал­намалардың нәтижесіне сүйенсек, математика+физика, биология+хи­мия, математика+география, био­ло­гия+география, шет тілі+тарих, тіл-әде­биет+тарих пәндері кіретін мамандықтарға сұраныстар көп болатын сияқты. Яғни, білім беру құрылымын сақтай отырып, оқушы­ларды сұранысқа орай іріктей оқытса деген ой туады. Сонда, мектеп бітіру­шілердің таңдаған мамандығына оқуға түсуіне де және оны бітіріп, алған маман­­дығына сай орналасуына да ың­ғай­лы болар еді. Біздің облысымыз білім сапасының көрсеткіштері бойынша республикада алдыңғы лекте келе жатқаны белгілі және білім беруді дамытуда жеткен жетістіктері жоғары деңгейде. Десек те, қабылдануы тиіс «Білім туралы» заң жобасына енгізілген өзгерістерді іске асыруда біраз қиындықтар кездесеті­нін ұстаздардың пікірлерінен байқауға болады. Айталық, біріншіден, шағын ауылдардың мектептеріндегі балалар ағылшын тілі былай тұрсын, орыс тілін де білмейді. Бастауыш сыныптарда баланы ана тілінде оқытқан жөн. Осы сыныптарда баланың ақыл-ойы мен дүниетанымының негізі қаланады. Үш тілділік енген жағдайда ата-ана шет тіліне көбірек назар аударады. Ал бала­ларын қазақ мектебіне беру арқылы өздері де қазақ тілін үйрене бастаған орыс тілді қазақтар баласына ағылшын тілін үйретуді басты назарда ұстайтын болады. Үштілділік енгізілетін бол­са, мамандар мәселесі туындайды. Екіншіден, оқу сауаттылығы бойынша тап­сырмалар қайдан алынады, жас ерекшеліктері ескеріле ме, қандай мәтіндерге рұқсат етіледі? Үшіншіден, «Алтын белгі» иелеріне және халықаралық ғылыми жоба­лар бай­қауының жеңімпаздарына ҰБТ-да жеңілдік берілгені немесе мүлде босатылғаны абзал. Төртіншіден, функ­ционалдық сауаттылыққа тапсырмалар толық енгізілсе дейміз. Бесіншіден, ҰБТ-ға қарастырылған уақытты тым құры­ғанда жарты сағатқа ұзарту қажет. Соны­мен бірге, тест тапсырмалары кітап­­­ша­сын қазірден бастап таратқан жөн. Өйт­­кені, бірнеше дұрыс жауабы бар сұрақ­­тарға жауабын алдын ала да­йын­­­дап, оқушы біраз жаттығуы керек. Биз­неске немесе кәсіпкерлікке бағыт­­тал­ған жоғары сыныптарда курс­тық пәндер енгізілсе, оқушылар еңбек­ке ұм­тылар, тілді меңгерер, оған қоса эко­­но­­мика мен қарым-қатынас этика­сын да қалыптастырар деген ұсыныстар бар. Мектептерімізде жаңа өзгерістерге байланысты, оқытудың тиімді жолдары мен әдіс-тәсілдерін іздестіру жұмыстары кең көлемде жүргізіліп отырады. Елбасы алға қойған міндеттер заман талабына сай орындалып келеді және орындала беретініне сеніміміз мол. Ошақбай СУХАНБЕРЛИН, Білім беру ісінің құрметті қызметкері ҚАРАҒАНДЫ