мемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алынған «Боржақты – Ерсай» және «Алматы-1 – Шу» жобалары сәтті жүзеге асты
Ел экономикасын өркендетуде, инфрақұрылымды дамытуда жаңалық болып енген «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында бірнеше салада қыруар шаруалар атқарылды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың дәстүрлі Жолдауынан бастау алған бағдарлама көптеген игіліктердің бағдаршамы болып тұр. Көлік логистикасын ілгерілетуде де ілкімді істер жалғасын табуда. Соның ішінде темір жол бағытында қолға алынған қос жобаны сөз етсек.
Расында, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы еліміздің шығысында – логистикалық хабты, батысында теңіз инфрақұрылымын дамытуға зор күш-жігер жұмсауда. 2014 жылғы қазанда басталған Боржақты – Ерсай темір жол желісінің құрылысы Құрық теңіз портындағы паром кешенінің индустриялық жобаларын жүзеге асыруға, инфрақұрылымын қалыптастыруға дем берері сөзсіз.
Батыс бағдардағы Каспий теңізі айлағының әлеуетін дамытатын бұл нысанды мамандар ғасыр жобасына балауда. Ол «Маңғышлақ – Өзен» магистралімен түйісіп, паром кешені орналасқан Құрық портына апарады. Қазіргі таңда теңіз жағалауы алып құрылыс алаңына айналған. Бүгінде нысандарға қажетті топырақ төсеу жұмыстары аяқталды. Биыл екі су жүргізу құбыры мен көлік өткізу жолы салынды. Жолдың үстіңгі қабатына 22 шақырымға қажетті рельс торкөздері жинақталды. Оның 16,6 шақырымы басты жол болып саналады. Онда 19 бағыттауыш бұрма төселді.
Жол жиегіне ВЛ-10 кВ электрмен қамту желісі орнатылған. Жиырма тоғыз шақырымға созылатын электр сымдары тартылды. Белгі беру және байланыс жүйесіне «Ebilock-950» қондырғысын орнату жұмыстары аяқталды. Белгі беру және байланыс жүйесі пойыз қозғалыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, теміржолда апатты жағдайлардың алдын алуға қызмет көрсетеді.
Ұзындығы он төрт шақырымға ғана созылатын жобаның құны 10 миллиард теңгенің шамасында. Оның басым бөлігі Ұлттық қор қаржысы есебінен жұмсалып отыр. Қазақстан үшін екінші теңіз қақпасы Құрық порты бой көтерсе, Боржақты – Ерсай бойымен Еуропа жүктері жеткізіліп, көк теңіз арқылы әлем елдерінің тауарлары тасымалданады. Осылайша, еліміздің транзиттік әлеуеті артып, Ұлы Жібек жолы қайта жаңғырады. Ал қазіргі қызу еңбек мұның бастамасы ғана.
«Алматы – Шу» теліміндегі екінші жолға келсек, мұның елімізді транзиттік-көліктік, сауда, халықаралық деңгейдегі іскерлік хабына айналдырудағы маңызы айрықша екенін айтуға тиіспіз. Аралықтағы өткізу жиілігін еселеп арттыратын жобаның құрылысын «Жол жөндеуші компания» мен «Жол жөндеу» ЖШС атқаруда. Ұзындығы 124 шақырым болатын жобаның құны 40 миллиард теңгеге жетіп жығылады.
Қазіргі таңда 30 мың текше метр топырақ қабаты сыдырылып, 73 мың текше метр топырақ қабаты төселді. Жолды айналып өтуге арналған электрмен жабдықтау, белгі беру және байланыс құрылғылары қайта құрастырылып, жабдықталуда. Төрт көпір мен шағын жасанды ғимараттар құрылысы салынды. Ақтөбе рельс-арқалық зауытының өнімдерін жеткізу қарқынды жүріп жатыр. Алғашқы өткізу кешені осы жылы ашылмақ.
Жолдың іске қосылуы Парсы шығанағы, Еуропа және Түркия елдеріне транзиттік вагон ағынын арттырады деп күтілуде. Құрылыс пойыздар қозғалысын ұйымдастыруда «тар» орындарды жойып, тасымалдау үдерісінің тиімділігін арттыру мақсатында қолға алынған болатын.
Нысанның стратегиялық маңызын айтсақ, аталған желіде жүктеме жылдан-жылға арта түсуде. Жаңа маршруттар болса қосылған үстіне үздіксіз қосылып жатыр. Жолаушылар пойыздарының жиілігі артқан. Осы магистральдан «Тұлпар-Тальго» жүрдек пойызының күн сайын 6-7 контейнерлік құрамы өтеді екен.
Ғасырдан астам уақытқа созылған Қазақстан теміржолының тарихында соңғы жиырма бес жылдың орны бөлек. Қысқа мерзімде салынған темір жол тараптары ұлан-ғайыр Қазақстанның төрт құбыласын түгел бір-бірімен байланыстырып, тәуелсіз экономикамыздың тамырларына толық қан жүгіртті. Сонымен бірге, төңірегі тек құрлықпен шекараласатын Қазақстан тұңғыш рет Парсы шығанағы арқылы әлемдік мұхитқа жол ашты. Бұл сияқты биік межелердің ел мерейіне қызмет ететініне сенім мол.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»