• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
07 Желтоқсан, 2016

Лайықты еңбекке - лайықты марапат

478 рет
көрсетілді

Бүгін Астана қаласында «Ауыл» ХДПП-ның ұйымдастыруымен ауыл тақыбырына арналған жас ақын-жазушылар арасындағы «Ауылым – алтын тұғырым» конкурсының жеңімпаздары марапатталды. «Ауыл» партиясы тарапынан Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай арнайы ұйымдастырылған «Ауылым – алтын тұғырым» конкурсына шығармалар 1 жыл бойы қабылданған. Шараны «Ауыл» партиясы «ҚазКонтент» АҚ-ның «Әдебиет» порталымен бірлесіп ұйымдастырды. Әдеби-онлайн конкурсына барлығы 219 шығарма келіп түскен. Оның ішінде 18 шығарма драматургия жанры бойынша, 79 туынды – проза жанры бойынша және 122 еңбек поэзия жанры бойынша тіркелген. Конкурсқа келіп түскен шығармаларға арнайы құрылған қазылар алқасы баға берді. Қазылар алқасының құрамында Парламент Сенатының депутаты, журналист, белгілі жазушы Жабал Ерғалиев, Қазақстаның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, драматург  Рахымжан Отарбаев, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, жазушы драматург Роза Мұқанова, жазушы-ғалым Жолтай Әлмаш, ақын, жазушы, композитор Ерқожа Әлқожаұлы және жас ақын-жазушылар – Бауыржан Қарағызұлы, Ербол Бейілхан, Талғат Ешенұлы сынды азаматтар болды. «Ауыл» ХДПП-ның төрағасы Ә.Бектаев жиын барысында: «Сайыстың жариялы түрде, заманауи үлгі – әлеуметтік желіде онлайн түрде өтуі – шығармашыл жастарымызға шабыт бітірді. Еліміздің әр түкпірінен барлығы 220-дан астам жас ақын-жазушылар бақ сынады. Республикалық деңгейде өткізіп жатқан конкурс тіпті халықаралық деңгейге дейін көтерілді. Келіп түскен шығармалар арасында Қытай, Монғолия, Өзбекстандағы қандастарымыздың туындылары бар», – деді. Айта кету керек, бірінші орын иегеріне 500 мың теңге, 2 орынға 300 мың теңге, 3 орынға 200 мың теңге көлемінде сыйақы тағайындалған. Сонымен қатар сапалы шығармалардың өте көп болуына байланысты қазылар алқасы әр жанр бойынша қосымша арнайы жүлде тағайындауға шешім қабылдады. Барлық жеңімпаздар арасынан ең үздік шыққан шығарма иесіне тағайындалған «Алтын тұғырды» «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев табыстады. Партия төрағасының айтуынша, осы сайысқа келіп түскен шығармалардың барлығы жинақталып, проза, поэзия және драматургия жанрлары бойынша бөлек кітап болып, бастырылып шығарылады. Поэзия номинациясы бойынша Ұларбек Дәлейұлы, Дәурен Берікқажы, Адал Қалиұлы жүлделі болды. Ілияс Мұқайұлына Тұманбай Молдағалиев атындағы сыйлық, Айжан Табаракқызына Фариза Оңғарсынова атындағы сыйлық, Алтынқадыс Күнтуғанұлына Есенқұл Жақыпбеков атындағы сыйлық берілді. Проза номинациясында Өміржан Әбдіхалықұлы, Мақсат Рамазанұлы, Есболат Айдабосынұлы үздік деп танылды. Күлтегін Аспанұлына Сайын Мұратбеков атындағы, Қанат Әбілқайырға Тәкен Әлімқұлов атындағы, Мұрат Алмасбекұлына Сәкен Жүнісов атындағы арнайы жүлделер берілді. Драматургия номинациясында Манарбек Қыдырбай, Алмас Мырзахмет, Әскерхан Ақтай жүлделі болды. Асқар Тоқпанов атындағы арнайы жүлде Мінәйхан Салтанатқа, Қалтай Мұхамеджанов атындағы сыйлық Айсұлу Жолтайқызына, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы сыйлық Маржан Ершуге бұйырды.   Жолдыбай БАЗАР, "Егемен Қазақстан".