• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
25 Мамыр, 2017

Қазақ киносы неге дәстүрді ұлықтай алмайды?

254 рет
көрсетілді

Бір жылдары Қазақстанның мә­дениет күндері аясында Үндістанға сапарлап бардық. Көнеден көнермей жеткен мәдениеті, өнердің қай түрінен де әлемдік өркениетке қосар қомақты үлесі бар, бай тарихты, жер жүзіндегі жәдігерлер бесігінің бірі Үндістанға табан тірегенде таңданарлық қай­шылыққа тап болғанбыз. Сенің санаңда қалып­тасқан бай мәдениет, өр­кениет, ежелгі дәстүріне сызат түс­пеген ғажайып әлемге кереғар тір­шілік – қағаз жәшіктерден үй жасап, көшеде туып, көшеде тұрып жатқан халық менмұндалап алдымыз­дан шыққан. Тілім өкше ересек, кір қожалақ бала, қол жайған қайыр­шыдан аяқ алып жүре алмайсыз.

Ал киносын көрсең одан бай, одан дәстүріне берік, одан мәдениеті сақталған мемлекет жоқ сияқты. Тіпті, біздегі мәдениет министрінің ол жақ­тағы әріптесі де мәдениет және кедейшілікпен күрес министрі деп аталады екен. Жоғарыдағы түсінікті санаңа қалыптастырып, Үндістанның қиялыңдағы ғажайып келбетін жасап берген тарихтан оқып білгеніңмен қатар үнді кинолары десем келісетін боларсыздар. Содан отырып осы үнділіктердің сериалдарын жамандай бергенше неге олардың жақсысын алмаймыз деген ой келген. Осы сериалдарда олар өздерінің әдет-ғұрыптарын қалай жымдастырып, әдемі көрсетеді. Қазір қазақ баласы «Дивали» «Ракшабандхан» сынды мерекелердің қалай тойланатынын, «Ракшабандханда» қарындасының ағасын жын-пәлекеттен сақта деп білегіне жіп білезік-ракха тағатынын, ал ағасының өмір бойы қарындасыма қорған болып жүремін деген уәдесімен бірге сый тартатынын, келіннің босаға аттағанда қалай қызыл табанға боялатынын, қалай пұтқа жалбарынатынын жадына тоқыды. Үндінің «жәлиби», «роти» сынды тамақтарының атын біліп, ақ түсті сариді кім киетінін, кім тағым тағып, кім тақпайтынын (жесірлерге әшекей тағынуға, түрлі-түсті сари орануға болмайды) біліп алды. Ал бізде жоқ па екен өзгеге көрсететін тамаша ғұрыптар?  Күні бүгін егер де қазақ дәстүрі экран­ға жолдама ала қалса, ол этно­графиялық сипаттағы танымдық деректі фильмдермен ғана шектеледі. Сонда деймін-ау, қазақ өзінің сонау ата-бабасынан бүгінге жеткен өзіндік бітімі мен мәдениетін көрсететін дәстүрлерін тұрмысынан ысырып тастап па? Жоқ. Өмірге бөбек келсе шілдеханасы, әйелге берер қалжасы, баланың мойыны қатайсын деп мойын мүжіп, оны іліп қоятыны, баланы бесікке салуы, тұсауын кесуі, тілашар өткізіп, тоқымқағар жасауы, сүндетке отырғызуы мен келін түсіріп, қыз ұзатуы сынды көптеген дәстүрлі шаралармен қатар, өмір бар жерде өлім бар дегендей жаназаны өткеруінің өзі халықтың мәдениетінің көрінісі іспетті емес пе?! Егер де осылардың барлығы қазақ киносында орын алса, газетіміздің колумнисі, кинотанушы Нәзира Рахманқызы: «Кейде «мына фильмнің кинотілі керемет екен» деген пікірді жиі естимін. Ал сол фильмді көрсеңіз, онда Тарковский де, Феллини де, Тарантино да, т.б. бәрі жүруі мүмкін. Тек қазақ жоқ. Жо-о-қ, кейіпкерлері – қазақ, оқиғалары Қазақ елінде өтіп жатады. Бірақ, кейіпкерлерінің есімін Джон, Джессика, Елена, Егор, Барбара деп өзгертсе де, жаңағы фильм аса өзгеріске ұшырай қоймайды. Себебі, Серік немесе Айгүлдің Джон немесе Джессикадан ерекшеленіп тұратын қасиетін, іс-әрекетін көре қоймайсыз. Тіпті, ол кейіпкер Джон да, Джессика да емес. Бірақ, қазақ та емес. Не жерде, не аспанда жоқ, әйтеуір «қалықтап жүрген» түсініксіз біреу.... Қысқасы, «әлемді шарлап барып», содан соң ғана қазаққа оралғысы келеді... Қазіргі отандық киноның, әсіресе, жастар киносының басты «дерті» де осында болуы керек», деп жазбаған болар еді. Колумнис еш қатесі жоқ, қос қолыңды бірдей көтеріп қолдайтын пікірді жеткізді.  Өзбек режиссерінің «31 арнада» «Супер келін» атты фильмі көрсетілді. Бүгінгі замандағы қалада өскен жастардың боулинг ойынындағы бәсінен басталып, аяғы екі жастың үйленуіне ұласқан фильміндегі кейіпкерлерді басқа ұлттың баласымен еш шатыстырмайсыз. Оларда да беташар дәстүрі бар екен, оларда да келін мейманға сәлем салады, бірақ сіз одан өзбек дәстүрін көресіз. Базарындағы саудасы, ауласының ертемен сыпырылуы т.с.с. өзағамның өзіне тән бітімі әзілмен өріліп, дәстүрмен қиюласып тамаша көрсетілген. Бізде де келін жайлы фильм түсірілді. Бірақ оны бетті баспай көре аламыз ба? Бұл келіннің бойынан ұлттық қасиетті де, келін атауымен қоса жүріп қадірлеген құндылықты да көрмейсіз. Келіннің ақ желегімен ақ босағаны аттағандағы ақ ниеттің күл паршасы шыққан. Сонда өзгенің кинодағы келіні «Супер келін», біздің «Келін» қандай келін? Қазақ киносы дәстүрге жаттығынан қашан арылады? Дәстүр мәдениетін кино тілінде сөйлетуге неге самарқаумыз?

Анар  ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»