Жыр мерекесіне өнер жұлдыздары Алтынбек Қоразбаев, Мақпал Жүнісова, Қанат, Айткүл Құдайбергеновтер қатысып, ақын сөзіне жазылған әндерді орындады. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Досанов, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаттары Ақұштап Бақтыгереева, Қасымхан Бегманов, облыс әкімі Нұрлан Ноғаев 70 жастың биігіне шыққан мерейтой иесіне лебіздерін арнап, сый-құрмет көрсетті. Осы күні сондай-ақ, Серік Тұрғынбекұлының «Мұқағали» драмасы Атырау облыстық Махамбет атындағы қазақ драма театрында қойылды. «Осы қойылым қай сахнада болсын әрқайсысы бір-біріне ұқсамайтын айрықша сипатқа ие болады», деп атап өтті Серік Тұрғынбекұлы. Мұқағали ақынның шығармашылығы мен өмір жолынан сыр шертетін драманың режиссері – Жанат Телтаев, суретшісі – Темірбек Мұхтаров. Жайық жағасындағы жұрттың өнер мен өлеңге деген құрметін айрықша бағалаған жазушы Сәбит Досанов: «Ақындары әкімдерін іздесе, ондай елдің маңдай соры бес елі, әкімдері ақындарын іздесе, бақыт нұрын кешеді. Атыраудың қазақтың ұлан-байтақ өлкесінде алатын орны ерекше», деп ризашылығын білдірді.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ